Осы жексенбіде Қазақстанда Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді. Жаңа Конституцияға сәйкес заң шығарушы орган 145 депутаттан құралады. Жаңа органның «Құрылтай» аталуы да кездейсоқ емес. Бұл атау қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамырына бойлап, халқымыздың саяси дәстүрлерімен сабақтастықты аңғартады. Тарихта құрылтайлар ел өміріндегі маңызды мәселелер талқыланатын, биліктің тағдыры мен мемлекеттің болашағына қатысты шешімдер қабылданатын алқалы жиын ретінде белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жаңа Парламенттің атауын ұсынғанда оның тарихи мәніне ерекше назар аударғаны белгілі. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында жарияланған бұл бастама кейін конституциялық реформаның нақты тетіктерінің біріне айналды.
Бір палата – бір жауапкершілік
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жылдың 12 тамызында Ақордада қоғам қайраткерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау сәтінде: «Құрылтай – халқымыздың тарихи жадында сақталған, ел тағдыры талқыланатын, маңызды шешімдер қабылданатын алқалы жиынның атауы. Жаңа Құрылтай қоғам мен билік арасындағы тиімді диалогтың, елдің өзекті мәселелерін ашық талқылаудың және халықтың пікірін мемлекеттік шешімдерге жеткізудің маңызды алаңына айналуы тиіс» деп жаңа Парламенттің қандай болуы керегін көрсетті. Осы ретте бір палаталы жүйеге көшу тек атау ауыстыру немесе құрылымдық өзгеріс жасау емес, бірінші кезекте оның заң шығару үдерісін оңтайландыруға бағытталған практикалық мәні бар екенін атап өткім келеді. Бұған дейін екі палаталы Парламентте заң жобалары Мәжіліс пен Сенатта кезек-кезек қаралып, кей жағдайда бұл шешім қабылдау мерзімінің ұзаруына әкелетін. Енді заң шығару жұмысы бір өкілді орган шеңберінде шоғырланады.
Заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында Құрылтай депутаттары партиялық жүйе арқылы келетінін мәлім еткен. Сондықтан жаңа модельде азаматтардың саяси таңдауының нысаны да өзгереді: сайлаушы ең алдымен партияның бағдарламасына, оның ұстанымына және ұсынған кандидаттарына баға береді. Оның пікірінше, бұл саяси партиялардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Бұл жерде маңызды бір мәселе бар. Бір палаталы жүйе заң қабылдау барысын жеделдеткенімен, жылдамдық сапаның орнын алмастырмауы керек. Үнзила Шапақ атап өткендей, жаңа Құрылтайда заңдар үш оқылымнан кейін қабылданады. Демек, бұрынғы екі палаталы жүйедегі сүзгілердің бір бөлігі өзгергенімен, заң жобасын талқылау мен сараптауға қажетті тетіктер сақталады.
Саясаттанушы Айдос Сарым жаңа Құрылтайды конституциялық реформаның практикалық кезеңі ретінде бағалайды. Оның айтуынша, саяси жүйенің жаңа архитектурасы қалыптасып болды, ендігі міндет – оны нақты институттардың жұмысы арқылы іске асыру. Айдос Сарым бұл сөзді Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында айтқан. Сарапшы бір палаталы модель заң қабылдау уақытын қысқартуға мүмкіндік беретінін де атап өткен. Демек, жаңа жүйенің басты артықшылықтарының бірі – шешім қабылдау тетігінің ықшамдалуы. Бірақ мұнымен бірге саяси жауапкершілік те артады. Бұрын екі палатаның өзара талқылауына немесе ұстаным айырмашылығына сілтеме жасау мүмкіндігі болса, енді заңның сапасы мен оның салдары үшін жауапкершілік айқынырақ болады. Белгілі қоғам қайраткері жерлесіміз Мұрат Әбенов те осыған назар аударады. Оның пікірінше, бір палаталы Парламент жағдайында жауапкершілікті бір-біріне аудару мүмкіндігі азаяды. Сондықтан партиялар Құрылтайға қоғам алдында өз ұстанымын ашық қорғай алатын мықты депутаттарды тартуға мүдделі болады.
Заң сапасы – басты өлшем
Құрылтайдың болашақтағы беделі оның атауымен немесе құрылымымен емес, қабылдайтын заңдарының сапасымен өлшенеді. Заң – қоғамның күнделікті өміріне әсер ететін құжат. Сондықтан жаңа депутаттардан тек саяси белсенділік емес, кәсіби біліктілік, құқықтық сауат және қоғамдық жауапкершілік талап етіледі. Осы жылдың 15 тамызында жерлесіміз қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлының «Егемен Қазақстан» газетінің сайтына Құрылтай жайлы пікірі шықты. Ол партиялық бәсекелестіктің күшеюі жаңа Парламенттің сапасына оң ықпал етеді деп есептейді. Оның пікірінше, толық пропорционалды жүйе саяси партиялардың бәсекесін арттырып, заң шығару сапасына жаңа талап қояды. Бұл пікірмен келісе отырып, жаңа Құрылтайдың алдында тұрған міндет тек заң қабылдау емес екенін де айту керек. Ол қоғамның әртүрлі топтарының үнін еститін, сол ұсыныстарды мемлекеттік саясат деңгейіне көтеретін тиімді өкілдік алаң болуы тиіс. Құрылтайдың партиялық тізіммен жасақталуы бұл мәселені бұрынғыдан да өзекті етеді. Биылғы сайлауға жеті саяси партия қатысып отыр. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, партиялық тізімдерде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі кемінде 30 пайыз болуы талап етілген. Яғни жаңа органның әлеуметтік құрамы да қоғамның алуан түрлілігімен байланысты. Өйткені заң шығарушы орган қоғамдық мүддені неғұрлым кеңірек қамтыған сайын, оның шешімдерінің де қоғамдық негізі соғұрлым берік болмақ.
Қоғам да жауапты
Құрылтайдың тиімділігі тек депутаттарға байланысты емес. Оның жұмысына қоғамның өзі де ықпал етеді. Сайлаушының саяси сауаты, партия бағдарламаларына қызығушылығы, депутаттардың қызметін бақылауы – жаңа институттың қалыптасу мәдениетінің ажырамас бөлігі. Заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраеваның пікірінше, Парламент бүкіл қоғам атынан сөйлейтін институт болғандықтан, оған артылар үміт жоғары. Сонымен бірге қоғамның өзі де белсенді болуы керек, ал саяси партиялар мықты болуы қажет.
Демократиялық институт тек биліктің шешімімен қалыптаспайды. Ол азаматтардың күнделікті саяси мәдениеті арқылы орнығады. Сайлауға қатысу, өз таңдауын саналы түрде жасау, қоғамдық мәселеге пікір білдіру, депутаттың жұмысын бақылау – мұның бәрі азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Сондықтан 23 тамыздағы сайлау тек 145 депутатты анықтайтын саяси науқан емес. Бұл – жаңа мемлекеттік модельдің алғашқы нақты сынағы. Құрылтай ел үшін маңызды мәселелер ашық талқыланатын, түрлі пікір тоғысатын, қоғамдық ұсыныстар нақты заңнамалық шешімдерге айналатын беделді саяси әрі зияткерлік алаңға айналуы тиіс. Осы ретте 23 тамызды жаңа саяси кезеңнің басталатын күні дер едім. Құрылтайдың алғашқы шақырылымы елдің жаңарған саяси жүйесінің қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін көрсетуі керек деп ойлаймын. Ал оның табысты болуы депутаттардың кәсібилігіне ғана емес, қоғамның белсенділігіне, саяси партиялардың жауапкершілігіне және азаматтардың өз таңдауына деген көзқарасына тікелей байланысты екенін естен шығармаған жөн. Бұл жолғы таңдау – тек бүгінгі күннің емес, ертеңгі Қазақстанның саяси келбетін айқындайтын таңдау.
Құрылтайдың алғашқы шақырылымының жұмысы жаңа саяси модельдің өміршеңдігін айқындайтын маңызды кезең болмақ. Сондықтан депутаттарға кәсібилік пен жауапкершілік, саяси партияларға ашықтық пен нақты бағдарлама, ал азаматтарға белсенділік пен саналы таңдау қажет. Құрылтай ел мен билік арасындағы сенімді диалогтің берік көпіріне айналған жағдайда ғана саяси реформаның түпкі мақсаты орындалады. Ең бастысы, жаңа саяси институт халықтың мүддесіне қызмет етіп, заң үстемдігін нығайтуға және елдің ұзақ мерзімді дамуына жол ашуы тиіс. Өйткені Құрылтайдың болашағы оның қабырғасында қабылданатын шешімдермен ғана емес, сол шешімдердің қоғам өміріне әкелетін нақты өзгерістерімен өлшенеді.
Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Қызылорда облысының құрметті азаматы





