Құрылтай

Әр іздің ақиқаты бар

5

0

Полиция қызметінде криминалист мамандығының орны бөлек. Қылмыс орнындағы әрбір із бен айғақтың өзіндік сыры бар. Ал сол сырды ашып, көзге көрінбейтін деректерді сөйлету – криминалистің міндеті. Бір қарағанда байқала бермейтін ұсақ бөлшектердің өзі қылмыстың мән-жайын анықтауға, оқиғаның шынайы картинасын қалпына келтіруге жол ашады.

Қызылорда қалалық Полиция бас­қармасының жедел кримина­листика бөлімінің криминалисі, по­лиция лей­тенанты Қайрат Үмбет­ов үшін бұл – жай ғана қызмет емес, үлкен жауапкершілік пен кәсіби ізденісті талап ететін жұмыс.

Криминалистің жұмысы оқиға орнына барудан басталады. Мұнда әрбір секунд пен әрбір деталь ма­ңызды. Көрінетін іздер, микро­бөл­шектер, заттардың орналасуы, сау­сақ іздері және басқа да айғақтар мұқият зерттеліп, белгіленген тәр­тіппен тіркеледі. Өйткені қылмысты ашуда болжамнан гөрі нақты дә­лел­дің маңызы зор.

– Криминалистика – ғылымның өзі. Мен білім алған академияда студенттерді учаскелік полиция инспекторы, тергеуші, криминалист секілді мамандықтарға баулиды. Сол кездің өзінде таңдауым крими­налистикаға түсті. Осы мамандықты таңдағаныма өкінген емеспін. Кри­миналистика қылмыстың себебін, қылмыскердің ойы мен психоло­гия­сын зерттеумен қатар, оқиға орнын­да тергеушінің ең басты көмекшісі болуға мүмкіндік береді. Біздің не­гізгі міндетіміз – дәлелдемелерді жинақтап, қылмысты ашуға ықпал ету. Ал атқаратын жұмысымыздың өзегі – зерттеу, – дейді Қайрат Тал­ғатұлы.

Маманның айтуынша, кримина­листің кәсіби жолындағы басты үш тірек бар. Оның біріншісі – адам­гершілік, екіншісі – білім, үшіншісі – қызметке деген адалдық. Осы қасиеттер ұштасқанда ғана маман өз ісінің шеберіне айналады.

Криминалист оқиға орнындағы үнсіз айғақтарды сөйлетіп, әрбір ізден ақиқат іздейді. Оның жұмысы тергеу барысына тың серпін беріп қана қоймай, қылмысты ашуға, кі­нәліні анықтауға және жазықсыз жанды қорғауға ықпал етеді.

Әділдік жолындағы мұндай қыз­мет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал әр іздің артында ақиқат тұр­ғанын жақсы түсінетін Қайрат секілді кәсіби мамандар үшін бұл – мамандық қана емес, ел қауіпсіз­дігіне қосылған маңызды үлес.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»