Халық жадындағы қайраткер

27

0

Қарымды қаржыгер, мемлекет және қоғам қайраткері Құттықожа Ыдырысұлы әріптесім әрі інімнің тірі болғанда биыл 75 жылдығын тойлар едік. Оның о дүниелік болғанына да 8 жыл толыпты. 67 жыл өмірінде Құттықожаның кейінгілер айта жүретін айшықты ізі қалды, кіршіксіз таза жолы қалды.

Біз Құттықожа екеуміз Жа­ңақорған ауданында көрші­лес Қыраш және Манап ауыл­да­рында қарапа­йым колхоз­шы­лардың отбасын­да дүниеге ке­ліп, ата-анамыз­дың үмітін ақтап, жоғары экономикалық білім алып, туған өңірімізге келіп қызмет атқардық. Ме­нің Құттықожадан 3 жас үл­кендігім бар, сондықтан да мені «аға» деуші еді, ал өз ке­зегінде менде оның атын атамай «Қожеке» деп кеттім.

Қожекең 1974 жылы Алма­ты халық шаруашылығы инс­титутын бітірген соң «Тү­гіс­кен» совхозында есеп қыз­­мет­кері, кейін шаруа­шы­лық­­тың бас экономисі болып жемісті еңбек етті. Өткен ға­сырдың 80-жылдары елі­міз­де мемлекеттік агроөнер­кә­сіп жүйесі орталықтан­ды­ры­лып, бұрыңғы одақтағы 6 министрліктің орнында бүкіл ауыл шаруашылығын бірікті­ретін өте алып құрылым (Гос­агропром) құрылды. Алпы­сыншы жылдардың екінші жартысынан бастап күріш шаруашылықтарындағы жер тегістеу, шаруашылық орта­лық­тарын салу және оның инфоқұ­рылымын дамытумен одақтық Су шаруашылығы министрлігіне бағынатын «Глав­риссовхозстрой» бас бас­қармасы айналысты. Жа­ңа­қорған ауданында осы құ­рылымдар жүйесі бойынша Түгіскен магистральді каналы салынып, 1967 жылы күріш егуге мамандандырылған «Тү­гіскен» совхозы құрылды. Осы шаруашылықта механизатор болып қызмет бастаған Қо­же­кең кейін ұйымның бас ма­маны болып, оның эконо­ми­ка­сының дамуына зор үлес қосты.

Атап айтсақ, сол кезде рес­публикада ауыл шаруашы­лы­ғындағы колхоздар мен сов­хоздарда шаруашылық есеп енгізіліп, шығындарды лимит­теу мақсатында шаруалар бар­лық шығындары үшін қызмет көрсетушілерге чек кітапшасы арқылы есептесу жүргізілді. Егер технологиялық картада­ғы шығындар үнемделсе, жыл аяғында сол қаржы шаруаларға беріліп, шын мәнінде «үнем» жасауға ықпал етті. Дәл осы процесті өз совхозында батыл және жоғары дәрежесінде ал­ғашқылардың бірі болып жүр­гізіп, жұмысшылардың отба­сылық бюджетіне қосымша қаржы түсіруді түсіндіріп, шын мәнісінде оны іске асыру­дың басында Құттықожа Ыды­рыс­овтың тұрғанын бүгін еш бүк­песіз айтуымыз керек. Құт­тықожадай өз ісінің нағыз маманы бір шаруашылықтың мас­штабында қалып қоюы шын­дығында дұрыс болмас еді.

Іскер жасты облыстық ауыл­шаруашылық басқармасы уақытында байқап, облыстық аппаратқа шақырып, ол эко­но­микалық блокта қызмет етті. Кейін колхоздар кеңе­сін байыпты, салмақты, өте са­уатты басқарды. 80-жыл­дар­­дың ортасында облыс­тың бе­делді қаржыгері, қаржы бас­қар­масының жетек­шісі Ка­мал Шөкенов Құттықо­жа­ны қыз­метке шақырып, бөлім бас­шысы, басқарма мең­ге­ру­шісінің орынбасары лауазым­дарына тағайындап, оның кейінгі қаржы саласына өсуіне даңғыл жол салып беріп еді. Қожекең де қаржы сала­сына сәл кештеу келге­німен, өзінің табиғат берген еңбекқорлығы, қаржы заңды­лық­тарын тия­нақты және үнемі оқып, үй­реніп, күнделікті жұмыста пай­далана білуінің арқасында өңір­дегі, еліміздегі белгілі қар­жы­герлердің біріне айнал­ды.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Қызылорда қала­сында арнайы экономикалық аймақ құру ісіне атсалысты. «Инвестиция-Газ» заемын, ай­лық жалақының бір бөлігін төлеу үшін вексельдер, есеп­тесу міндеттемелерін шыға­рып, айналымға кіргізіп, сол кездегі экономикадағы қиын­дықтарды біршама жеңілдету мақсатында аянбай еңбек ет­кендердің бірі осы досымыз, әріптесіміз еді.

