Футболда үлкен арманға апаратын жол бір күнде басталмайды. Біреу допты аулада қуып өседі, енді бірі бала күнінен футбол мектебінің табалдырығын аттап, әр жаттығуда мақсатына бір қадам жақындайды. Қызылордалық 16 жастағы Ерсұлтан Біртай да кәсіби футболшы болуды көздеп, осы жолда бірнеше жылдан бері тер төгіп келеді.
Ерсұлтанның футболмен жақын таныстығы тоғыз жасында басталған. Сол кезде анасы оны «Қайсар» футбол орталығына алғаш рет алып барған еді. Жас айырмашылығына қарамастан, ол өзінен үлкен балалармен бірге жаттығып, алғашқы күннен-ақ бәсекенің не екенін сезінді. Алғашқы бапкерлері оған шабуыл шебін сеніп тапсырды. Гол соққан сайын футболға деген қызығушылығы артып, алаңдағы жауапкершіліктің де салмағын түсіне бастаған.
– Маған шабуылшы позициясында ойнауға мүмкіндік берді. Сол жерде өзімді нағыз футболшыдай сезіндім. Әр гол ерекше қуаныш сыйлайтын. Гол соққан сайын сенімің артып, одан да көп еңбектенгің келеді, – дейді Ерсұлтан.
Қазір ол «Қайсардың» жасөспірімдер құрамында өнер көрсетіп, QJ League додасында тәжірибе жинап жүр. Жас футболшылар үшін бұл жарыс тек ұпай мен турнир кестесі үшін өтетін бәсеке емес. Мұнда олар кәсіби футболдың талабына біртіндеп бейімделеді: өзге қалаларға сапар шегеді, түрлі алаңда ойнайды, мықты қарсыластармен кездеседі және әр матчта өзін көрсетуге мүмкіндік алады.
Биылғы маусымда Е.Біртай 14 матчқа қатысып, екі гол соғып, бір нәтижелі пас берген. Оның негізгі позициясы – орталық шабуылшы. Дегенмен қазіргі футбол бір ғана рөлмен шектелуді көтермейді. Сондықтан бапкерлер оны шабуылдың бірнеше нүктесінде пайдаланып жүр. Осы маусымда Е.Біртай сол қанаттағы шабуылшы ретінде 229 минут, оң қанатта 217 минут ойнаған. Бұған қоса сол жақ шабуылдаушы жартылай қорғаушы позициясында 159 минут өткізді, яғни жас ойыншы қажет кезде айып алаңының ішінде гол іздейтін форвард қана емес, екі қапталда да әрекет ете алады. Өткен маусымдағы көрсеткіші де оның біртіндеп алға басып келе жатқанын аңғартады. Былтыр Ерсұлтан 21 матч өткізіп, бес гол соққан және бір нәтижелі пас берген. Жасөспірімдер футболында құр статистикадан гөрі ойыншының әр маусым сайын тәжірибе жинауы маңызды. Ал бірнеше позицияда ойнау оның футболды әр қырынан түсінуіне мүмкіндік беріп келеді.
Ерсұлтанның бала күннен үлгі тұтатын футболшысы – Криштиану Роналду. Португалиялық жұлдыздың алаңдағы ойынын ғана емес, еңбекқорлығы мен өзіне қоятын талабын да жас футболшы ерекше бағалайды.
– Криштиану Роналдуға кішкентай кезімнен қараймын. Оның еңбекқорлығы ұнайды. Өзім мадридтік «Реалды» қолдаймын. Бір күні «Сантьяго Бернабеу» стадионында алаңға шықсам деген арманым бар, – дейді ол.
Арманның үлкен болғаны жақсы. Бірақ Ерсұлтан бүгінгі міндетін де ұмытпайды. Ол үшін қазір ең маңыздысы – күн сайынғы жаттығу, команданың негізгі ойыншыларының бірі болу және әр кездесуде өз мүмкіндігін толық көрсету. «Қайсардың» жас футболшыларымен жұмыс істейтін бапкер Сұлтан Әбілдаев та Ерсұлтанның мүмкіндігін жоғары бағалайды.
– Ерсұлтанның әлеуеті жақсы. Техникалық жағынан қабілетті, еңбекқор, тапсырманы орындауға тырысады. Ең бастысы – оның футболға деген ниеті мен талпынысы бар. Таланттың өзі жеткіліксіз. Күн сайын жұмыс істеу керек. Оның мінезі бар, соңына дейін күресе алады, – дейді маман. ‒ Алғаш рет өзінен үлкен балалармен бірге ойнап жүрген кезінде байқағанмын. Жас айырмашылығына қарамастан, Ерсұлтанның қарсыластан именбей әрекет етуі және доппен жұмыс істеуі назар аудартқан. Кейін оны командаға шақыру туралы шешім қабылдадым.
Маман әсіресе футболшының сол аяғын, допсыз қозғалысын және алаңдағы жағдайға қарай шешім қабылдауын атап өтеді. Ерсұлтан стандартты жағдайларды орындай алады, алыстан соққы жасауға да бейім. Шабуыл шебінің бірнеше позициясында ойнай алуы бапкерлерге тактикалық тұрғыдан қосымша мүмкіндік береді.
Әрине, 16 жастағы футболшы үшін ең маңызды кезең енді басталып келеді. Жасөспірімдер футболындағы жақсы ойын автоматты түрде үлкен футболдағы табысқа кепіл болмайды. Алда бәсеке күшейеді, талап артады. Әр минут пен әр мүмкіндік үшін күресуге тура келеді. Ерсұлтан да мұны түсінеді. Оның жақын мақсаты – «Қайсар» жүйесінде өзін толық дәлелдеп, негізгі командаға дейін жету. Одан кейін Қазақстанның үздік клубтарының бірінде күшін сынап көргісі келеді. Ал түпкі арманы – Еуропа футболына қадам басып, халықаралық деңгейде өнер көрсету.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





