Құрылтай

Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі

66

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай, Бағдат Есжанов

Жыл жарымынан ауды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар ірі жоба бастау алды. Тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар да нәтижесіз емес. Әйтсе де алда тұрған ауқымды міндеттер бар.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев сол міндеттер мен қолға алған бастамалар туралы облыстық «Сыр бойы» және «Кызыл­ордин­ские вести» газет­терінің бас редак­тор­ларымен сұхбат барысында кеңірек баяндады.

Қуат Шарабидинов: – Мұрат Нәлқожаұлы, алдымен облыстық басылымдар арқылы оқырмандарға ой бөлісуге уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет!

Қазақтың арғы-бергі тари­хында талай тарихи шешім қа­былданған Сыр елінде биылғы жыл басында бесінші әрі қо­ры­тынды Ұлттық құрылтай өтті. Осы алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа мен Парламентті Құрылтай атауы­мен атау туралы тағдыршешті пікірін айтты. Сонда Президент: «Ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаралар енді басталды», – деген болатын. Әділеттілікті үндейтін жаңа қоғамның тың талаптары туралы қандай ой бөлісесіз? Алдымен әңгімемізді осыдан бастасақ…

– Тарихи сәйкестік тектен-тек келмесе керек. Осыдан бір ғасыр бұрын алғашқы астана атанып, қазақ атын қайта жаңғыртқан Қызылорда қаласында биыл бесінші Ұлттық құрылтайдың шақырылуы, шын мәнінде, тарихи оқиға болды. 1925 жылғы  Ақмешіт Алқасы мен Қызылордада өткен Құрылтайдың арасындағы бұл тарихи сабақтастық болашақта өз жемісін беріп, халық игі нәтижесін көрері анық.

 «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент қала­лары­ның орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өрке­ниеті болғанын аңғартады. Қы­зылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша», – деген Мемлекет бас­шы­сы Ұлттық құрылтайда облыс­тың қазіргі жарқын жетістіктері туралы да дәйекті мысалдар кел­тіргенін білесіздер. Прези­дентіміз жиында Қызылорда облысының даму бары­сына тоқталып, сол кезеңдегі облыс басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевқа ризашы­лығын білдірді. 

Мемлекет басшысы айрықша атап өткендей, шынайы еңбектің шыңына шыққан тұлғалар да осы өңірдің мақтанышы саналады. Сол жолды лайықты жалғастыру әр­біріміз үшін сын екенін де ұмытпаған жөн деп ойлаймын.

Одан беріде мемлекет дамуының нақты бағытын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат – Қа­зақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Пре­зидентіміз алдағы 23 тамызда Құрылтай сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін үлкен науқандарда ауызбірліктің үлгісін көрсетіп келген Сыр халқы осы саяси науқанда да азаматтық ұстанымдарын танытып, белсенділік көрсетеді деп сенемін.

Ботагөз Ажарбаева: – Осы жылдың 21 мамырында Мемлекет басшысының қабылдауында бо­лып, өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық көрсеткіштері мен алдағы даму жоспарын баян­дадыңыз. Президент экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, экологиялық ахуалды ілге­рілету және ауыл шаруашылығы­на су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жалғас­тыруды тап­сырды. Бұл тұрғыда не айта­сыз?

– Мемлекет басшысының тап­сырмасын мүлтіксіз орындау – басты міндетіміз. Сондықтан ай­мақтың өркениеті өрістеп, көркі келіскен өлкеге айналуына бар ынта-жігерімізбен қызмет етуде атқаратын шаруаларымыз алда көп.

Бүгінде өңір экономикасы тұрақты дамуда, макрокөрсеткіштердің өсімі қалыптасуда. Облыс бюджетінің кө­лемі 809,6 млрд теңгеге жетіп, өзінің әлеуметтік бағыттылығын сақтады.

Аймақта инвестициялық ахуал жақсарып, кәсіпкерлік қарқынды дамуда. Бұл – өңір экономикасының тұрақты өсімінің және халықтың әл-ауқаты артуының негізі.

Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі

Қазір «Қорқыт ата» арнайы эко­номикалық аймағын өндірістік жоба­лармен толықтыру мақсатында әле­уетті инвесторлармен белсенді ке­ліс­сөздер жүргізілуде. Өңірдің ре­сурстық, еңбек және геогра­фия­лық әлеуеті, сондай-ақ әле­ует­ті инвес­торлардың қызығу­шы­лығы ес­керіле отырып, эко­но­ми­калық аймақ аумағында жүзеге асы­рылуы мүмкін 18 басым­дыққа ие қызмет түрі айқындалды.

Бүгінде Экономикалық аймақ аумағын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында тиісті техникалық-экономикалық негіздемені және жоба-сметалық құжаттаманы әзір­леу жұмыстары жүргізілуде. Ин­женерлік инфрақұрылым жұ­мыстарын осы жылы бастап, ке­лесі жылы аяқтау жоспарлануда.

