Еркін ойлы Еркін

3

0

Қандай ортада, қандай жағдайда болмасын жүйелі ой қозғап, көпті толғандырған тұшымды пікір айта білген азаматты құрметтейтін елдің ұрпағымыз. Әсіресе, әркім өзі ойға алған істің шешімін таба алмай жүрген, шешімін тапса да, жүзеге асыруға тәуекелі жетпей екіұдай күйде жүргенде дұрыс бағыт беріп, қадамыңа құт дарытқандай әсер ететін жандар болады. Менің қырық жылдан астам мұғалімдік қызметімде осындай дұрыс бағыт беріп, шығармашылық шабытпен жұмыс жасауыма ықпал еткен аға буын ұстаздар аз болған жоқ. Осы жолға өзіммен қатар келіп, өзіндік ұстанымы қалыптасқан, үнемі шығармашылық ізденісте болатын, мұғалімдік міндетті ұрпаққа мінсіз қызмет ету деп танитын әріптес дос Еркін Дүйсенбаев.

Еркін екеумізді алғаш таныс­тырып табыстырған өткен ға­сыр­дың тоқсаныншы жыл­да­рын­дағы аудан мектеп ди­ректор­ларының бірлестік жетекшісі Жаман­құл­ов Базарбай болатын. Еліміз тә­уелсіздік алған алғашқы жылдары мектеп­тегі тәрбие саласы біршама дағдарысқа ұшыраған кез. Осы жөнінде Базарбай ағайымыз өз ойын ортаға сала отырып, тәрбие саласын ұлттық салт-дәстүр не­гіз­деріне бағыттап қайта жасау керектігін, облыс көлемінде ұсы­ныс жасайтынын айта келіп, жобаны жасауды Еркін екеумізге тапсырды.

Ол уақытта Еркін №166 орта мектеп директоры, мен №162 ор­та мектепте тәрбие ісі жөнін­дегі орынбасармын. Ауылымыз ір­ге­лес болғандықтан, бір-біріміз­бен байланысу да қиын болған жоқ. Алғашқы жобамыз екі айда дайын болып, облыс көлемінде тара­тылды. Содан бері де отыз бес жылдай уақыт өтіпті. 1994 жылы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Жыл директоры» конкурсында Еркін өзінің ақындық талантымен қоса, табан астында жұмбақ құрастыру мен тосын тосқауылдар табу ше­берлігімен көзге түсіп, «Жыл директоры» атанды. Осы конкурс­тан кейін мамандығыма байланыс­ты қандай да бір ке­дергіге жо­лықсам, Еркінмен пі­кір­лесу мұға­лімдік дағдыма айнал­ды. Оның ұсыныстары тым қа­ра­па­йым және өте түсінікті болушы еді.

– Батеке, жаңалықты ешкім тың­нан бастамайды, бұрын бол­ған дүниені өңін өзгертіп, қайта ұсынады. Сондықтан қан­дай дү­ниенің болмасын шешімін өткен­нен іздеу керек, оңай таба­сың, нә­тижеге тез қол жеткізесің, – деуші еді.

1995 жылы «Народное образование» журналының Ресейден әлі шығатын кезі. Сол журналды жаздырып алып, дүниежүзіндегі білім саласындағы жаңалықтармен та­нысып отыратынбыз. Сол жур­налдың бір санында «КСО» (коллективное средство обучения) әді­сі ұсынылыпты. Осы әдісті мек­теп бағдарламасына енгізуді жос­парлап, жан-жақты ізденіп жүріп, Еркінмен хабарластым. Амандық- саулықтан кейін, ой-пікірімді тың­дап болып: «Осы әдістің жо­ба­сы кеңес өкіметінің жаппай сауаттандыру кезеңіне сәйкес келетін сияқты, сондықтан сол кезеңнің тарихын қарап шығу керек» деген ұсынысы дәл келгенін, соны зерделеу өзімнің ойыма келмеген шалағайлығымды әлі күнге ың­ғайсыздана еске аламын.

