Құрылтай

Оқушылар шекара қызметінің қыр-сырын меңгеріп жүр

2

0

18 тамыз – Отан шебін күзетіп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген шекарашылардың кәсіби мерекесі. Бұл бағытта қызмет етіп жүрген шекарашылар ел тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауға өз үлестерін қосып келеді. Айтулы мереке қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Застава тарландары» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Асан Худояров шекара қызметінің маңызы мен сала ардагерлерінің еңбегіне тоқталды.

Оның айтуынша, шекара қызме­ті – жоғары жауапкершілікті, қы­рағылықты және Отан алдындағы шынайы адалдықты талап ететін абыройлы міндет. Ел шебін қорғаған азаматтардың ерлігі мен табан­ды­лығы кейінгі ұрпаққа үлгі.

– Қазіргі таңда шекара қызметі­нің жұмысына қызығушылық таны­татын оқушыларға арналған 10 үйірме тұрақты түрде жұмыс атқа­руда. Аталған үйірмелерді Шиелі, Қуаңдария және Байқоңыр шекара бөлімдерінің офицерлері бірге ұйым­дастырады. Онда оқушылар ше­кара қызметінің ерекшеліктері мен негізгі бағыттары туралы жан-жақты біле алады. Сонымен қатар қала аумағындағы мектептерде де­партамент офицерлері арнайы са­бақтар мен практикалық кездесулер өткізіп тұрады. Сабақ барысында оқушыларға шекараны қорғау, із кесу және ізді анықтау, кинология, қызметтік иттерді пайдалану, ше­кара қызметінің тактикасы және бас­қа да арнайы бағыттар бойынша теориялық және практикалық ақпа­рат беріледі, – деді Асан Беркім­бек­ұлы.

Үйірмелердің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің бойында Отанға сүйіспеншілікті, патриоттық сезім­ді, тәртіптілік пен жауапкершілікті қалыптастыру, сондай-ақ оларды әскери қызметке және шекарашы мамандығына бағыттау. Оқушылар шекара қызметінің күнделікті жұ­мысымен танысып, офицерлерден тікелей тәжірибелік білім алады. Бүгінгі күні аталған үйірмелерге 200-ге жуық оқушы тіркеліп, тұ­рақты түрде қатысып келеді. Бұл жұмыс жастардың әскери-патриот­тық бағытта тәрбиеленуіне және ма­мандықты дұрыс таңдауына оң ықпал етеді.

Спикердің айтуынша үйірме­лер­ге белсенді қатысатын, оқу үлгерімі мен тәртібі жақсы, әскери қызметке қызығушылығы жоғары оқушы­лар­дың алдағы уақытта Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық қауіпсіздік ака­демиясына оқуға түсу мүмкіндігі жоғары. Осы бағыттағы жүйелі жұ­мыс жас ұрпақтың бойында ел қа­уіпсіздігіне жауапкершілікті артты­рып, болашақта білікті әрі кәсіби шекара қызметкерлерін даярлауға септігін тигізеді.

«СБ» ақпарат