Өздеріңізге мәлім, ұзақ жылдар аймақ дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан мұнай-газ саласының өсімі кейінгі жылдары кідіріске ұшырады. Осыдан 13 жыл бұрын облыста жылына 11 млн тонна мұнай өндірілсе, табиғи сарқылудың салдарынан өткен жылы өндіріс көлемі 3 млн тоннаға дейін азайған.

Инвестиция тарту және жаңа жобаларды іске асыру – әкімдіктің негізгі басымдықтарының бірі. Алдағы үш жылда экономиканы әртараптандыру мақсатында құны 1,9 трлн теңгені құрайтын 48 жобаны жүзеге асыру жос­пар­лануда. Осы жылға жоспар­ланған 21 жобаның 8-і алғашқы 7 айда іске қосылды. Мысалы, «Марал Нұр» серіктестігінің жолаушылар вагондарын жөн­деумен және техникалық қызмет көрсетумен айналысатын жаңа кешені жылына 600-ден астам вагонға техникалық қызмет көрсетуге, 100 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі

Аралдағы «Тоғыс-Аралотын» серіктестігі жылына 40 тонна жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру және жылына 20 мың дана мотоцикл құрастыру зауыттарын іске қосты. «Qazaq Camel» компаниясы жылына 400 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауыт ашты.

Жыл соныңа дейін әк, 2 авто­клавты газоблок, тауарлы балық өсіру, жүгері кептіру және сақтау қоймасы, желдету және ауаны баптау қондырғыларын құрастыру, гофрленген картон және картонның тегіс қабатын өндіруге арналған қағаз өндірістері іске қосылады.

Сондай-ақ Жалағаш ау­да­нында швейцариялық «ХарвестАгро» компаниясымен бірінші кезеңде 7 мың гектар алқапқа жүгері және мақсары егуге бағытталған агро­кластер құру жобасы іске қосылады. Сонымен қатар, тауарлы сүт фермасы мен 2 заманауи қонақүйдің құрылысы аяқталады. 

Алдағы кезеңде облыс эко­номикасын одан әрі дамыту мақса­тында бірқатар ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Мысалы, Жаңақорған ауданында «HongDa» компаниясының қор­ғасын-мырыш кенін байыту фаб­рикасы, «Alpecon Group» компа­ниясының қызанақ пастасын өндіру, ал Қызылорда қаласында «Fabe-Agro» және «Мелиоратор» ком­пания­ларының заманауи жылы­жай кешендері, «Қызылорда Цемент» компаниясының цемент зауыты бо­йынша құрылыс жұмыстары бас­талады.

Бұған қоса, энергетика саласында «Самрұқ-Энерго» және Қатардың UCC Holding компанияларымен  қуаты 1,1 ГВт болатын бу-газ қон­дырғысы электр станциясын салу, сондай-ақ испандық «Roca group» компаниясымен санитарлық-тех­никалық бұйымдар өндіретін жо­ғары технологиялық зауыт салу жобалары бойынша құрылыс жұ­мыстарын бастау жоспарлануда.

Сонымен бірге, 50-ден астам перспективалық жобалар болып есептелетін полипропилен, каус­тикалық сода, лак бояу өнімдері, ПЭТ-преформ сияқты бірқатар жоғары технологиялық жаңа бас­тама бойынша да жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Жалпы, аймақта инвестициялық ахуал жақсарып, кәсіпкерлік дамуда. Бұл – өңір экономикасының тұрақты өсімінің және халықтың әл-ауқаты артуының берік негізі. Жүзеге асы­рылып жатқан және жоспар­ланған инвестициялық жобалар өңірдің жаңа экономикалық өсу нүктелерін қалыптастырады. Әсіресе, энер­гетика, агроөнеркәсіптік кешен, құ­рылыс индустриясы және машина жасау салаларында жаңа өндірістік кластерлерді қалыптастыруға, қо­сылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашып, салық базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы өңірімізде уран өндіру саласын ұзақ жылдар бойы тұрақты дамытып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, өндірістік әле­уетті арттыруға және облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Компа­нияның демеушілігімен 2,1 млрд теңгеге жуық қаражатқа Жаңақор­ған, Шиелі аудандарынан 2 спорт кешенін, ауылдық клуб және емхана салу жоспарға алынған. Сәтін салса, биыл осы жобалардың құрылысы басталады.

Қуат Шарабидинов: – Ауыл шаруашылығы демекші, осы са­ланы қолдау және дамыту ба­ғы­тында, әсіресе су үнемдеуге қа­тысты қандай бастамалар бар?

– Біздің өңіріміз үшін де су мәселесі өте өзекті екені белгілі. Ендігі талап – егін шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу техно­логиясын батыл енгізу.

Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі

Биыл аграрлық секторды қол­дауға бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты. Оның ішінде субсидиялауға 25,7 млрд теңге бөлінді.

Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 245,9 млрд теңгеге жеткізу, негізгі қорына 55,2 млрд теңге инвестиция тарту межеге алынып отыр. Осы жылдың 6 айында ауыл шаруашылығында 34,9 млрд тең­генің өнімі өндіріліп, өсім көр­сеткіші 3,9%-ға артты. Саланың не­гіз­гі қорына тартылған инвестиция көлемі 1,9 есеге артты.

Қазір егісті әртараптандырудың маңызы зор. Осыған орай суды көп қажет ететін күріш көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылып, орнына май­лы, малазықтық дақылдар егіліп, дәнді жүгерінің көлемі 10 мың гектарға жеткізілді. Осылайша дәнді жүгерінің көлемі 5 есеге артты. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда егін көлемі 7,1 мың гектарға артып, 193,7 мың гектарды құрады. Біз алдағы уақытта егісті әртараптандыру бағытын мұқият бақылайтын боламыз. Осының негі­зінде тапсырмаға сай 2026-2028 жылдарға арналған жүгері егіс алқаптарын ұлғайту жол картасын қабылдадық. 

Ал су үнемдеу технологияларын пайдалану өткен жылы 8,1 мың гектарды құраса, биыл 14,2 мың гектарға жетті. Жалпы 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу алаңдарын 34,2 мың гектарға жеткізу жоспарда бар. Бұл егіншілік мәдениетіне жақсы өзгеріс әкеледі.

Қазақ – ежелден мал баққан халық. Төрт түлік мал басында өсім бар. Сол түліктердің асыл тұқымын көбейту, өнімділікті арттыру қазір­гідей бәсекелестікте өте маңызды. «Игілік», «Береке» жеңіл­детілген несиелік бағдарламалары мал сатып алуға мұрындық болуда. Ал «Жайлау» жеңілдетілген не­сиелік бағдарламасының пилоттық жобасына Қызылорда облысын қосу жөнінде ұсыныс әзірленуде. 

Осы жылдың 6 айында ет өндірісі 4,1%, сүт өндірісі 4,9%, жұмыртқа өндірісі 8,8% пайызға артты. Айта кеткен жөн, мал шаруа­шылығын дамыту перспективасы өте зор. Қа­зірдің өзінде мал шаруа­шылғы өнімдеріне шетелдерден сұраныс жоғары. Жыл сайын малды экс­порттау өсіп келеді. Биыл Өзбек­станға 1479 бас қошқар тірілей экспортталды. 2025 жылы 869 бас экспортталған. Жаңақорған ауда­нында жуырда іске қосылған «Абдулла» серіктестігінің құс фа­бри­касы аз уақытта 180 тонна құс етін өндіріп, оның 108 тоннасын Қы­зылорда, Шымкент, Астана, Алматы қалаларына сатуға шы­ғарған. Сондай-ақ осы аудандағы «Қожамберді батыр» мал сою және ет экспорттау орталығы бордақылау алаңына есептік нөмір алып, Өзбек­стан мемлекетіне алғаш рет 1000 тонна қой етін экспорттауға 5 млн долларға келісім жасап отыр.

Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі

Жалпы, өңірдің агроөнеркәсіп саласына инвестиция тарту бойынша қарқынды жұмыс бар. Бұл орайда 2026-2028 жылдары іске асырылатын инвестициялық жо­ба­лардың Жол картасы бекітілді. Онда жалпы құны 172,5 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба енгізілген. Осы жылға белгіленген 8 жобаның 3-еуі пайдалануға берілді. Ірі жобалар санатында Шиелі ау­данындағы «Центр семеноводства» серіктестігінің 10 мың гектарға жүгеріні жаңбырлатып суару әдісімен егу, «Таң ЛТД» ЖШС-ның тамшылатып суару технологиясын қолдана отырып 3 мың гектар жүгері өсіру жобалары іске асырылуда.

Сонымен қатар, жыл аяғына дейін Қызылорда қаласындағы «Қызылорда НК Құрылыс» ЖШС-ның 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасы іске қосылады. «Қызылор­да крахмал-сірне зауыты» жүгері өңдеу зауытының бірінші кезеңі қазан айында аяқталады. Биыл 20 мың тоннаға лайық жүгері сақтау қоймасы мен астық кептіргіш орнатылады.

Әрине, әрбір жобаның артында жұмыс көзі бар, шығаратын өнім бар. Осының бәрінде су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, үнем­деу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру өзекті мәселеге айналады. 

Ұлттық құрылтайда да Пре­зи­дентіміз су еліміз үшін стра­тегиялық ресурс екенін, су мәсе­лесімен жүйелі түрде айналысу керектігін ескертті.

