А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда қалалық ардагерлер ұйымы мен қалалық тілдерді дамыту бөлімі бірлесе ұйымдастырған «Әжелер өнері – ұрпаққа үлгі» атты әжелер ансамблінің байқауы өтті.
Байқау мақсаты – салт-дәстүрді қайта жаңғырту кейінгі ұрпаққа өнеге ету, жас отбасындағы келіндер үшін ұлттық тағамдарды даярлау тәсілдерін үйрету, өз елін сүйетін ұрпақ тәрбиелеу. Сайыс салтанатында қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ө.Шәменов ақ тілегін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әжелер өнері, әжелер өнегесі бүгінгі қоғамда тәрбие құралы екенін алдарына биік тұғыр етіп қойған 8 әжелер ансамблі осы байқауға қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын тәрбиелік мәні жағынан ұғындыра көрсетілген қойылымдар зал толы көрерменді өздеріне тәнті етті.
Қазақ халқының ежелден келе жатқан, бірақ бүгінгі күні тасалау қалған «Қымызмұрындық», «Құрсақ шашу», «Аушадияр», «Шашбау тағу» сияқты дәстүрлерін түсіндірме жүргізе отырып, ұлттық тағамдарды даярлауды нақышпен жеткізе білді. Әжелер шырқаған «Үкілім-ай», «Гүлдерайым», «Ауылдағы той» әндері көрермендерді көтеріңкі күйге бөлеп, бір серпілтіп тастады.
Байқау қорытындысымен I орын «Ұлағат» әжелер ансамбліне (А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйі), II орын «Ақниет» әжелер ансамбліне (Абай ауылы) бұйырса, екі бірдей III орынды «Асыл жандар» (қалалық білім саласы) және «Ақ бата» әжелер ансамбльдері (Белкөл кенті) бөлісті.
Жүлдегерлерге қаржылай сертификат пен бағалы сыйлықтар, алғыс хат табысталды.
«СБ» ақпарат





