Есірткі қылмысының жолын кесуде қызметтік иттердің көмегі аз емес. Қызылорда облысында өтіп жатқан «Қарасора-2026» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен 38 құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде есірткіге қатысты 5 құқықбұзушылықтың жолы кесілді.
Қызылорда облысы аумағында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қою, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қарасора-2026» іс-шарасы 1 маусымда басталған. Жұмыс 31 қазанға дейін жалғасады. Осы кезеңде облыс аумағында мобильді бекеттер жұмыс істеп, оған жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, рота қызметкерлері және кинолог мамандар жұмылдырылған.
Жуырда Арал ауданы аумағындағы «Шеп» бекетінде полиция қызметкерлері «Land Cruiser» автокөлігін тоқтатқан. Көлікті тексеру кезінде кинолог маманның қызметтік-іздестіру иті неміс овчаркасы «Босс» күмәнді затты анықтауға көмектесті. Тексеру нәтижесінде салмағы 2 келіге жуық полиэтилен пакетке салынып, скотчпен оралған зат анықталды. Сараптама қорытындысы оның марихуана екенін көрсетті. Аталған дерек бойынша қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Полиция департаментінің мәліметінше, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бағытындағы жұмыс тұрақты түрде жалғасуда. Құқық қорғау органдары азаматтарды қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін мұндай фактілерге бейжай қарамауға шақырады.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы»