Аймақтағы 16 мың шақырымды құрайтын каналдар 1960-1970 жыл­дары пайдалануға берілген. Су шы­ғынын азайту мақсатында канал­дарды бетондауды қолға алдық. Осының негізінде жалпы құны 142,3 млрд теңгені құрайтын 68 каналға бетондау жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттама әзір­ленуде. Біз осы бастаманы жүзеге асыру арқылы үнемделетін 30 пайыз суды Арал теңізі мен көлдер жүйесіне бағыттай аламыз.

Ботагөз Ажарбаева: – Облыс бюджетінің 52 пайызы әлеумет­тік салаға бағытталған. Осының нәтижесі туралы айтыңызшы…

– Әрине, тұрғындар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орын­дау қай кезде де алғашқы орында тұрады. 

Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі

Балалардың жайлы ғимараттарда сапалы білім алып, халыққа сапалы медициналық көмектің қолжетім­ділігін қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орындарын құрып, халықтың табысын арттыру – басты міндетіміз.

Биыл білім саласына 302,2 млрд теңге қаржы қарадық. Айтулы жаңалығымыз – Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша орташа балл 74,9-ды құрап, республикада өңіріміз үшінші жыл қатарынан І орыннан көрінді.

Биыл оқушылардың білім жетіс­тіктерінің мониторингісі зерттеуіне аймақтағы 88 жалпы орта білім беру ұйымынан 6 мыңға жуық оқушы қатысып, республика бойынша 4 сынып оқушылары ІІІ орын, 9 сынып оқушылары ІІ орынды иеленді.

Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми зерттеу жобалары, респуб­ликалық пәндік олимпиадада оқу­шыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп, 2 оқушы жоғары оқу орнының білім грантын жеңіп алды.

Ауыл мектептерінің оқушы­ларына арналған республикалық пәндік  олимпиадада облыс коман­дасы «Ең үздік олимпиадалық ко­манда – 2025» номинациясын ие­ленді. Білімге салынған инвес­тиция еселеп қайтатынын жақсы біле­сіздер. Демек, бұл – жоғары нәтиже.

Балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту мақсатында биыл жылына 8400 баланы қамту мүмкіндігі бар «AI-Kerim» балалар білім беру-сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. Орталықта ғылыми-тех­никалық, жаратылыстану, эколо­гиялық, спорттық бағыттағы үйір­мелер жұмыс жасайды.

Өңірдің ғылыми-ағартушылық және туристік әлеуетін арттыру мақсатында жылына 14 мыңға жуық келушіні қабылдауға мүмкіндігі бар «Ботаникалық білім беру орталығы» ел игілігіне табысталды.

2027 жылы Қызылорда қаласы, Әл Фараби шағын ауданынан құны 6,9 млрд теңгені құрайтын бір мезетте 364 баланы, ал күніне 2000-нан аса баланы қабылдауға мүм­кіндігі бар инновациялық шығарма­шылық орталығы салынады деп жоспарлануда.

2026 жылға 55 жобаның құры­лысын жүзеге асыруға 177,3 млрд теңге бөлінді. Әсіресе әлеуметтік салаға ерекше мән берілуде. Атап айтсақ, денсаулық сақтау саласында 3 нысан, жұмылдыру дайындығы бойынша 1 нысан, инженерлік инфрақұрылым желілері 38 нысан­ның және сол жағалаудан 7 қабатты 84 пәтерлі 3 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ал спорт саласында 8 нысан жоспарланса, оның 6-уы және мәдениет саласында 2 нысан пайдалануға берілді.

Денсаулық сақтау саласы да басты назарымызда. Денсаулық сақ­тау ұйымдарын материалдық-тех­ни­­калық жабдықтармен қамта­масыз етуде 5,2 млрд теңгеге медициналық техникалар сатып алынуда.

Мемлекет басшысының тапсыр­масымен, Үкіметтің қолдауымен биыл облыс орталығында 54,3 млрд теңге қаржыға бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана және Титов ауданында ауысымына 400 келушіге арналған №5 қалалық емхана пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында құны 52,7 млрд теңгені құрайтын 200 төсек-орынға арналған пери­наталдық орталықтың және Сыр­дария өзенінің сол жағалауынан 14,7 млрд теңге қаржыға 500 келу­шіге арналған емхананың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі

Сонымен қатар, Арал қаласында 6,6 млрд теңгеге 250 ке­лушіге арналған емхананың құ­рылысы жыл соңына дейін бас­талады.

Өңірімізде өткен құрылтайда Мем­лекет басшысы салуды тап­сырған драма театр мен тәулік бойы жұмыс жасайтын 600 мың кітап қорын сақтауға арналған Пре­зи­денттік кітапхана құрылысы қар­қынды жүруде.

Үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында 6200-ден астам пәтер салу жос­парлануда. Бұл өз кезегінде 25 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесін шешетін болады.

