Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысына қатысып, жиынға еліміздің барлық аймағынан келген ұлағатты ұстаздарды құттықтады. Оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін көтеруге, аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жоюға, жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізуге, балаларды қорғау және олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға, тәрбиеге баса мән беруге арнайы тоқталды.
Президент аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтық жайлы сөз қозғағанда, Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы нәтижелерін атап өтті.
– Мәселен, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Президент Әкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп, төмен нәтиже көрсеткен облыстарға нақты көмек көрсетуді, мысалы, арнайы талдау жүргізуді тапсырамын. Ал Үкімет білім жүйесінің тиімділігін арттыра түсетін жан-жақты зерттелген шешімдер ұсынуға тиіс. Бұл мәселеде жетістікке ие болған мектептер мен даму институттарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Қызылорда облысы үшінші жыл қатарынан Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы жөнінен республикада бірінші орынды иеленді. Мектеп бітіруші 10 340 түлектің 10 140-ы немесе 99,55 пайызы ҰБТ-ға қатысты. Орташа балл – 74,90, 100 және одан жоғары балл жинағандар саны – 1 616 немесе 16 пайыз.
Кейінгі төрт жылда сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен білім саласына аймақ бюджетінің 45 пайызы бағытталды. Саланың инфрақұрылымы қарқынды дамып, осы уақытта жаңадан бой көтерген білім беру, қосымша білім беру мекемелерінің саны 46-ға жеткен. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, Оқушылар сарайлары, Өнер мектептері, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық, «Ai-kerim» оқу-сауықтыру орталықтары, Ботаникалық бақ сияқты нысандар бар.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






