Сырдың сырбаз азаматы

3

0

Иә, ықылым заманнан ата-бабаларымыз, «Аттың жақсысын – қазанат, жігіттің жақсысын – азамат» деген. Құт қонған киелі Сыр бойында азамат деген мәртебелі де құрметті атаққа лайық тұлғалар жетерлік. Сондай ағаларымыздың бірі – кешегі кеңестік дәуірдегі қызыл директорлардың алдыңғы легінде болған, Қызылорда облысындағы Жалағаш, Сырдария аудандарының Құрметті азаматы Мәншәріпұлы Батырбек ағамызбен сұхбатымыз біздің ауыл туралы әңгімеден басталды.

– Менің сіздің ауылмен алғашқы таныстығым сонау 1976 жылы аудан орталығындағы №150 кәсіптік-тех­никалық училищеде комсомол коми­тетінің хатшысы болып жүрген кезімде аудандық комсомол комитетінің пле­нумына мәселе да­йындау жөніндегі іссапардан басталды, – дейді Батырбек ағамыз. – Сол сапарымда комсомол ко­митетінің хатшысымен бірге ауыл­дың жағ­дайымен танысып болғасын, мектепті, мәдениет үйін және ауылдың көрікті көшелерін көріп, қала сияқты елді мекенге таңғалып едім. Кейін ау­дандық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сында жұ­мыс істеп, қызметке ара­лас­тым. Сақтаған Жа­насбаев ағамыз Ақ­қыр совхозында директор. 1986 жыл­дың жазында қуаңшылық болып, Қы­зыл­құмға шөп шықпай қалды. Мал түгел Қара­құмға көшірілді. Көшкен малдың, елдің жағда­йын білу керек болды да, Қарақұмға басқарма бас­ты­ғының орынбасары мен шықтым…

Иә, расында сол жылдың жазы біз­дің ауыл­дың малшыларына қиын бо­лып еді. Мал отар­ларын тасжолды бойлай айдап, Қармақшыдан әрі қарай Қырға шығамыз. Жосалы стансасынан шыққаннан кейін қырық-елу шақы­рымға дейін мал су ішетін құдық жоқ. Күн ыстық, малдың сусыз сонша жерге жетуі қиын. Мен бұл кезде ауылда шо­пырмын. Қасымда өзім қатарлы жігіт­тер бар, төрт мәшинемен жүріп су та­сып, ауылдан шыққан отарды Жо­­са­­лыдан күтіп алып, Жо­салыдан су алып, әрі қарай алғашқы құдыққа дейін шыға­рып салып, далада қона-жатып жүріп едік-ау. Батекеңмен біздің ал­ғаш­қы танысты­ғымыз да осы кезде басталған. Сол жылдары Аққыр сов­хозына директор боламын деп Батекең де ойламаған. Бірақ өмір ғой, несібе қай жерден бұйырса, адам-пенде сонда жүреді. Біздің ауыл­дың дәм-тұзы бұ­йырып, Батырбек ағамыз 1989 жыл­дың күзінде Аққыр совхозына директор болып барды. 

Бұл тәуелсіздіктің қарсаңы, СССР деген алып мемлекеттің шаңырағы шай­қалып тұрған мезгіл еді. Маман­дар­мен танысқаннан кейін Қызылқұмда күзем алу науқанын көруге шығып кетті. 16 кыркүйек күні малшыларды аралап жағдайын біліп, танысып, «Қыр­қарақтағы» кызу еңбекке көңілі тоят­тағандай болды. Қырқымшы күні­не бір жарым-екі отарды шығарып тұр екен. Ферманы аралап, қайтып келе жатыр. Жаңа­да­рияның бойы болмаса, әрі қарай бұтасы аз, құла­зыған мидай жазық дала. Қызылдың тақырлары көз сүріндірер сағым. Басына неше алуан ойлар келеді. «Ойпырым-ай, мынадай шаруашылықты басқару, істі жүргізу оңай емес-ау. Халықтың се­німінен шыға алсам болар еді» деген ой маза­лайды…

Аупарткомнан жиналыстан шыққан соң Ақсу ауылына, әкесіне келіп ақылдасты.

–Көке, осындай жағдай, кейбір қыстақта шөп те жиналмаған, – деді шаруашылықтың жалпы жағдайына шолу жасап.

Мәншәріп ақсақал сабырлы қалпы баласының бетіне қарап:

– Қызылды қар басып қалмаса ештеңе бол­майды, қорықпа балам! Қызыл сол ауылдың аз­ғантай қойын бір-екі қыс асырайды, – деп көңілін орнықтырып, батасын берді.

Ақсақалдың ақ батасымен Аққырға барып, ол жақтағы елдің ыстық ықыласы мен адамға деген бауырмал, ақ көңілдерінің, ортақ іске деген ауызбірлігінің, камқорлығының арқасында жеті жылдан аса абыройлы еңбек етті. Батырбек аға­мыз үшін Аққырдың әрбір төбе, қыраттары, бұ­талары қымбат. Сол алғашқы барған жылдары қыс та малға жайлы болды, жем-шөп жеткіліксіз болса да қыстан жақсы шыкты.

Ауылдағы ел ағаларымен, ардагерлермен, жалпы жұртпен араласты. Елдегі азаматтардың сондай ауызбірлігі жарасқан, дархан даласына сай әрбір адамының жаны таза, жүрегі кең, елге деген сүйіспеншілігі, ортақ іске деген кісілігі мықты екенін көрді. Аққыр совхозы негізі мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық болғанымен, егілетін егіс көлемін арттырып, ауыл халқын сол егіннің өнімімен қамтамасыз ету жолдарын да қарастырды. Ауылға су алып келетін 26 шақырымдық «Аққыр каналы» шар­уашылық теңгерімінде болғандықтан оны тазар­туға мүмкіндік болмай, көп жыл қамыс басып, ауылға су келмей қалған екен. Осы каналды сол кездегі аудан басшысы Сәмит Далдабаев арқылы облыстық су шаруашылығы мекемесінің бастығы Әбдіманап Құтжановқа шығып, сол кісінің көмегімен бір жыл жүріп құжаттарын дайындап, су шаруашылығы мекемесінің теңгеріміне өткіз­ді. Содан бастап аталған каналдың жағдайы жақсарып, ауылға аяқсу келе бастады. Каналдың 12 шақырымы аудандық су шаруашылығының бастығы Иса Жидебаев пен ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мәншәріпов Жақ-сыбектің көмегімен түзетіліп, аршылды.

Каналды аршу, тазалау жұмыстарының ба­сын­да сушы-мұраб Әскербек Төрәлиев жүрді. Бас агроном Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын бітірген ау­дан­дағы алғашқы мамандардың бірі, ғалым-агроном, бі­лімді, білікті де іскер басшы Райхан Адисқызы­ның басшылығымен жоңышқа көлемі 130 гек­тар­ға, жүгері 250 гектарға, бидай 70 гектарға жеткі­зіліп, қырманға қызыл түсті. 15 гектар қант қы­зыл­шасы егіліп, одан жоғары өнім алынды. Же­ке адамдарға 20 тонна Қарағандының қара картоп тұқымын әкеліп таратып, ауылдың ал­дыңғы қатарлы еккендері 300-400 қапқа дейін картоп алатын жағдайға жетіп, егіншілік дами бастады. Ауыл сыртында бес гектар жерге жеміс бағы егілді.

Батырбек ағамыздың Қызылқұмдағы қарба­лас күндер есінен кетпейді. Аққырға барғаннан кейінгі ең бірінші жұмысы тұрғын үйлердің ша­тырларын ауыстырудан басталды. Елағасы Бер­дібек ағаймен бірге Шымкентке барып, ол жақта осы елдің түлегі Шахарбек Оспанов аға­сымен танысты. Сол кісілердің көмегімен сол жақтан арзан бағаға шифер алып қайтты. Сөйтіп ауыл­дағы тұрғын үйлердің 40 пайызының ша­тыры жаңаланды.

Батекең директор болып келгенде ауылда кооперативтік шаруашылықта жиырма үш заңды тұлға, соншалықты мөр бар екен. «Бөлінгенді бө­рі жейді» дегендей қырық бөлек шаруашылықта береке бола ма, сол шаруашылықтарды жетіге топтастырды. Бұл екі жылда нәтижесін берді. Сол кезде мемлекет тарапынан етке – 250, қара­көлге – 90, жүнге – 100 пайыз дотация берілетін. Соны пайдаланып, көзін тауып 3000 бас кәрі қойды етке өткізіп, орнына Атырау облысынан 5 000 бас асыл тұқымды тұсақтар алды. Бір жылы қой төлдету нәтижелі болды, Аққыр тарихында 12,5 мың тірі козы өсірді. Шопандар келісім-шарт арқылы саулықтан 100-150-ге дейін косым­ша ақыға қозы алды. 1000 басқа жақын қозы қо­сымша ақыға беріліп, елдің еңсесі көтерілді.

Бірақ бір шаруаны бітірсең, алдыңнан екінші бір мәселенің шығып тұратыны белгілі. Сол жылдары «Дальний» (Қиян су құбыры) деп ата­латын «Бекей-Байқоңыр» алып су құбыры желі­сінің құрылысы аяқталып, жұмыс істеп жатты. Ауданның 40 гектар жері, Аққыр совхозының аумағынан Ресейге жалға беріліп, сол аймақтан 16 скважина қазылып, олардың суы бір жерге жинақталды. Жинақталған суды алып насоспен 250 шақырым жердегі Байқоңырға радиусы 1,5 метрлік екі трубамен айдағанда Қызылқұмдағы мал жайылымдарындағы скважиналар тоқтай бас­тады. Бұлақтар тоқтап қалса, малды ауылдың тіршілігі не болады? Міне, осы насостардың жұ­мысын тоқтату күн тәртібінде тұрды.

Бұл мәселені шешу үшін алдымен халыққа жариялап жарыққа шығару керек болды. Осы мақсатпен Алматыдан арнайы тележурналист Нұртілеу Иманғали іссапармен келді. Ол мәсе­ленің мәнісін түбегейлі зерттеп, осы са­пардан ар­найы репортаж жасап, «Қағажу калған ауыл­дар» деген тақырыппен Қазақстанның бір­неше телеарналарынан көрсетті. Осы мәселе бо­йынша сол кездегі облыс басшысы Сейілбек Шау­ха­манов командасымен ауылға келіп, кос­модром басшысы генерал-лейтенант Крышко, оның орынбасары Дорошек, СССР қорғаныс ми­нист­рінің орынба­сары Сахаров келіп халықпен кез­десу өткізді. Батекең елдің егесі ретінде ха­барлама жасады. 

Жиналыстан кейін сол уақыттағы аудандық атқару комитетінің төрағасы Әмірбек Әбекенов екеуі Алматыға барып, Қазақстан телеарнасынан «Қиян су құбыры» мәселесі бойынша сұхбат берді. Осындай шаралардан кейін бұл алып құ­рылыс тоқтауға бет алды. «Бекейдегі» әскери бөлім келісім-шарт бойынша он жеті скважина қазып беретін болды. Сол скважиналардың бес-алтауын Қызылдың құмдарын игеру үшін Қы­зыл­құмның терең ішінен қаздырды. Осындай мүм­кіндікті пайдаланып Аққыр елді мекенінен (ре­зервке) үшеуін қаздырды. Осы жұмыстардың бар­лығы ауылдағы халықтың ауызбірлігі мен ерік-жігерінің арқасында жүзеге асты. Аққыр­лық­тар Батекеңнің әрбір ісін қолдап, қуаттап отырды.  

Батекең басшылық жасаған тұста ауылда жылына бір миллион кірпіш шығаратын кірпіш зауытын ашып, әскери бөлімге қымбатқа сатып, тұрғын үй салынды. «Қиян» су құбыры тоқтаға­сын «Бекейдегі» әскери бөлімінің ғимараттарын сатып алды. «Бекейдегі» әскери ғимараттар мен жабдықтарды алып пайдалануда да біраз қиын­дықтар болды. Әскери бөлімінің бастығы Ленин совхозының (Қазіргі Тұрмағамбет ауылы) ди­ректоры Қалдашбаевпен келісім-шарт жасап, ғимараттар мен жабдықтарды сол совхозға бе­ретін болып қойған екен. Батекең қасына прораб Нағашыбай Бақтыбаевты алып, Байқоңырға келді. Бір амалын жасап, нысандарды ауылға алып қалу керек еді. Бұл жерде де Батекеңнің алым­дылығы мен шалымдылығының көмегі ти­ді, кез келген адаммен тіл табысатын Батекең сол кездегі космодром командирі Крышконың пол­­ковник Буран деген көмекшісіне кіріп, сөй­лесіп, дегеніне көндірді. «Жарайды, Батырбек, арнайы келген екенсің» деді де, Ленин сов­хо­зымен отырған келісім-шартты бұзып, бұлармен ке­лісім-шартқа отырды. Сол жақта тұрып әкімнің бірінші орынбасары Садық Әлиевке телефон соқты. Ол кісі телеграфтық нұсқамен екі миллион сом сабан ақша аударды. Сөйтіп «Бекейдегі» бірталай нысан­дарды сов­хозға алып қалды. Сол нысандар шаруа­шы­лық­тың біраз кәдесіне жа­рады. Кейін ақша теңгеге ауысқанда тиын болып қалды. Екі ангарды 350 тонна қара күрішке айырбастап, бір жарым жыл жанар-жағармай, ұн, жем алып, шаруашылық бір көтеріліп қалды. Біреуін Ақсуға, біреуін Жа­ңаталапқа сатты. Ауыл­да жиырмаға жуық тұр­ғын үй салынды. Тә­уел­сіздіктің алғашқы жылда­рында осындай жұмыстар болып еді.

Қой шарушылығы деген жалпы кысы-жазы жыл он екі ай науқанды тірлік. Мұнда жайбара­қаттық деген болмайды, оған мүмкіншілік жоқ. Шаруаның басында жүрген азаматтар, шетінен кайнап-піскен ұйымдастырушылар деуге бола­ды. Қай кезде де қой шаруашылығында шопан жетіс­пейді. Бұл мәселені шешудің де тетігін тап­ты. Қой бағуға шыққан отбасына 1 бас бұ­заулы сиыр, 10 бас қой тағы басқа әлеуметтік кө­мектер берілетін болды. Сондай-ақ ынталандыру сый­лығы басына бас төл алса 10 қозы шопанға бері­летін болып келісім-шарт жасалды. Осының нәти­жесінде көр­ші Өзбекстаннан 10 отбасы, ауыл­дан 10 отбасы мал бағуға шықты. Мал азы­ғын дайындау мәселесі де жан-жақты ынталан­ды­руға сәйкес шешімін тауып жатты. Сол жыл­дары 10 мың тоннаға дейін шөп, 1 мың тоннаға дейін жоңышқа дайындалды.

Иә, Батекеңнің Аққырдағы қызметі бір төбе болса, басқа қызметі бір төбе. Себебі өзі айтқандай, біздің ауылға жігіт болып барып, елге есейіп, ел ағасы болып оралды. Аққырдың бір баласы болды. Біздің ауылдан кейін Еңбек ауылына басшылық қызметке барды. 1999 жылы желтоқсан айында Жалағаш ауданы әкімдігіне қызметке келді. Содан 2003 жылдың қыркүйек айы­на дейін аудан басшысының ауыл шаруа­шы­лығы жөніндегі орынбасары ретінде бір жыл, қалған уақытта әкімнің бірінші орын­басары болып, бюджет, ауыл шаруашылығы, елді мекен­дермен жұмыс, эколо­гия, жер ресурс­тары, төтен­ше жағдай, тағы басқа салалармен жұмыс істеді. Қайта құру, қалыптасу кезеңі бол­ғандық­тан, бұл жылдары да аудан басшылығымен бірге көптеген қиыншылықтармен бетпе-бет келді.

Сол кезде аудан экономикасының негізгі са­ласы болып табылатын күріш өнімінің 1 ке­лісінің бағасы 10-15 теңгеге түсті, «Күріш егу қа­жет пе?» деген сұрақ туындады. Себебі, ол өзін-өзі ақта­майтын, рентабельділігі төмен сала­ға айналған болатын. Оған мысал ретінде 1999 жылы аудан бойынша егіс көлемі 26216 гектар, оның ішінде күріш дақылы 14105 гектар ғана болды. Дегенмен, «Шешінген судан тайынбас» деген, әрбір азамат атқарған жұмыстан нәтиже шығарсақ  деп кел­гендіктен, қол қусырып оты­руға болмайтын еді. Бар күшті ауыл шаруашы­лығын қолдан келгенше дамытуға салды. Сол жылдары аудан бюджеті небары 185 млн теңгені құрады. Күріш дақылына қажетті тұқым мен минералды тыңайтқыш, жа­нар-жағар майдың тапшылығы да көп қолбайлау болды. Елді мекен­дердің әлеуметтік жағдайы да қиын. Аудан әкімі Нұрлыбектің де, Батекеңнің де ауыл шаруашы­лығы саласының ма­мандары ре­тінде шаруашы­лық­тардың жағда­йын жете түсіне  білуі, қажет болған жағдайда тиісті шешім қа­был­дай алу тә­жі­рибелерін қолдан кел­генше пайда­ланды.