Ботагөз Ажарбаева: – Мем­ле­кет басшысы спорт және ту­ризмді дамытуға үлкен мән беріп отыр. Кейінгі екі-үш айдың ен­ші­сінде бірақатар спорт нысан­ы ашылды. Бұқаралық спорт­тың ма­ңызы артты. Ал туристік ор­ын­дардың инфрақұры­лымын же­тіл­діруде қандай жоспарлар бар?

– Қазір облыс орталығында құны 20,5 млрд теңгені құрайтын 2500 орындық көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл кешенде спорттың бірнеше түріне арналған арнайы жаттығу залы, жабық бассейн, жаттығу-сауықтыру залдары, 300 орындық конференц залы бар.

Жалпы, спорт – қоғамды алға жетелейтін күш. Оның тұрғындар үшін  қолжетімділігі маңызды. Ай­талық, облыс орталығында 26 көп­қабатты тұрғын үйлердің аула­ла­рына құны 1,9 млрд теңгені құ­­рай­тын балалар ойын алаңдары салынуда.

Биыл сәуір айында Астанада өткен Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің қорытынды отырысында Президентіміз Сол­түстік Арал экожүйесін қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін жоғары бағалады.

Осы орайда, еліміздегі бірегей табиғи әрі ғылыми нысан – «Арал геопаркін» дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді. Жобаның мақсаты – Арал өңірінің табиғи-экологиялық, геологиялық, тарихи және мәдени мұрасын сақтау, ғылыми зерттеулерді дамыту, экологиялық туризмді ілгерілету және өңірдің әлеуметтік-экономи­калық дамуына серпін беру.

Талаптарға сәйкес «Арал гео­паркі» аумағында дайындық жұ­мыс­тары жүргізіліп, 4 туристік-та­нымдық маршрут әзірленді. Биылғы шілдеде Геопарк аумағында ха­лық­аралық сарапшылармен бірге жүр­гізілген негізгі бағалау жұ­мыс­тарының қорытындысымен «Арал геопаркін» ЮНЕСКО-ның 51 елді біріктірген Жаһандық гео­парк­тер желісіне енгізуге қатысты нақты шешім ұсынылатын болады.

Оң шешім қабылданса, «Арал геопаркі» Қазақстандағы халық­аралық деңгейде мойындалған ал­ғашқы жаһандық геопарк мәрте­бесін иеленеді. Бұл – Арал өңірінің туристік тартымдылығын арт­тыру­дың, ғылыми зерттеулерді кеңей­тудің және жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың жаңа мүмкіндіктері.

Қуат Шарабидинов: – Енді кө­лік-логистика саласына ойыссақ…

– Биыл облыстың жол инфра­құрылымын дамытуда жалпы ұзындығы 141 шақырым болатын автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдерін жөндеуден өткізуге бюджеттен барлығы 38,4 млрд теңге бөлініп, жалпы индикаторлық көрсеткіш 95,5 пайызға жетеді. 

Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі

Сонымен қатар, биылғы жылы өңірдің көлік инфрақұрылымын да­мыту бойынша бірқатар ірі жоба­ іске асырылмақ. Мысалы, Қы­зылорда қаласында Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүр­гіншілер, Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы автожол көпірлерін салу жобалары осы санатта.

Мемлекет басшысының тапсыр­масымен республикалық бюджеттен бөлінген 10,2 млрд теңгеге облыс­тағы 7 теміржол вокзалы (Жаңа­қор­ған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қа­залы, Арал теңізі, Сексеуіл), 2 қызмет көр­сету пункті (Тереңөзек және Жалағаш) және «Талап» беке­тіндегі жолаушылар платформасы жаңғыртылуда.

Маусым-шілде айларында 4 теміржол вокзалы және «Талап» бекетіндегі жолаушылар плат­фор­масы халық игілігіне пайдалануға берілді. Қалған вокзалдар бойынша жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Жуырда ғана Мемлекет басшысы телекөпір арқылы өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуында айрықша маңызға ие «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын-Сексеуіл» қайта жаңғырту жобасының құры­лысын және «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарын бастауға пәрмен берді.

«Қызылорда-Сексеуіл» авто­мобиль жолының құрылысы көлік байланысын жақсартып қана қой­май, өңірдің транзиттік мүм­кіндігін жаңа сатыға көтереді. Бұл жолдың ұзындығы – 462 шақырым, құны – 832,8 млрд теңге. Ал «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолы – тыңнан түсетін тарихи жоба. Оның құны – 780,3 млрд теңге. Жалпы ұзындығы 800 шақырымды құрайтын халық­аралық дәліздің 189 шақырымы Қызылорда облысының елді ме­кендері (Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман, Сексеуіл) арқылы өтеді. «Сексеуіл-Ұлғайсын» автомобиль жолының ұзындығы 312 шақырым, оның 97 шақырымы облыс аумағына тиесілі. Бұл жобаның құны – 762 млрд теңге.

Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі

Аталған жолдар – еліміздің ба­тысы мен оңтүстігін өзара тиімді байла­ныстыратын маңызды көлік дәлізі. Осы күре жолдар арқылы Қытай мен Орталық Азиядан Еуропа бағытындағы жүк ағындарын тиімді өткізуге, транзиттік тасымал көле­мін ұлғайтуға мүмкіндік туады.

Жол-көлік инфрақұрылымын аудан, ауылдарда да дамытуды на­зардан тыс қалдырмаймыз. Мысалы, Қазалы ауданындағы «Қарлаң» учаскесінен Сырдария өзені арқылы көпір өткелін салу жұмыстары қазір қарқын алды. Жобаның жалпы келісімшарт құны – 6,8 млрд теңге. 

Ботагөз Ажарбаева: – Тұрғын­дардың өмір сүру сапасын жақ­сартуда коммуналдық қызметтің жүгі ауыр. Десе де, халыққа газ, ауызсу жеткізуде облыстың көр­сеткіші жақсы. Электр энергия­сы, жылу және кәріз жүйелерін дамыту бойынша қандай басым­дықтарды айтар едіңіз?

– Шынында, елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл бюджеттен бө­лінген 4,7 млрд теңгеге 10 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз еті­леді. Осы жобалардың ішінде Сыр­дария ауданындағы 3 мыңға жуық тұрғыны бар Ақжарма ауылы та­биғи газға қосылды. Бұдан бөлек, қосымша 21 елді мекенді газдандыру бойынша жұмыстар бастауды жос­парлап отырмыз. Осы жобаларды іске асыру арқылы газдандырылған елді мекен саны 87-ге жетіп, облыс халқын газдандыру деңгейі 92 па­йызды құрайтын болады.

Өңір халқын орталықтан­дырыл­ған ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жеткізілді. Ендігі негізгі міндет – қолданыстағы су жүйелерін жаңғырту, олардың техникалық жағдайын жақсарту және тұр­ғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын одан әрі арттыру.

Биыл ауызсумен қамту және су бұру саласында жалпы құны 11,9 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылуда. Арнайы мемлекеттік қор және облыстық бюджет есебінен 1 млрд теңге қаржы бөлініп, жа­қын­да Жаңақорған кентіндегі «МАИ бекеті» шағын ауданында су тарту станциясы және қосылу тармағының құрылысы пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, өңір үшін стратегиялық маңызы бар ірі жо­балардың бірі – Арал және Қа­залы аудандарының 160 мыңнан астам тұр­ғындарын ауызсумен қам­та­масыз ететін «Арал-Сарыбұлақ» топ­тық су құбырының екінші тар­мағын салу. Жалпы ұзындығы 234 шақырымды құрайтын жобаның құны – 43,7 млрд теңге. Бүгінде бюд­жеттен 7,4 млрд теңге бөлініп, 35 шақырым су құбырының құ­ры­лысы аяқталды. Жоба 2029 жылға дейін толық жүзеге асырылып, Арал және Қазалы аудандарының тұрғын­дарын сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мамандардың сараптауынша, өңірде қазір электр желілерінің тозу деңгейі 60 пайызды құрайды. Электр желілерін жаңғырту және олардың өткізу қабілетін арттыру мақсатында жалпы құны 3,2 млрд теңгені құрайтын 276 шақырым әуе электр желісін және 109 қосалқы станцияны қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған.

Өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруда жалпы қуаты 148 МВт болатын 5 ірі күн-электр станциясы жұмыс жасауда және жыл соңына дейін 1 күн-электр станциясын пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Одан бөлек алдағы уақытта қуаты 230 МВт болатын 1 жел және 5 күн- электр станциясын салу жоспар­лануда. Осы жобалардың іске асы­рылуы облыстың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, электр энергиясының тапшылығын төмендетуге және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Облыста қазір жылу желілерінің жалпы ұзындығы 217 шақырымды құрайды. 2025-2026 жылдары Қы­зылорда қаласы бойынша 7,2 млрд теңге қаржыға 6 жоба іске асыры­лып, нәтижесінде 8,7 шақырым жылу желісі жаңғыртылды. Ал 2026-2029 жылдары 32 шақырымы ретке келтіріліп, жылу желілерінің тозу деңгейі қазіргі 40 пайыздан 30 пайызға дейін төмендейді.

Қуат Шарабидинов: – Арнайы мемлекеттік қор қаражаты деп қалдыңыз, осының есебінен облыс­та жүзеге асырылып жат­қан қандай әлеуметтік-инфрақұры­лымдық жобалар бар?

– Арнайы мемлекеттік қор есебінен Қызылорда облысында жалпы құны 35,4 млрд теңге болатын 17 жоба іске асырылуда. Оның ішінде өткен жылы 16 жоба, биыл білім беру саласы бойынша 1 жоба қолға алынды. Жобалардың ішінде 1 денсаулық сақтау нысаны, 1 білім беру нысаны, 1 автомобиль жолы құрылысы, 2 ауызсумен және 12 ыстық сумен жабдықтау нысаны бар. Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 17 жобаның 3-еуі аяқ­талды. Атап айтқанда, Аралдағы көпбейінді орталық аудандық ауру­ханаға 25 төсектік инфекциялық бө­лімшенің жапсаржайы, Қы­зылорда қаласындағы М.Ықсанов атындағы IT колледжге қосымша ғимарат, Жаңақорған кентінің «МАИ бекеті» шағын ауданындағы су алу құ­рылысы мен қосу желісі пай­далануға берілді.

Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі

«Қызылорда қаласындағы Жан­қожа батыр көшесі арқылы теміржол өткелін салу», облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен жабдықтау, Байқоңыр қала­сындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау жобалары жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.

Ботагөз Ажарбаева: – Мем­лекет басшысы халыққа Жолда­уында еліміздің тұрақты әлеу­меттік-экономикалық дамуын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаппай цифрландыруды жедел­дету және жасанды интеллект технологияларын өндіріске кеңі­нен енгізудің стратегиялық маңы­зын айқындап берді. Біздің мүм­кіндіктеріміз қандай?

– Қазіргі таңда әлеуметтік салаларды заманауи цифрлық фор­матқа көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мәселен, денсаулық сақтау саласында осы жылы науқастарды ерте диагнос­тикалау, хирургиялық емдеудің тиім­ділігін арттыру бойынша облыстағы 21 медициналық ұйымға жасанды интеллект көмегімен PACS жүйесі енгізілді (3,2 млрд теңге). Бұл радиологиялық зерттеулерді цифрландыру және орталықтандыру арқылы онкологиялық ауруларды, әсіресе сүт безі мен өкпе обырын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Экология саласында қатты қал­дықтарды жинау, тасымалдау және бақылау процесін толық цифр­ландыру үшін «Waste Management» жүйесі іске қосылды. Бұл өз кезегінде абоненттік базаны цифр­ландыру, төлемдерді есепке алу, жанармай шығынын бақылау, сондай-ақ орындалған жұмыстар бойынша талдау және автоматты есептілік қалыптастыруға септігін тигізеді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қадаға­лауды, оның ішінде аумақтарды, инфра­құрылымдық объектілерді, өнеркәсіптік аймақтарды жедел бақы­лауды, сондай-ақ төтенше жағ­дайларда және басқа да оқиғаларда жылдам әрекет ету мақсатында  облыстық полиция департаменті пилоттық режимде 6 ұшқышсыз ұшу аппаратын (дрон) пайдалануда. Алдағы уақытта 10 дронға дейін көбейту жоспарымызда бар.

Қызылорда қаласында қоғам­дық көлік жүргізушілері мен жолау­­шы­лар­дың қауіпсіздігін сақтау мақ­са­тында пилоттық режимде қоғам­дық көлікке (1 көлік) интел­лек­туал­­ды қауіпсіздік жүйесі іске қосыл­ды. Жүйе қозғалыс барысында жүр­гі­зу­шінің жағдайы мен әрекет­терін бақы­­лауды, жолда болып жат­қан жағ­­дайды және қауіпті оқиға­лар­ды плат­формада тіркеп, онлайн бақы­лауды жүзеге асырады. Одан бө­лек жолаушылар көлігіне мінген және түскен жолаушыларды автомат­ты түрде бақылап, жолаушылар ағы­нын (санын) платформада көрсету мүмкіндігі бар. 

Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі

Жол инфрақұрылымын мони­торингілеу жүйесі «Freedom Data Centers» ЖШС мен Қызылорда қаласында 1 экотаксиге пилотты түрде іске қосылды. Аталған жүйе автокөлікте орнатылған бейне­тір­кегіш арқылы қозғалыс барысында жол жабынының және қалалық инфрақұрылым ақауларын (жарық бағаналары, билборд, ағаштар, бағдаршам, т.б.) жасанды интеллект арқылы анықтауға, фотофик­са­ция­лауға және жауапты мекемеге онлайн жіберуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тап­сыр­ма­сымен халықтың интернет-ре­­­сур­с­­тар­­ға қолжетімділігін арттыру ая­­­сын­­да «Қызыл­ордаТранс­Теле­­ком» фи­­лиа­лы осы жылдың 1 мамы­ры­­­нан бас­тап Mesh-желі техно­ло­гиясы бо­йынша қоғамдық орын­­дар­да тегін интернет желісін ұсыну үшін «Free Wi-fi» жобасын іске қосты. Міне, жаппай цифр­лан­дыруды жетіл­­діру бағытында қолға алған осын­дай жұмыстарымыз бар. Бұл ретте тиісті мамандармен кеңесе оты­рып, бірқатар бас­та­­маны жос­парға да енгіздік.

Қуат Шарабидинов: – Мұрат Нәлқожаұлы, сіз Сыр бойының перзенті ретінде жер жағдайын да, ел жағдайын да өте жақсы білесіз. Төрт ауданда, қалада, бір­неше басқармаларда басшылық қызмет атқардыңыз. Өмірлік тә­жірибеңізде бүгінгі қоғам қандай құндылықтарға арқа сүйе­гені абзал деп ойлайсыз?

– Буын алмасады, қоғам жаңа­рады. Жаһандық өзгерістер ке­зеңінде қоғамның ең басты құн­дылығы – бірлік, татулық, ал қазір Президентіміздің пәрменімен әді­летті қоғамның негізі қаланды.

Кейінгі уақытта Мемлекет бас­шысының тікелей бастамасымен «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттары үстемдік алды. Бұл – шын мәнінде, өмір сапасын жақ­сартатын жаңа мәнге ие бастамалар. «Таза Қазақстан» көше мәдениетінің ғана көрінісі емес, мұның астарында саналық тәрбие, тұрмыстық мәде­ниет пен өркениетті өмірге ұмтылыс жатыр. Ал оның заң мен тәртіп арқылы дамуы – елімізді жарқын болашаққа бастайтын ұстаным.

Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі

Бүгінгі қоғам ең алдымен ұлттық бірегейлік, еңбекқорлық және жауап­кершілік  сияқты іргелі құн­дылықтарға арқа сүйеуі керек деп ойлаймын. Қазір байқасаңыздар, қоғам өзгерді, реформалар тұрақты сипатқа ие бола бастады, халықтың сана-сезімінде бетбұрыс жасалды. Қашаннан татулықты ту еткен Сыр елінде әрбір жетістік өскелең ұрпақтың бақытты өмірі үшін қызмет етеді деп сенемін.

Ботагөз Ажарбаева: – Жас­тарға қандай ой бөліскен болар едіңіз?

– Қазір жастар үшін кең мүм­кіндік ашылған уақыт. Мен де ауылда өстім, еңбектің қадірін білем. Отбасында ата-анамыздың қазақы тәрбиесімен жетілдік. Жаңа Конституциямызда да отбасы құн­дылығына айырықша мән беріліп отыр.

Расында, кез келген тәрбиенің негізі отбасынан басталады. Өзімнің де өмірлік ұстанымдарым мен бала күнгі арман-мақсаттарым осы отбасы тәрбиесінен бас­талды. Бала күнімізден ата-ана­мыз­дың тәлім-тәрбиесімен өстік, әке­міздің елге еткен қызметіне, тұл­ғалық қасиет­теріне қарап бой түзедік. Бұл менің азамат болып қалыптасуыма зор әсер етті және өмірлік азық болды десем, қате­леспеймін.

Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі

Елге қызмет ету үшін ауылда не қалада тұрудың айырмасы жоқ. Әсіресе, бүгінгі жастар үшін мүм­кіндік көп. Біле білсек, жаңа дәуірдің иігіліктеріне шақыратын «Келешек мектептерінің» өзі аудан-ауылдарда салынып жатыр. Сол секілді, денсаулық, спорт, мәдениет сала­сының жетістіктері де ауылға жетті.

Өмірлік тәжірибемнен айтарым, әсіресе, жастарға мамандық таң­дауда қателеспеу керек. Өйткені бұл мәселе әрбір адамның бүкіл саналы өмірінің айнасы болмақ. Өзіңнің жүрегіңмен таңдаған ма­ман­дығың – өмір сүрудің материал­дық және рухани көзі. Өз өміріміз үшін өзіміз жауаптымыз.

Айта берсек, бүгінгі қоғам жастарына бағытталған игіліктер аз емес. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында да жас ұрпақтың бойында асыл қасиеттерді дамытуға барынша жағдай жа­салуда. Елге деген адалдық, әрбір жастың өзінің сенімі мен қоғамға деген адалдығынан басталады. Сол жолда оларға табыс, сәттілік тілегім келеді.

Әрине, бір сұхбаттың өзегіне барлық ойды сыйғызу қиын болар. Өңірдің өзге де салаларында, әсіресе мәдениет, қоғамдық даму, құқық қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Халықтың сапалы өмірі үшін бір-бірімен сабақтаса жүретін барлық қызметте жақсы нәтижелерге жету – әлгінде айт­қандай бірлік пен ынтыма­ғымыздың арқасы. Осы жолда жұмыла қызмет ете берейік!

Сұхбаттасқандар

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

«Сыр бойы».

Ботагөз АЖАРБАЕВА,

«Кызылординские вести»