1 шілдеден бастап елімізде шағын көлемді кемелерді мемлекеттік бақылау және қадағалау функциясы көліктік бақылау инспекциясынан Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді.
Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті осы бағытта тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар мен патрульдеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар халық арасында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп келеді. Департамент 1 шілдеден бері кемелерде заң талабын бұзған 6 адамға айыппұл салды.
– Заңбұзушылықтардың түгел дерлігі Шиелі ауданының Бәйгеқұм ауылында орналасқан Ханқожа көлінде болған. Оның ішінде қауіпсіздік киімін кимеу, шағын кемеге шамадан тыс көп адам мінгізу сияқты жағдайлар жиі кездесті. Шағын кемелерді пайдалану барысында жарақат алу, қаза болу жағдайлары тіркелген жоқ. Біздің негізгі мақсатымыз – әкімшілік жауапкершілікке тарту емес, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықбұзушылық жасауына жол бермеу және адам өмірін сақтау, – деді департаменттің басқарма бастығы Асхат Оразбеков.
Департамент өкілі заң талаптары сақталмаған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылатынын еске салды.
– Осыған байланысты кеме иелері мен кәсіпкерлерден кемені заңнамаға сәйкес мемлекеттік тіркеуден өткізуді, техникалық куәландырудан уақытылы өтуді, кемеге белгіленген көлемнен артық жүк артпауды және жолаушылар санын шамадан тыс асырмауды, техникалық ақауы бар кемені пайдаланбауды сұраймыз. Сондай-ақ су көлігін басқару құқығын растайтын құжат, құтқару құралдары болуы, әрбір жолаушы құтқару кеудешесін киюі, алкоголь немесе есірткі тұтынған масаң күйде кемені басқармау, қолайсыз ауа райында суға шықпау керек, – деді ол.
Мамандар су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан екенін айтып отыр. Суға шомылу маусымы басталғалы облыста 20 адам суға кетіп көз жұмған. Өткен жылдың осы кезеңінде тілсіз жау 26 адамның өмірін жалмаған еді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





