Құрылтай

Сайлаушыға хат

3

0

Ойлан,

Ойлан,

ардақты аға…

ойлан, дос!

Болады ертең парасатты

пайдаң кеш.

Күн өткізбе бос күлкімен…

күйбеңмен,

Құр өткізбе ел-жұрт күткен

сайлауды еш.

Бұл қазақта болған емес пейіл тар,

Өкінбеуің үшін ертең,

кейін сәл,

замандасым,

адал досым ал, қазір,

Ақыныңның айтарына зейін сал:

Айтулы күн емес бізге енді алыс,

Үміткерлер үшін бәйге,

ол – жарыс.

Елі сүйген болсын перзент қалауың,

Елі сүйген қалауыңа бер, дауыс!

Жебе-намыс жүрегіңде бар болса,

Саған сенім жүктеді жұрт, ел қанша.

Сол сенімді серік етіп бер дауыс,

Шын жүйрікке сәтті күні сен барша.

Жаңарған ел дамытатын өрісін,

Ар-намысым деп білетін ел ісін.

Үміткерді қолдай білсең елжанды,

Ол да сенің ұлан-асыр жеңісің.

Тура жолдан таймағанды

жебейді ел,

Ізгілікке жүрегін шын бөлейді ер.

Ақиқаттың ер соңынан, адаспа,

Ақын жыры – Алла сөзі демей ме

ел?!

Туған топырақ,

Жар бол, жатқан табанда!

Қылсаң қызмет Қоғам менен Адамға,

Жетім жебеп, қартқа қамқор болса

алсаң,

Мұнан асқан имандылық болар ма?!

Сен көретін,

ел көретін құт алда,

Тарт биікке,

Жолай көрме жұтаңға…

Таңдауыңды жаса дұрыс тап бүгін,

Жанарыңды қадай біл дос, жіті алға.

Бәрі саған байланысты,

тартынба!

Дауысыңды бер, дархан жүрек

мәрт ұлға!

Жұртың үшін жай отындай

жарқылда,

Байтақ елің тұр әнекей, артыңда…

Ойлан, толған,

осыдан соң тоқтама!

Таңдауыңнан асқан сенің жоқ дара.

Үмітіңді үкілеген ендеше,

Үміткерге дауысыңды бер тек қана.

Таңдауыңды жаса ұят, арыңмен,

жүрегіңмен,

тілегіңмен,

жаныңмен.

Үміткерге үкілеген үлес қос,

Өтіріктің жалағанша балын сен.

Аяулы ана,

абзал аға,

қарттарым,

ізетті іні,

Қарындасым-мақтаным.

Қаршадайдан қара нардай қайыспай,

Елдің жыры – елдің  жүгі тартқаным.

Таңдауыңда – тағдыры елдің,

Бұрылма!

тайсалма сен,

тасаланба,

бұғынба.

Далаң үшін…

Балаң үшін…

Ел үшін

Дауысыңды бер ертең нағыз дүр ұлға!!!

Толыбай АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері