Сыр елінің дамуы мен өркендеуіне ерен еңбек сіңірген тұлға, екі ауданның әкімі, облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты секілді жауапты қызметтер атқарған қоғам және мемлекет қайраткері, Қызылорда қаласының және Қармақшы ауданының құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Бекмырза Қайыпұлы Еламановты жалпы жұрт оның атқарған қызметтері арқылы ғана танып білуі мүмкін.
Жақында қаладағы «Жастар үйінде» ардагерлермен кездесу өтіп, сонда бір жас азамат: «Сіздер бізге не бердіңіздер?» деп сұрақ қойыпты.
Бүгінгі игіліктердің бәрі аспаннан түскен жоқ, біз «ерен еңбек сіңірді» деген сөзді үндестік үшін айта салмаймыз. Кешегі тоқсаныншы жылдары дүкеннің сөрелері жылан жалағандай болып тұрды, ақша түгіл бас қайғы. Малдың маңқасы шығып, адамның аңқасы кепкен сор күндердің зілбатпан салмағын арқаға салып, бізге жеңілдігін жеткізген аға буын емес пе? Әлде олар сол кезде Мальдивте демалып жатты ма?
Бұл жерде бір кілтипан бар, біз адамның ішкі жауһарын ашып көрсете алмай жүрміз. Баяғыда жазушы Ғабит Мүсірепов: «Бүгінгі әдебиетте мал бар, малшы жоқ, көмір бар, көмірші жоқ» депті. Адам жарығы айналасына түссе, жастар оларға жадағай сұрақ қоймайды, жанына жақын тартып, солардай болсақ екен деп еліктейді. Демек, қате бізде, жылдар қыртысынан асылымызды аршып ала алмай жүрміз.
Сондай асылдың бірі Бекмырза ағаммен әңгіме-дүкен құрдым.
– Аға, әңгімені ғұмырдарияның сағасы шыққан жерден бастайықшы.
– Солай дұрыс, әйтпесе пойыздан түсіп қалған бала сияқты боламыз. Біздің нәр алатын қуатымыз ата-бабаның, әке-шешенің өсиеті мен қасиеті екенін ешқашан ұмытуға тиіс емеспіз.
Үлкен атамыз Еламан деген кісі болған, одан Боранқұл туады, менің әкем Қайып – Боранқұлдың баласы.
Боранқұл атамыз бай, малды кісі болыпты. Тұрған жері – Қазалы уезінің 16-шы аулы. Патша өкіметі кезінде де, кеңес өкіметінің алғашқы жылдары да қазақ ауылдарының көбі осылай нөмірленіп аталды. Кейіндеу сол ауылдарды коммунистік партия көсемдерінің не революция тұлғаларының атымен атау етек алды. Мысалы колхоз-совхоздардың бәрі – Карл Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин, Киров, Чапаев деген сияқты атаулар иеленді. Бұл да жергілікті тарихты сызып тастап, орыстық басқару құрылымын орнату саясатының бір жолы болды. Алайда, уақыт бұл атаулардың бәрін ысырып шығарды.
Сол атамыз мал жайымен үнемі Қызылқұм мен екі ортада көшіп жүрген. Жалғыз үй емес, басқа да малды кісілер солай көшіп жүретін болыпты. Көш Қызылқұмға дейін үш-төрт қонып барған. Әрине, атпен тіке тартса ондай қашық емес, бұл жайылым малының аяғымен кететін уақыт. Көшіп бара жатқандар дарияның сол жағасынан жетпіс шақырымдай жердегі Сейітпенбет әулие белгісіне дұға, тілектерін айтып өтеді екен.
Сейітпенбет – Қорасан ата атанған Абдулжалил бабтың ұрпағы. Сейітпенбет әулиенің кереметтері туралы әңгімелер де көп. Сол заманда мен әулиемін дегендер әр жерден шығыпты. Халық оларға қарсы сөйлеуді білмей, қол қусырып, құлдық ұра беруден шаршапты. Солардың өтірік-шынын білу мақсатында әулие екеніңді дәлелде, тоқсан түйеге жүк болар отынды өртейміз, сол отқа кіріп шықсаң, шын әулиесің депті. Қызыл тілі жалаңдаған отқа Сейітпенбет әулие кіріп, жанбай шығыпты. Халық осыдан соң оны Ер Сейітпенбет деп атапты. Содан бастап әулиемін дегендер бұл өңірге ат ізін салмай жоғалыпты.