2001 жылы Аққұм бекетіндегі жаңадан ашылған №221 мектепке ауысып келген кезімде, мектептің жалпы жоспарлау жұмыстарында да Еркіннің көп көмегі тиді. 2002 жылы аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетіне ауысып келді. Сол жылдың соңында об­лыс­тық білім басқармасы оны кадр­лар біліктілігін арттыру жә­не ақпараттық технология­лар инс­титутына қызметке шақы­ра­ды. 2003 жылдан кабинет меңге­рушісі, 2006 жылдың қаза­нынан облыстық білім беру қызмет­кер­лерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты ди­ректорының орынбасары қыз­метін атқарды. Осы институт қа­бырғасында қызмет ете жүріп, «Озат тәжірибені зерттеу мен жалпылау», «Физиканы жаңаша оқыту әдістемесі», «Қазіргі сабақты ұйым­дастырудың әдістемесі» ат­ты оқулықтардың авторы болумен қатар, Кембридждік білім мен Назарбаев зияткерлік мектебі дербес білім беру ұйымының біріккен әдістемелік жаңа бағдарламасын жазып шықты. Ол педагогика са­ласындағы жаңалықтарды мектеп бағдарламасында оқытудың қарапайым түрін тани білумен қа­тар, білімді, шығармашылық із­деніс үстінде жүретін талантты әріптестерін оқытудың ғажайып шебері болды.

Әртүрлі деңгейдегі кездесулер барысында «Ереке, қазір облыс орталығындасың, ғылыммен айналысуға мүмкіндік мол, қабі­ле­тіңді сынап көрсең қайтеді» де­ген ұсыныс айтып көріп едім, ұзақ ойланып отырып: «Ойыңды түсіндім, бірақ мені көп қызықтан айырғалы отырсың ғой, мен ғы­лымға беріліп, соңына түсер бол­сам, анау бәйгеге бабы келіп, ша­быс тілеп тұрған әріп­тестерге қамшы сілтейтін қа­бі­летімнен айы­рылып қаламын ғой, сондықтан бұл мәселені жаба тұ­райық», – деген еді. Бұл ойының да аста­рын кейін өзі дәлелдеп, об­лыс кө­леміндегі шығармашыл мұ­ға­лім­­дерді қолдау және озат тә­жі­рибені тарату мақсатында өзі­нің ой-пікірін ұсына отырып, сол кез­дегі облыстық Білім және ғы­­лым қызметкерлері кәсіподағы ко­­­ми­тетінің төрайымы Райкүл Бай­­­­на­зарованың қолдауымен, об­­лыс­­тық білім беру қызметкер­лері­нің біліктілігін арттыру және қайта даяр­лау институты арқылы жүзеге асы­рып, «облыстық тәжірибе ала­­­ңын» құрып, жетекшілік етті. Он жылдан астам уақыт «Тә­жі­­­­рибе ала­ңы» жұмысын жос­пар­лау мен ұйымдастыруда бі­лік­­тілік пен шы­­ғармашылық ба­ғыт­­тарды бел­гілеп, конкурс­тар ұйым­дас­тырды. «Тәжірибе ала­ңы» қа­тысушылары арасынан рес­­­пуб­ли­калық деңгейдегі «Үз­дік педагог», «Үздік авторлық бағ­­дар­лама», т.б. конкурстардың көп­­­теген же­ңімпаздары шықты. 2017 жылдан бастап, «Тәжірибе ала­­ңы­ның» қазіргі үйлестірушісі, «Өр­леу» біліктілікті арттыру ұлт­­тық орталығы» акционер­лік қоғамының филиалы дирек­торы­ның орынбасары Серік Құсе­йін­овтің бастамасымен жыл сайын ақын педагогтер арасында Ер­кін атындағы жыр мүшәйрасы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

2013 жылдан өмірінің соңына дейін Астана қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебі дер­бес білім беру ұйымының Педаго­ги­калық өлшемдер орталығында эксперт-бағалаушы қызметін ат­қарды. Ол жақта жүргенде де об­лыстың шығармашыл ұстазда­рымен тығыз байланыста болды. 2014 жылы бір кездескенімізде келешекте эссе жазудың мектеп бағдарламасына енгізілетінін, оның тиімділігі мен өміршеңдігін айта отырып, «осы эссе жазудың әдістемесін қолға алсаң қайтеді» деген ұсыныс жасады. Екі жылға жуық еңбектеніп, бағдарламаны республикалық деңгейде қорғап шықтым. Бұндағы айтпағым, Ер­кіннің кімнің қабілеті қай бағытқа бейім екендігін тани білетінін мо­йындау еді. Алайда әлі де талайды мойындатып, еліміздің бі­­лім беру саласына үлкен үлес қо­­сатын нағыз кемеліне толған шағында келместің кемесіне мініп кете барды. Тек отбасы мен туған-туыстары ғана емес, өзін білетін білім беру саласындаға қаншама әріптестері де қимай қоштасып қала берді. Содан бері де он жыл уақыт өте шығыпты.

2017 жылы Еркіннің аруа­ғы­на бағышталған аста жары Қым­баттың құрастыруымен «Көңіліне әлем сыйған жан» атты естеліктер мен Еркіннің өлеңдері және өзі ұнататын афоризмдер мен аңыз-әфсаналар топтастырылған кіта­бы жарық көріп, таратылды. Бір таңғаларлығы өзі айтқан афо­ризм­дерді «белгісіз автор» деп беріп отырған. Осы кітапты оқи отырып, өзінің ойынан шық­қан афоризмдер мен аңыз-әфсана­лар­ды жазып алып, топтастырып, қа­же­тіне жарата білетін ұқып­ты­лығы да оқыған адамға үлкен ба­ғыт-бағдар болмақ.

Жалпы Еркін жайында айтылар естелік өте көп. Бүгін қолыма қалам алғызып, ойыма түрткі бол­ған аудан орталығындағы ха­лық ең көп жүретін орталық көше­нің бойында Еркіннің күлім­де­ген бейнесі ілінген билбордты кө­ріп, ерекше қуаныш па, әлде басқа бір бойымды кернеген бей­мәлім сезім бе, қасымдағы кісі­лерге «әне көрдіңдер ме» деп ай­нала бердім. Оны білетін көз­көр­гендерге телефон шалып, суретке түсіріп жібердім. Қуанға­нымнан аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Тө­легеновке алғысымды айта бар­ға­нымда: «Ел азаматтарын құр­мет­теу міндетіміз ғой, дегенмен осы іске тікелей қозғаушы болған ардагер ұстаз Мырзажан Жакип­овқа да алғыс айтуды ұмыт­па­ңыз» деді. Осының алдында ғана аудандық «Жаңақорған ты­нысы» газетінен редактор Баян Үсейін­ованың «Екпіндінің Ер­кіні» деген көлемді мақаласын оқып, арнайы кіріп алғыс айтып шық­тым. Ауыл жаққа барып, Екпінді ауылына соқсам, онда да орталық көшеге үлкен билборд ілініпті. Сондағы ардагер ұстаз Сайлаухан Жартыбаев және басқа да ел ақсақалдарымен пікірлесе отырып, алдағы уақытта Еркіннің атына аудан орталығынан, ауыл­­дан көше немесе өзі оқып, еңбек еткен мектеп атауын беру жөнін­де ұсыныс тастадым. Ел ақса­қал­дары ұсынысымды қабыл алып, алдағы уақытта жұмыс жа­сай­тын­дықтарын айтып, қуантып шы­ғарып салды.

Көзінің тірісінде ешқандай атақ-мансапқа құмартпай, өзінің бірқалыпты қарапайым келбе­тінен айнымаған абзал азамат Пре­зи­денттің, облыс әкімінің Ал­­ғыс хаттары мен «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс­­бел­гісінің және Республика көле­мінде таратылған бірнеше әдіс­темелік нұсқаулықтың қо­ры­­тындысымен Ы.Алтынсарин атын­дағы Ұлттық білім акаде­мия­сының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Ендігі жерде айтылған ұсыныс аяқсыз қалмайды деп сенемін.

Батырхан ЖОЛАНОВ,

ардагер мұғалім