Осындай қаржының қаза­нында қайнап-піскен Құтты­қожаны қандай салаға жіберсе де дайын еді, оның да оңтайы келіп, 1994 жылдан бастап жаңадан Қаржы министрлігі құрамында бөлек отау тіккен Қазынашылық комитетінің об­лыстағы басқармасына алғаш­қы жетекшісі болу міндеті жүктелді. Осы құрылымды 7 штаттық бірліктен бастап, он жылда іргелі 170 қызметкері бар ірі мекемеге айналдырып, бюджеттің барлық түсімдері мен шығыстарының орталық­тан­дырылған бір жерден кі­рістелуі мен жаратылуы қам­тамасыз етілді. Саладағы ерен еңбегі лайықты бағала­нып, «Қазақстан қаржы сала­сы­­ның үздігі» атағын алды, облыс әкімінің экономи­ка­да­ғы жауапты орынба­сары ла­­уазымында 5 жылдай қыз­мет атқарып, өңір эконо­ми­ка­сының өсуіне қол жет­кіз­генінің куәсі болдық. Құт­ты­қожа облыстың 3 әкімі­нің тұсында қызмет атқарғанда бюд­жеттің кірістері үнемі арты­ғымен орындалып, көп­теген құрылыс объектілері салын­ды, банктердің экономи­каға беретін несиелері кө­бейіп, кәсіпкерліктің дамуы арт­ты, зейнетақы, жалақы, жәр­дем­ақылар өсіп, уақы­ты­лы, дер кезінде берілуі қам­та­масыз етілді.

Құттықожа Ыдырысұлы­ның мемлекет және қоғам қайраткерлігін Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжі­лісінің ІV және V шақы­ры­лымдарында депутат болған кезінде нақты көрдік. Сол жыл­дары тәуелсіз Отаны­мыз­­дың көптеген заңдары қабыл­дауына, өзгеріс енгізілуіне тәжірибелі қаржыгер есебінде зор үлес қосты, депутаттардың сайлаушылармен кездесуінде Парламенттің заң шығару­шылық жұмыстарын таныс­ты­румен қатар, елдің жағда­йымен жан-жақты танысып өзекті мәселелер бойынша жо­ғарғы органдар алдына тұ­рақты түрде мәселе қойып, оның шешілуін үнемі бақы­лап отыратын еді. Соның ай­қын айғағы Жаңа­қорған ау­да­нындағы 28 елді мекенді таза жерасты ауызсумен қам­та­масыз етуге арналған «Та­лап-Сырдария» топтық су құбырының жоба-смета­лық құжаттамасын дайын­дау мен құрылыс жұмыста­рына республикалық бюд­жет­тен тиіс­ті қаржы бөлінуі үшін эко­номика, ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрлік­тері, Су ша­руа­шылығы комитет­тері­мен қойын-қолтық нақты­лай жұмыс атқарды, соның нәти­жесін қазір аудан халқының барлығы көріп отыр.

Құттықожа қаржы орган­дарындағы ұзақ жыл­дар қыз­метте болған кезінде көпте­ген шәкірт тәрбие­леді және олар еліміздің бір­қатар өңір­лерінде жауап­ты қызметтер атқаруда. Оның ішінде Ра­хымжан Нұрсейітов Алматы облыстық Қазынашылық де­партаментін басқарып, қазір республика Парламентінде жауапты қызмет атқарса, тағы бір шәкірті Гаухар Арын­ова Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазынашылық департа­ментін­де қызмет істеді, сонымен қа­тар көптеген ізбасарлары басқа өңірлерде, облыс аудан­дарында жемісті еңбек етуде. Құттықожаның елге сіңірген еңбегі де кезінде еленді, «Құр­мет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен мара­пат­тал­ған. Жаңақорған ауда­нының құрметті азаматы.

Қожекең өмір бойы оқыс, келеңсіз қылықтарға бармаған, жаны да, тәні де таза азамат еді, ішімдік ішу, темекі шегуге еш уақытта әдеттенбеген, бі­рақ отырыстарда, той-жиын­дарда өте көңілді, жора-жол­дастарымен әзілдесіп, жар­қы­рап отыратын еді.

Ол үлгілі отбасын құра білді, балалары тәрбиелі бо­лып өсіп, бәрі де жоғары бі­лім алды. Жұбайы Рабат екеуі енді солардың қызығын көруді армандап жүр еді, бірақ ауыр науқас дегеніне жет­кіз­беді. 2018 жылдың 31 тамы­зында бақилық сапарға аттанды. Осылайша асыл әке, қимас жолдас, үлкен жүректі іні, білгір қаржыгер 80 жастан асып қайтыс болған шешесі мен 100 жасаған әкесінің қа­сынан мәңгілік тыныш тап­ты. Қожекеңнің қайтыс болуы, сүйікті қызы Динараға өте қат­ты әсер етіп, бір жылға толмай ол да әкесінің арты­нан кете барды. Жақсы адам­дар­ды халқы да, елі де өлімге қи­майтыны бәрімізге белгілі болса, тылсым таби­ғатта Қо­­­же­кең­мен қимай қош­тас­қан­­дай болып еді, яғни Құт­тықо­жаны жер қойнына беретін сәтте күннің өте ыс­тық­тығына қарамастан ас­пан­ды бұлт торлап, жауын жау­­ған­ды­ғы­ның да куәсі болып едік.

Біздер Құттықожаның жақ­­­сы қасиеттерін үнемі еске түсіріп, айтып жүреміз. Оны білетіндердің тек жақсы қа­сиет­­терімен ғана еске алаты­нына күмәніміз жоқ.

Қамбар ӘЖІБЕКОВ,

қаржы саласының ардагері,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері