Құрылтай

Ұстаным – бейбітшілік

4

0

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен рәсімде Президентке тоғыз елдің төтенше және өкілетті елшілері сенім грамоталарын табыстады.

Сенім грамоталарын Молдова Республикасының елшісі Игорь Мол­дован, Вьетнам Социалистік Респуб­ли­касының елшісі Тхань Ле Нгуен, Корея Республикасының елшісі Ки Хон Чжон, Оңтүстік Африка Респуб­ликасының елшісі Лунгисани Доми­ник Нтомбелла, Словакия Респуб­ликасының елшісі Любомир Регак, Германия Федеративтік Респуб­лика­сының елшісі Хайке Ренате Пайч, Әзербайжан Республикасының елшісі Алимирзамин Аскеров, Словения Рес­пуб­ликасының елшісі Бранко Раковец және Намибия Респуб­ли­касының елшісі Моника Ндилявике тапсырды.

Мемлекет басшысы еліміздің бейбітсүйгіш сыртқы саясат бағдарын ұстанатынын айтты.

– Өздеріңізге мәлім, Қазақстан қазіргідей аса күрделі геосаяси жағ­дайда бейбіт сыртқы саясат жүргізіп келеді. Біз бейбітшілік салтанат құ­руға тиіс деп санаймыз. Сондықтан Орталық Азияда да, одан тысқары жерлерде де бейбітшілік пен қауіп­сіздікті сақтап, ынтымақтастықты өр­біту үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушыларға Қазақстанның экономикалық әлеуеті және ұлттық экономикаға шетелден инвестиция тарту ісіндегі табыстары жөнінде мәлімет берді.

– Біз елімізге шетел инвестициясын тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Әлбетте, Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетін шетелдік кәсіпкерлерді және ірі компанияларды құшақ жая қарсы аламыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің нарықта ірі халық­аралық компаниялардың басым бөлігі қызмет етеді. Бұл саясаттан айны­майтынымызға сенімдімін. Шетелдік инвестицияға қатысты ашық есік саясатын дәйекті түрде жалғастыруға ниеттіміз, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар жөнінде айтты. Оның қисынды жалғасы тарихи Құрылтай сайлауы болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі түбегейлі өзгерістер халықаралық қоғам­дас­тықпен ынтымақтастықты нығайта­тын тың мүмкіндіктерге жол аша­тынына сенім білдірді.

Сөз соңында Президент Астана­ның елшілер өкілдік ететін мем­лекеттермен қарым-қатынасты нығай­тып, сан қырлы ықпалдастықты дамытуға мүдделі екенін растады. Сондай-ақ мемлекеттер басшыларына жылы лебізін жолдады.