Базар жыраудың:
«Отқа салса күймеген,
Бір шарпуы тимеген.
Арамды көңлі сүймеген,
Дін мұсылман баласын,
Кереметпен билеген.
Баба Түкті Шашты Әзиз,
Ер Сейітпенбет, Мағзаман,
Марал ишан, Сопы Әзиз,
Солардан өткен сұм заман», – деген өлеңі де бұл тұлғаның биік дәрежесін анық танытады.
Әкем Қайыптың тоғыз жасында әке-шешесі қайтыс болып, Назгүл апасының қолында қалады. Жастайынан мал бағып, шаруа қамын күйттеп өскен біздің әкеміз өте еңбекқор адам еді.
Назгүл апамыз інісін мал бағып жүре бермей, ел ішінде еңбек етіп, көппен аралассын деген ниетпен он үш жасында Қорқыт стансасына жіберіпті. Бұл станса 1903 жылы теміржол түскенде салынған, сол кезден Қорқыт аталған. Әкем Қорқытқа келген соң ағайындардың үйіне жатып жұмыс істеген. Бұл 1920-жылдардың шамасы. Алғашқы кезде белгі берушінің көмекшісі, белгі беруші болған, содан бастап осы жерде қырық жеті жыл жұмыс істеген.
Оқудан жасы өтіп кеткен әкем «Ликбезден» сауат ашқан. «Ликбез» деген «ликвидация безграмотности» деген сөз, яғни сауатсыздықты жою. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары жалпылай сауаттылық үшін күрес жүрді. Сол кезде жеті жастан отыз-қырық жасқа дейінгі балалар мен ересектер бір партада отырып оқыған.
«Ликбезден» сауат ашқан әкем онан әрі оқымаса да, білімді кісілерден кем емес еді. Қолжазуы тасқа қашап түсіргендей, әріптері өте сұлу таңбаланатын. «Правда», «Гудок» деген орысша шығатын одақтық газеттерді жасы ұлғайғанша жаздырып алып, оқыды. Жиырма жеті жасында станса бастығы болған. Мұның өзі әкемнің сауаттылығын, көшбасшылығын танытады.
Соғыстан бронмен қалған. Теміржолшылардың өзі әскерилермен теңестірілген. Соғыс кезіндегі теміржол жұмысының өте қиын болғанын әкем кейде әңгіме арасында айтып қалатын.
Эшелондар әрі-бері көп өтетін болған. Әскерилер тиеген эшелон ұзағырақ тоқтап тұрып қалса, солдаттар вокзал маңындағы үйлерге кіріп, малдарын сойып алады екен. Ал қорыққан жұрт есіктерін тарс жауып, далаға шыға алмаған. Сондай бір күні әкем эшелоннан секіріп түскен солдаттардың алдын кес-кестеп, кеуделерінен кері итеріпті. Солдаттардың бәрі қарулы, бір офицер әкеме пистолетін кезеп, атамын депті. Әкем қасқайып тұра беріпті. «Бір мылтықтың аузына қырық кісі сыяды» деген, мылтықтың үңірейген ұңғысына кеудесін тосып тұру жүректі, батыр адамның ғана қолынан келетін әрекет. Осыған қарап, әкемді батыр адам деп айта аламын.
Ол кісі үкіметшіл, әділ адам болған. Жиырма бес жасында коммунистік партия қатарына өткен. Жұмысынан ешқашан қалмайды, ауру-сырқауды білмейді. Өзіміз көрдік, жұмысын бірде күндіз, бірде түнде істейтін. Ауысым ретіне қарай түскі мезгілде көз шырымын алады. Сондайда біз сыбырласып сөйлесетінбіз.
– Ол кездегі адамдардың бәрі осындай ма еді?
– Бес саусақ бірдей емес, әр заманда да әртүрлі адамдар болады. Дегенде, біздің бала күнімізде адамдардың көбі ынтымағы жарасқан, ауызбіршілігі мол, бір-бірімен ағайындай болып араласатын. Қазір жұмысы болмаса бірге туғандардың өзі бір-бірінің үйіне кіре бермейді.
Ауылдың үлкендері бізді өз баласындай, одан кішілері туған інісіндей көретін. Далада кездесіп қалып, жұмсап жіберсе, жүгіріп кетеміз. Үй арасында сенікі, менікі бола бермейді, ыдыс-аяқтары араласып жатады. Есіктері ешқашан жабылмайды, бірінікін бірі сұрамай алады. Ауылда ешкім өз бетінше тірлік жасамайды, біреу үй салса, бәрі асарлатып салады. Бір-біріне қол созу, көмек беру қалыптасқан дәстүр.
Мал әркімнің үйінде бар. Дарияның арғы бетінде шөп шабатын кішкене арал болатын. Жердің өсімдігі біркелкі шыға ма, шабындықтың бір жері қою, бір жері сиректеу келеді. Ауылда шөптің шүйгінін жұрттан бұрын барып орып алатын өзімшіл пысықайлар болмайды. Жазды күні шөп жетілгенше ауыл үлкендері аралға барып, шабындықты үй санына сәйкес елу-алпыс учаскеге бөліп, нөмірлеп, шек салады. Күзде әркім несібесіне қарай өзіне тиісті шөпті орып алады.
Ауылда Ақшонық әже, Әйкүл әже секілді ер-азаматтары майданнан қайтпаған жалғызбасты кісілер де тұратын. Жаппай шөп шабу басталмай жатып, ағаларымыз алдымен сол әжелеріміздің шөптерін шауып, қорасына түсіріп беретін.
Әкем станса бастығы болып тұрған кезде стансаға бөлінген көмірден үнемдеп, жалғызбасты әжелердің үйіне түсіріп беретін. Біздің ауыл ғана емес, бұл маңайдағы ауылдың бәрі де туысқан адамдардай араласады. Бала күнімізде ру дегенді білген жоқпыз. Қай жерденсің, кімсің дегенде «Қорқыттанбыз», «Диірментөбеденбіз», «Кемесалғаннанбыз» деп жауап береміз, руымыз – сол.
– Қазір неге осындай қайырымдылық азайып кетті?
– «Бала әкеден сынық сүйем кем туады» дейді қазақ.
Жоғарыда әкемнің жиырма жасынан станса бастығы болғанын айттым. Содан алпыс жеті жасқа жеткенше еңбек етті. Адал еңбегінің арқасында «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және басқа да медальдармен марапатталған. «Құрметті теміржолшы» атағын алған.
Бәлкім, мен әкемнен лауазымы жоғары қызметтер атқарған шығармын. Халық сенсе, басшылық берсе, ол қызметті кім болса да атқара алады. Мәселе – сана биігінде, сарқылмас адами құндылықта. Бұл жағынан алғанда біз шынында әкеден сынық сүйем кем туғанбыз.
Қазақтың осы нақыл сөзіне бір мысал айтайын ба?
Абылайханның немересі, атақты Шыңғыс Көкшетаудың аға сұлтаны болған ғой. Шыңғыстың жеті баласының бірі Жақып төре Ақан серіден Құлагерді қайта-қайта сұрап бара бергесін Ақан: «Аға сұлтандықпен Шыңғыстың даңқы шықты, жүйріктікпен Құлагердің даңқы шықты. Осыны әкеңе айтып бар, сосын келіп Құлагерді ал» депті.
Оңай берді ғой деп қуанған ол әкесіне барып, Ақанның айтқанын жеткізеді. Сонда Шыңғыс: «Ой, ақылсыз балам, бұл мал да болса Құлагердің құны аға сұлтан әкеңмен пара пар деген сөз емес пе? Біреу әкеңді сұраса берер ме едің?» депті.
Содан кейін Жақып Ақанның алдына бармапты.
– Тамаша, тәрбиелі оқиға екен. Негізі біз сіз жайында жазбақ едік, әңгіме әкеңізге қарай ойысып барады.
– Әкемді айт та, содан сынық сүйем төмен мені айт, сонда жаңылмайсың.
– Дегенмен, балалық шақтан бір кезеңді көзге елестетіп көріңізші…
– Ауылда бастауыш мектеп бар еді. 1956 жылы, алты жасымда бірінші класқа барғанмын. Мектеп деген аты, жатаған екі бөлмелі там. Бірінші мен үшінші, екінші мен төртінші кластар қосылып оқитынбыз.
Бастауыштан соң Қармақшыдағы Калинин атындағы №105 қазақ орта мектебіне ауыстық. Мектептің теміржолшылар балаларына арналған интернаты болатын. Бесінші кластан бастап сол интернатта жатып оқыдым.
Сол кезде бүгінгі академик, «Болашақ» университетінің негізін қалаушы ғалым-ұстаз Бақберген Досманбетов №26 мектептің оныншы класында оқитын.
Интернаттағы кезең өте қызықты өтті. Сабақтан бос уақытта волейбол, футбол ойнаймыз. Ажырамаймыз, ауызбіршілігіміз мықты. Жоғары кластың оқушылары өзінен кішілерге қамқор болып, қорғаштап жүретін.
Апта сайын ауылға барамыз. Біз теміржолшылар балалары болғандықтан интернаттың өзі пойызға билет береді. Бірақ, ол пойыз кештетіп жүретін болғандықтан, сенбі күні түсте сабақтан шыға сала тауарлы пойызға мініп кете береміз. «Диірменде өскен тышқан дүбірден қорықпайды» дегендей, үлкеніміз де, кішіміз де пойызға жабысып алудан қорықпаймыз. Тауарлы пойыз бірде ауылдан он шақырым өтіп кетіп, Белтақырға тоқтайды, бірде алты шақырым жетпей, Шошқакөлге тұрады. Бізге бұл қашық емес, ауылға жүгіріп жетеміз.
Алтыншы, жетінші оқып жүргенде дариядан жүзіп өтетінбіз. Қазір суға кетті дегенді жиі естиміз, сол кезде ешқайсымыз суға кеткен жоқпыз. Мұның себебі не деп ойланамын, кейде. Біз жасымыздан еңбек еттік, өз бетімізше әрекет қылып үйрендік. Ойнап кетсек, біздің артымыздан іздейтін адам жоқ, бар, бірақ іздемейді. Үйге қонаға бір-ақ кіреміз. Мен мұзда конькиді жақсы тебетін едім. Бізге спортты да, өнерді де ешқандай үйірмеге, секцияға бармай-ақ өмірдің өзі үйретті. Қазір ата-аналар баланы көзден таса қылмайды, олардың өздігінше әрекет етуіне уақыт қалдырмайды. Артына жалтақтатқан мұндай тәрбие баланы босаңсытады. Бәлкім, суға кетті дейтін суық сөз астарында осындай сырлар бар шығар.
Интернаттың ішкі тәртібі қатаң болатын. Таңертең ұйқыдан сағат алтыдан отыз минут кеткенде бір мезгілде бірдей тұрамыз. Кешкі ұйқыға да бір уақытта түгел жатамыз. Шалбарымызға су бүркіп, тақтайлап астымызға салып жатамыз. Өтектен шыққандай болып қыр түседі. Төсенішіміз жұқа болғандықтан шалбарымызға сызық-сызық болып керуеттің тор сымының ізі түсіп қалатын кездер де болады.
Интернат директоры – Евгения Ивановна. Қармақшыға соғыс кезінде келіпті. Асханадағы аспазымыз тетя Тося деген апай. Осы кісілердің аты есімізде қалды.
Сенбі сайын ауылға жүгіре бермей, танцыға қалатынбыз. Би десе, шашымызды қайырып шыға келеміз. Сол кезде «твист», «чарльстон», «вокстрот» деген билер сән еді. Би үйренгеніміз секілді шахмат та үйрендік. Тіпті, темекі шегетін болдық. Тезірек үлкейсек дегеннің бір белгісі шығар. Бірақ, темекі шеккеннің жазасы да жеңіл емес, жұрт ұйқыға жатқанда тәрбиешілер саған еден жудырып қояды.

Бір күні директор Евгения Ивановнаның өзі бізді сағат он бірде төсегімізге жатқызып кетті. Кетті деп ойлағанбыз, сөйтсек, ол терезеден сығалап аңдыпты. Өйткені, кекіл қайырып қалған біздің сағат он бірде жата қалуымыз екіталай. Содан тыққан темекілерімізді алып тұтатып, түтінін созып жатқанбыз. Бір кезде кіріп келді.
– Әкел бері, темекіні! – деді зілді сөйлеп.
– Темекі шеккен жоқпыз, – деп тайсақтадық.
Өтірігімізді әшкерелеп темекінің иісі бұрқырап тұр.
– Ертең әке-шешелеріңді шақыртамын. Интернаттан шығартамын! – деді ашуланып. Мұнан ауыр жаза бар ма, еден жуған айналайын екен. Түнімен ұйықтай алмадық. Сол күні жердің бетімен жүргеніміз болмаса, қарсы келген адамның жанында бас көтере алмадық. Жұрттың бәрі бізге тесіліп қарап тұрған сияқты, ұяттан өртендік. Әке-шешеміздің көзінше жер-жебірімізге жетіп жатқан мұғалімді елестетеміз. Сөйтіп, бір күн өтті, екі күн өтті. Бірақ, әке-шешеміз келген жоқ. Апайдың ешкімді шақырмағанын білдік.
Содан бастап біз темекі дегенге жолаған емеспіз. Күні бүгінге дейін. Қазір ойлап отырсам, не деген тәрбие деймін. Егер ол кісі әке-шешемізді шақыртса, оған ерегісіп, темекі тартып жүре берер ме едік. Апай сол жаман әдетті ұятпен қойдыртыпты.
– Қазіргі мұғалімдерге осындай сұс, сұс па, жоқ, бедел ме, әйтеуір бірдеңе жетіспейтін сияқты ғой.
– Мұның рас. Мұғалімнің беделін көтеру керек. Бұл айлық жалақы мөлшерін көтерумен өлшенбейді. Мұғалім мектепке алынарда үлкен сынақтан өтуі тиіс. Қандай жаман әдеті, қандай жақсы қыры бар, баланы жақсы көре ме, үйіндегі тәрбиесі қандай болған, осыны саралау жоқ. Мұғалімнің жүріс-тұрысынан да, сөйлеген сөзінен де зиялылық көрініп тұруы тиіс. Бұл – бір.
Екіншіден, мұғалімнің беделін көтеруге ата-аналар да атсалысуы тиіс. Өйткені, мұғалім сол ата-ананың болашақ тірегін тіктеп жатыр. Қазір мұғалім өйтті, бүйтті десе, ата-аналар мектепке жүгіріп барып, бет жыртысудан тайынбайды. Ал, біз заманымызда әке-шешеңе айтам десе қорқатынбыз, өйткені, әке-шешеміз мұғалімнің айтқанын істемегеніміз үшін бізді жазалайтын. Оның мысалын жаңа айтып өттім.
Мұғалім бағбан болуы тиіс, оның алдындағы бала – жеміс ағашы, жемістің құрт түспей, тәтті болып пісуі бағбанға байланысты.
– Аға, бағбан демекші, есік алдындағы жайқалған жеміс ағаштарын өзіңіз ектіңіз бе әлде бағбаныңыз бар ма?
– Жоғ-ә, өзім ғой, бағбан. Мына алманы, жүзімді, алмұртты, шабдалыны, тіпті гүлдерді де өзім ектім. Оны егіп қоймайсың, суарасың, дәрілейсің, күзейсің, суыққа тоңдырмауың, ыстыққа күйдірмеуің керек. Сонда ғана ол өнімді жеміс береді.
– Рахмет, аға. Венера апай екеуіңіз өмір бағының тәтті жемісі – балаларыңыздың, немере, шөбере-шөпшектердің қызығын көріп, ғасыр тойына жетіңіздер. Жас ұрпақ сіздердің үлкендіктеріңіздің үлгісімен өркен жая берсін.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





