Құрылтай

Аудан әкімі теміржол мекемелерінің басшыларымен кездесті

3

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Кеше аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудандағы теміржол мекемелерінің басшыларымен кездесті. Жиында теміржол саласының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызы, салада атқарылып жатқан жұмыстар және Президентіміздің бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы санитарлық тазалық мәселелері талқыланды.

Мәжілісті бастамас бұрын аудан басшысы «Қамқор Локомотив» ЖШС-нің «Қазалы локомотив жөндеу зауыты» филиалының директоры, Қазалы аудандық мәслихатының IV және V шақырылымдарының депутаты, «Құрметті теміржолшы», ауданның әлеуметтік-экономикалық және теміржол саласының дамуына зор үлес қосқан азамат Алмағамбетов Нұрлан Жұбатқанұлын ауданымыздың ең жоғары марапаты «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

– Қазалы ауданында теміржол саласында 15-тен астам мекеме жұмыс істеп, 2000-ға жуық азамат тұрақты еңбек етеді. Ауданның экономикалық және өндірістік әлеуетін дамытуда теміржол саласының орны ерекше. Теміржол арқылы жүк тасымалы, өндірістік және кәсіпкерлік нысандардың жұмысы қамтамасыз етіліп, ауданның экономикалық байланыстары нығая түсуде. Соңғы жылдары сала инфрақұрылымын жаңғырту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл «Қазақстан темір жолы» компаниясы тарапынан 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп, теміржол вокзалы маңындағы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір қайта салынды. 125 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, жақында ел игілігіне қайта пайдалануға берілді. Тарихи ғимаратты жаңғыртуға «Қазақстан темір жолы» компаниясы тарапынан 1 млрд 290 млн теңге қаржы бөлінсе, вокзал аумағын абаттандыру жұмыстарына 91 млн теңге жұмсалды. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және саланы дамыту бағытындағы тапсырмаларының өңірлерде жүйелі жүзеге асырылып келе жатқанын көрсетеді. Өңірімізде аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының да қоладуымен ауданның теміржол саласын дамытуда және оның инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Мәжілісте аудан әкімі теміржол мекемелерінің басшыларын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырды. Әрбір мекеме өзіне тиесілі аумақтың тазалығына жауапкершілікпен қарап, санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізуі қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар, 23 тамызда елімізде өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына байланысты теміржол саласы қызметкерлерінің өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына қажетті жағдай жасау мәселесі де назардан тыс қалмады. Мекеме басшыларына қызметкерлер арасында сайлау тәртібі мен дауыс беру уақыты жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың сайлауға қатысуына мүмкіндік жасау керектігі жөнінде айтылды.

Аудан басшысы жиында көтерілген мәселелердің барлығы ортақ жауапкершілікті талап ететінін айтып, теміржол саласының өкілдерін еліміздегі Президентіміздің бастамасымен жүзеге асып жатқан игі бастамаларға, ауданның тазалығы мен көркеюіне белсенді үлес қосуға шақырды.

Қазалы ауданы әкімдігі