Батекеңнің кейінгі қызметі де елдің көз алдында. Бір жылдай «Сәрке батыр» ЖШС-ның төрағасы қызметін абыроймен атқарып, ел хал­қының ауызбірлігі, еңбекқорлығы арқа­сында ту­ған ауылының тарихында бірінші рет алты мың тонна астық жинады. Бірақ бұл шаруашылық біреудің жекеменшігінде болатын. Сондықтан бұл жұмысты егелеріне өткізіп, жеке кәсіпкер­лік­ке кетті. Жер алып, «Ай Тоғжан» ЖШС-ін құр­­ды. Қызметтес, тілектес болған азаматтардың ақыл-кеңесінің, қамқорлықтарының нәтижесінде 2005 жылдың 24 желтоқсанында Сырдария ау­даны аумақтық басқармасының төрағасы қыз­метіне келді. Облысқа белгілі Ибрагим Әбибул­лаев, Ба­қыт Нұртазаев, Қожахмет Баймаханов, Әріп Қож­банов сияқты азаматтардың ықыла­сымен әуелі Сырдария аумақтық басқармасының бас­тығы, кейін Сырдария ауданы әкімінің орын­басары, Сыр­дария аудандық мәслихатының тө­рағасы қыз­метін абыроймен атқарды.

Біреу білер, біреу білмес, Тереңөзек кентінің жаңа қоныстану аймағының құрылыс алаңына айналып, сәулетті тұрғын үйлердің көптеп са­лынуында Батекеңнің өзіндік үлесі бар. Бұрын бұл маң орман шаруашылығының меншігіндегі жер ретінде бос жатқан болатын. Болашақты, кент­тің жаңа тынысын ашуды көздеген, халық­тың жер алып, баспаналы болуын ойлаған Ба­текең аудан әкімінің қолдауымен Елорда төрін­дегі министрліктерге дейін барып, жалпы көлемі 488 гектар жердің Тереңөзек кентінің теңгеріміне алынуына қол жеткізді.

Батекеңе Іңкәрдария ауылы тұрғындарының да пейілі ерекше. «Ақтам» каналының тазала­нуына тікелей үлес қосқан азаматтың еңбегін ауыл ардагерлері әлі күнге айтып отырады. Ің­кәр­дариядан бөлек қағажу қалған Айдарлы ауылына да, тәуелсіздік жылдарында бірде-бір құрылыс нысаны салынбаған С.Сейфуллин ауы­лына да көп қолдау көрсетті. Аудандық бюджет есебінен С.Сейфуллинде тұңғыш рет балабақша салынды. Сол кездегі аудан әкімі Ғанибек Қа­зантаевпен бірге мәслихат хатшысы ретінде ау­дан орталы­ғынан бастап барлық елді мекен­дер­дің дамуына зор еңбек сіңірді.

Айта берсе мұндай мысалдар көп-ақ. Атадан қалған асыл қасиеттер қай жерде де демеуші-жебеуші болды, жүрген жерінде ешкімге қиянат жасамады, өтірік айтпады, таза жүрді, адал қыз­мет істеді.

Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі ауыл­ға ортақ азамат қайда жүрсе де елім деп еңбек етті. Соның өтеуі болар, бүгінде абыройсыз емес. Екі елдің халқының қолдауымен қос бірдей ауданның «Құрметті азаматы» атануы да аға­мыздың осы тазалығының, адалдығының ар­қасы болар, сірә! Қазақта тектілік деген ұғым бар, тектілік атаның қанымен, ананың ақ сүтімен беріледі. Батекеңнің де бойында ата-бабаларынан дарыған мәрттік, жо­марттық, серілік сияқты қасиеттер мен мұн­далап тұрады. Қайда жүрсе де, қандай қызмет іс­тесе де ата-бабаларынан мирас болған осы мәрт­тікпен, адалдық жолымен жүріп келеді. Батырбек ағамыз жар таңдауда да қате­леспеген. Дастарқаны жиылмайтын, қонағы тыйыл­майтын Батекеңнің құтты шаңырағының отын үрлеп келе жатқан саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Сафура апамыз да Құдай бер салған жан. «Азаматы аттан түспеген, қазаны оттан түспеген» деген сөз осы Батекең мен Са­фура апамызға арнап айтыл­ғандай.

Көрші Сырдария ауданына барып қызмет еткенде де өзін сол елдің бір баласындай сезінді. Халқының ауызбірлігі, еңбексүйгіштігі, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету сияқты ізгі қасиет­терінің алдында әрдайым ризашылығын білдіріп келеді. Туған жердің ыстық ықыласы бөлек дегеннің өзінде, Сырдария ауданы халқының қам­­қорлығын, өзіне деген ықыласын көргенде екі ауданның төл перзенті, құрметтісі Батырбек аға­мыздың көкірегін қуаныш кернейді. Бала­ларды құтты жеріне қондырып, немерелердің қызығын көріп, жетпіс бес жасты толтырып жат­қан Батекең мен Сафура апайға тойларыңыз тау­сылмасын, Құдай қуат берсін дейміз.

Тұрақ АДИСҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі