Құрылыс: Қызылорда алдыңғы қатарда
Еліміздің 18 өңірінде құрылыс жұмыстарының өсімі байқалады. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлады.
Сараптауларға қарағанда құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) түрлері бойынша ең көп үлесті автомобиль, теміржолдар мен метролар (24,7%), тұрғын емес ғимараттар (21,4%) және тұрғын үйлердің (13,4%) құрылысы алады.
2026 жылғы қаңтар-шілдеде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 15,3%-ға өсіп, 5 061,1 млрд теңгені құраған.
Аумақтық бөліністе республиканың 18 өңірінде жұмыс жақсы. Едәуір өсу Ұлытау облысы (3 есе), Қызылорда (34,9%), Павлодар (32%), Атырау (27,9%), Түркістан (25,7%), Шығыс Қазақстан (24,5%), Абай (23,1%), Қостанай (22,3%), Батыс Қазақстан (17,3%) және Жамбыл облыстарында (14,7%), Алматы қаласында (23,3%) байқалады. Осы жылдың қаңтар-шілде айлары арасында пайдалануға берілген жаңа объектілердің жалпы алаңы 12 339 мың шаршы метрді құрайды.
Баспананы жекешелендіру тәртібі өзгерді
Үкіметтің 2026 жылғы 14 тамыздағы қаулысымен мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Құжатта Қазақстан азаматтары заңда өзгеше көзделмесе, ел аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорындағы бір ғана баспананы жекешелендіруге құқылы екені айтылған.
Егер азамат мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспананы 2024 жылғы 4 желтоқсанға дейін купондық тетік арқылы немесе өзге тәсілмен жекешелендірген болса, бұл оған баспананы жекешелендіруден бас тартуға негіз болмайды.
Сондай-ақ негізгі жалдаушының отбасы мүшесінің бұрын жекешелендірілген тұрғын үйдегі үлесі 50 пайыз немесе одан аз болса, бұл оның кейін мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспананы жекешелендіру құқығын жүзеге асыруына кедергі келтірмейді.
Қаулы биыл 28 тамыздан бастап қолданысқа енгізілмек.
Шілде айы: 111 жыл бұрынғы рекорд жаңарды
Биылғы шілдеде елдің бірнеше өңірінде ауа температурасы бұрын-соңды тіркелмеген деңгейге жеткен. Тіпті ғасырдан астам уақыт сақталған рекордтар жаңарды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық қалыпты көрсеткіштен 1-4 градусқа жоғары болған.
Ең жоғары температура Түркістанда тіркелді. 18 шілдеде мұнда сынап бағанасы +47,6 градусқа дейін көтерілсе, бұған дейінгі рекорд 2019 жылы +43,7 градус деңгейінде тіркелген.
Шымкентте де ғасырдан астам уақыт сақталған рекорд жаңарды. Қалада ауа температурасы +45,2 градусқа дейін жетіп, 16 және 17 шілдедегі ыстық 1915 жылдан бері сақталып келген көрсеткіштерден асып түсіп отыр. 111 жыл бұрын сол күндері Шымкентте тиісінше +41,1 және +40,1 градус тіркелген.
Алматыда 16-20 шілде аралығында бірден төрт температуралық рекорд жаңарса, Астанада 14 шілдеде ауа температурасы +38,6 градусқа, Өскеменде 16 шілдеде +39,7 градусқа жеткен. Ал Қызылордада 17 шілдеде ауа температурасы +45,2 градусты көрсетті. Есесіне кей өңірлерде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейден бірнеше есе жоғары болғаны айтылып отыр.
Осылайша, 2026 жылдың шілдесі Қазақстан үшін ауа райының тосын мінезімен есте қалғандай.
Дайындаған Қ.ӘБІШ





