Қолөнер мен технология тоғысқан алаң

4

0

Қызылорда қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында «Creative Battle: AI × Ұлттық қолөнер» сайысы өтті. Он саусағынан өнер тамған шеберлер онда дәстүрлі қолөнерді жасанды интеллект мүмкіндігімен ұштастырып жаңа өнім әзірледі. Жоба Сыр өңірінің брендтік ерекшелігін заманауи нарық талаптарына сай жаңғырту, жергілікті кәсіпкерлердің креативті идеяларын қолдау, ұлттық мәдени мұраны дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Сыр елі – ежелден ұлттық өнердің өрісі, қолөнердің қаймағы бұзылмаған қасиетті мекен. Жаһандану заманында көне мұраны сақтап қана қоймай, оны заманауи техноло­гияның тілінде сөйлету – уақыт талабы. «Creative Battle: AI × Ұлттық қолөнер» са­йысы өңірдің кәсіпкерлері мен жаңашыл жастары үшін нағыз шығармашылық алаңға айналды. Жобаның акселерациялық кезе­ңінде командалар клиент портреті мен эм­патия картасын жасауды, брендтің мәні мен құндылығын қалыптастыруды үйренді. Сон­дай-ақ жасанды интеллект көмегімен логотип, визуал және қаптама дизайнына арналған сұраныс құрастыруды меңгерді.

Дүбірлі доданың іріктеу кезеңінен бас­тап бәсеке көрігі қызды. Қатысушы коман­далар қазылар алқасына «Сырдан сый» тақырыбы аясында төл туындыларын Сыр өңірінің мәдени коды, тарихы және ерек­шелігімен байланыстыра отырып таныс­тырды. Нәтижесінде сарапшылар шешімі­мен 9 команданың 6-ы суырылып алға шы­ғып, финалдық кезеңге жолдама алды.

– Байқаудың форматында ерекшелік бар. Бұған дейін хакатон бөлек, баттл бөлек өтетін. Бұл жолы екі форматты біріктірдік. Хакатон 24 сағатқа созылса, бүгінгі сайыс­тың шарты бойынша шеберлер 4 сағат ішінде жаңа өнім әзірлеуге күш салды. Біз қолөнершілердің өз өнімін жарнамалап, же­ке брендін қалыптастыруға, сатылым дең­гейін арттыруға қолдау көрсетеміз. Осы мақсатта тегін сауда алаңдары ұйымдас­тырылып тұрады. Ынталы қолөнершілер қыркүйек айында Астана қаласында өтетін республикалық жобада тәжірибе алмасып, байқау барысында әзірлеген өнімдерін көбейтуге мүмкіндік алады, – деді «Анаға тағзым» орталығы директорының орынба­сары Жанар Сағындықова.

Финалда қатысушылар экономикалық қызмет түрлерінің жіктелуіне сәйкес бір­неше маңызды бағыт бойынша бақ сынасты. Атап айтқанда, дайын тоқыма бұйымдары, ұлттық киім мен заманауи аксессуарлар, былғарыдан, ағаш пен табиғи материал­дар­дан жасалған бұйымдар, керамикалық тұрмыстық және сәндік дүниелер, сондай-ақ көздің жауын алатын зергерлік заттар мен ерекше кәдесыйларды көрсетті.

Сайыстың тағы бір ерекшелігі, шеберлер дайын бұйымдарды қайта өңдеу арқылы мүлдем жаңа, креативті өнім жасап шы­ғарды. Бұл бағыт қатысушылардың қиялы мен шеберлігіне үлкен қозғау салды. Бұл жай ғана қолөнершілердің көрмесі емес, өнер мен технология тоғысқан өндірістік майдан болды. Өйткені сайыс ережесі бо­йынша әр командада қолөнер шебері, ди­зайнер және ЖИ маманы бар. Олардың ортақ жұмысын бағалау кезінде қазылар алқасы өнімнің сыртқы келбетіне ғана емес, ерекшелігіне, жасалу техникасына, сапа­сына, қаптамасы мен көркем безендірілуіне, нарыққа шығарудағы маркетингтік құрал­дарды тиімді пайдалану деңгейіне баса назар аударды. ЖИ мамандары ұлттық ою-өрнектер мен дизайн элементтерін жасанды интеллект көмегімен түрлендіріп, жаңа заман трендіне сай бейімдеді.

– Командалар үлкен еңбек етті. Өзгер­мелі сөмке, кеудеше, ерекше балаларға ар­налған ойыншық сияқты өнімдерді наза­рымызға ұсынды. Ескі кілемге екінші өмір сыйлап, оны заманауи әрі трендтегі сөм­келерге айналдырған команданың жұмысы өзіме ерекше әсер сыйлады, – деді қазылар алқасының төрайымы, Креативті индуст­рияны дамыту қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Жанна Аманова.

Жоба қорытындысында жеңімпаздарды облыстық мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов марапаттады. «Сыр өрімі» коман­дасы сайыстың бас жүлдесін иеленіп, 500 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты жеңіп алды. «Тұмар» командасы І орынға лайық деп танылып, 250 мың теңге көле­міндегі қаржылай сыйлыққа қол жеткізді. ІІІ орын «Korik-AI» командасына, ІІ орын «Өрнек» тобына бұйырды. «Aydia» және «Creative queens» командалары басқарма басшысының алғыс хатына және естелік сыйлықтарға ие болды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»