Оғыз мәдениетінің орны Сыр бойында сақталған

3

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттер сарайында халықаралық деңгейдегі ғалымдардың қатысуымен «Оғыздардың материалдық және рухани мәдениеті» ғылыми-танымдық кітап каталогының таныстырылымы, сонымен бірге, «Жанкент археологиялық экспедициясына 20 жыл» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиынның алғашқы бөлімін Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­си­те­тінің бас­қарма төрағасы-ректор Нау­рыз­бай Бай­қадамов ашып, маңызды жиынға арнайы ша­қырумен Ресей, Гер­мания, Ұлыбритания, Өз­бекстан және еліміздің өзге өңірлерінен келген мәр­тебелі ғалымдарға алғыс білдірді. Сон­дай-ақ модератор қаты­сушыларды жиын­ның күн тәртібінен хабардар етті.

– Мемлекеттер шежіресінде ай­шықты із қалдырған оғыздар тарихы – Еуразия кеңістігінің ортағасырлық дәуі­ріндегі аса маңызды тақырып. Олар­дың саяси тарихы, мәдениеті, шаруа­шылығы және этникалық үрдіс­тері мен көрші халықтармен байланысы бүгінгі таңда да көптеген ғылыми зерттеудің өзегіне айналып отыр. Бұл тарихи мұраны нақты архео­логиялық деректер арқылы танытатын маңызды орталықтардың бірі – Оғыз мем­лекетінің астанасы болған Жан­кент қаласы. Жанкент – жай ғана архео­логиялық ескерткіш емес, Сыр бо­йындағы ортағасыр өркениетінің, оғыз дәуірінің тарихы мен мәдениетінің куәсі. Бүгінгі кездегі археологиялық зерттеулер оның тарихын, құрылымын және оғыз дәуіріндегі мәдениетін анық­тауға мүмкіндік беруде. Зерт­теулер нәтижелерінің маңызды бөлігі Жанкенттің 9-11 ғасырларда оғыз мемлекетінің астана орталықтарының бірі болғанын нақтылай түсетін архео­логиялық деректердің жиналуы, – деді Н.Байқадамов.

Оның айтуынша, археологиялық зерттеулер бір ғана зерттеу объектісі емес, жалпы оғыздардың саяси және мәдени тарихын анықтауға, Сырдария құрамындағы ортағасырлық қала мәде­ниетінің дамуын, Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда байланыстарын, қала тұрғындарының тұрмысы мен қол­өнерін зерделеуге мүмкіндік бере­тін маңызды мәселелерге негіз болып отыр. Айта кетейік, жыл аясында Қы­зылорда облысы әкімдігі ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен және Қа­зақ­стан Республикасының Ұлттық му­зейімен бірлесіп Стамбұл қаласында «Оғыз феномені: Ұлы Даладан Ана­долыға дейін» атты халықаралық көр­ме мен ғылыми конференция өткен бо­латын. Осы жиынға Қызылорда облы­сынан өкіл ретінде облыс әкімінің кеңесшісі, экс сенатор Руслан Рүстемов қатысқан еді.

Жиында сөз алған Руслан Рүстем­ұлы осынау тарихи маңызды тақырып аясында ұйымдастырылып отырған жиынның әсіресе, Сыр өңірі үшін сипаты ерекше екеніне тоқталды.

– Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақ даласы сақтар мен ғұндардан бастап, сан алуан тайпалар мен өркениеттер тоғысқан қасиетті мекен. Солардың ішінде түркі дүниесінің тарихында айрықша орны бар оғыздардың мұрасы ерекше мәнге ие. IX-X ғасырлардағы араб географтарының еңбектерінде бүгінгі Қазақстанның батысы мен оң­түстігі, Үстірт пен Солтүстік Арал өңірі оғыздардың тарихи мекені ретінде аталады. Ал Сыр бойындағы көне Жанкент қалашығы оғыз мем­лекетінің саяси орталығы болған та­рихи шаһар.

Жанкенттің тарихы – бір ғана археологиялық ескерткіштің тарихы емес, ол Сыр бойында қалыптасқан қала мәдениетінің, сауда мен қол­өнердің, мемлекеттілік пен өркениеттің терең тамыры бар екенін айғақтайтын құнды мұра. Осы тұрғыдан алғанда, 2005 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан Жанкент археологиялық экспедициясының 20 жылдық зерттеу жолы айрықша маңызға ие. Аталған уақыт аралығында қалашықтың ша­мамен 4 мың шаршы метр аумағы зерттеліп, қаланың қорғаныс құры­лыстары мен тұрғын үй орындары анықталды. Археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған 570-ке жуық бірегей жәдігер музей қорларына тапсырылды. Бұл жай ғана сан емес, әрбір жәдігер өткен дәуірдің үнсіз куәгері. Оның артында бір адамның өмірі, бір қоғамның тұрмысы, бір дәуірдің мәдениеті тұр, – деді ол.

Айтуынша, Жанкенттен Анадолыға дейінгі тарихи сабақтастықты зерттеу – екі халықтың өткенін ғана емес, болашағын да жақындастыратын маңызды бағыт. Мысалы, 2024-2025 жылдары Астанадағы Ұлттық музейде «Қазақ даласындағы оғыз тарихи мұрасы» және «Оғыз дала мәдениетінің іздері» атты халықаралық көрмесі алғаш рет ұйымдастырылып, тарихи маңызды қадам бастау алған. Ал биыл Қызылорда облысы әкімдігі ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен және Қа­зақстан Республикасының Ұлттық музейімен бірлесіп Стамбұл қаласында өткізген «Оғыз феномені: Ұлы Даладан Анадолыға дейін» атты халықаралық көрме мен ғылыми конференция ортақ тарихымыздың халықаралық деңгейде насихатталуына жол ашқан маңызды мәдени оқиға болды.

– Өзім осы мәдени-тарихи сапарда қазақстандық делегация құрамын Стам­бұл қаласына бастап барып, екі ел­дің зиялы қауымы жиналған жиын­ның басы-қасында болып, Қазақ-Түрік халықтарының тарихы терең ба­уырластық байланыстарына тағы бір мәрте куә болып келдім. Мұндай бастамалардың жүзеге асуына қолдау көрсеткен сол кезеңдегі Қызылорда облысының әкімі, бүгінде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бі­рінші орынбасары қызметін атқарып отырған Нұрлыбек Машбекұлы Нә­лібаев­қа ризашылығымды білдіремін, – деді Руслан Рүстемұлы.

Жиында тарих ғылымдарының кан­дидаты, профессор, Тұран-Профи акаде­миясының ректоры Манен Омаров, Қазақстанның ұлттық геогра­фиялық қоғамының мүшесі, этнограф-картограф, өлкетанушы Гизат Табул­дин, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы құттықтау сөз сөйледі.

Оғыз мәдениетінің орны Сыр бойында сақталған

Ғылыми-танымдық іс-шараның бірінші бөлімін қорытындылау сәтінде облыс әкімінің кеңесшісі Руслан Рүс­темов, Ә.Марғұлан атындағы Архео­логия институтының бас дирек­торы Ақан Оңғарұлы, Эберхард Карл атын­дағы Тюбинген универ­си­тетінің құр­метті профессоры, архео­лог-ғалым Ген­рих Харке және облыстық арда­герлер кеңесінің төр­ағасы Серік Дүйсен­баевтың қаты­суымен Жанкент­тен табылған архео­логиялық жәді­герлерді жүйелейтін «Оғыздардың материалдық және рухани мәдениеті» ғылыми-танымдық кітап-каталогінің тұсаукесері өтті.

Жиынның екінші бөлімін Ә.Мар­ғұлан атындағы Археология инсти­тутының ортағасырлар бөлімінің мең­герушісі, PhD  Әзілхан Тәжікеев жүр­гізді. Күн тәртібіне сәйкес архео­лог, этнограф, философия докторы Сейдәли Біләлов, Ресей мемлекеті, жоғары экономика мектебінің про­фес­соры Ирина Аржанцева, Өз­бекстан мемлекеті, тарих ғылым­да­ры­ның кандидаты Айсұлу Ис­кан­дерова, тағы басқа ғалымдар баян­дама жасап, тақырыпты тереңірек тарқатты.

Баяндамашылар тарапынан айтыл­ғандай, бүгінде Жанкенттің аумағы толық қоршалып, «JANKENT» стел­ласы бой көтерген, археологиялық зерттеулермен қатар қалашықта аспанасты музейін қалыптастыру, тарихи нысанды сақтау және қайта қалпына келтіру, ежелгі тұрғын үй үлгілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Демек бұл жұмыстар болашақта Жанкентті тек ғылыми зерттеу нысаны емес, тарихи-мәдени және туристік орталыққа айналдыруға жасалған маңызды қадам. Оның бір көрінісі, 2009-2020 жылдары облыстық бюджет есебінен оғыз дәуірімен байланысты Сортөбе, Асанас, Жент қалашықтарында да ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген. Осы орайда жиынға қатысқан ғалымдар бүгінде 20 жыл толып отырған «Жанкент архео­логиялық экспедициясына» тұрақты қолдау танытып келе жатқан Қызыл­орда облысы әкімдігіне алғыс білдірді. Дәлірек айтсақ,  аталған жоба Қорқыт ата университетінің, Қызылорда облы­сының жергілікті бюджеті, Қазақстан Республикасының мемлекеттік ғы­лыми гранттары, сондай-ақ халық­ара­лық Wenner-Gren және DFG грант­тары­ның қолдауымен жүзеге асырылған.

Оғыз мәдениетінің орны Сыр бойында сақталған

Ғалымдардың пікірінше, ар­хео­ло­гиялық зерттеу бары­сында 25 мың­нан аса керамикалық бұйым, сондай-ақ металл, тас, сүйек және шыныдан жасалған жәдігерлер табылған. Экспе­дицияның соңғы жылдардағы маңызды олжаларының бірі – күміс монеталар көмбесі. Бұл жәдігерлер Жанкенттің ортағасырлық сауда және ақша айна­лымындағы орнын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ аталған эспедиция тың ізденіске жол ашып, ғылыми еңбектерге, докторлық дис­сертация тақырыбына арқау болған.

Жиында баяндама жасаған Ресей мемлекеті, жоғары экономика мек­те­бінің профессоры Ирина Аржанцева Жанкент археологиялық экспедиция­сы барысында жүргізілген қазба жұ­мыс­та­рының әрбір кезеңін  мазмұнына сәй­­кес жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ ол экспедиция барысында халық­ара­­­­­лық деңгейдегі ғалымдардың қа­ты­суы­мен нәтижелі жұмыс­тар ат­­­­­­­қа­­рыл­­­­ға­­­нын, әлі де жалғаса береті­нін атап өтті.

– Жанкент археологиялық экспе­ди­циясы аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Ресей ғылым академиясы, Германияның Тюбинген университеті өкілдерінен халықаралық құрам жасақталды. Осы 20 жыл көлемінде жоба бойынша көптеген жұмыс атқарылды. Соның ең бастысы, Қазақстан мемлекеті, Қорқыт ата университетінен экспедиция құра­мында болған Гүлмира Әмірғалина Тюбингендегі Эберхард Карл уни­вер­ситетінің философия факультетінде Жанкент қаласының керамикасы та­қырыбы бойынша докторлық дис­сер­тациясын қорғады. Біз мұны экс­пе­диция барысындағы басты же­тіс­­тіктің бірі деп бағалаймыз. Соны­мен қатар, археологиялық экспедиция арқылы табылған тарихи деректер және құнды жәдігерлер бүгінде білім алушы студенттер мен магистрант­тардың ізденісіне айқын көрсеткіш болып отыр, – деп пікір білдірді И.Аржанцева.

Жиында сөз алған Эберхард Карл атындағы Тюбинген университетінің құрметті профессоры, археолог-ғалым Генрих Харке «Жанкент архео­логия­лық экспедициясының 20 жылдығына» орай құттықтау ле­бізін білдіріп, осы халықаралық жоба аясында Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, Қор­қыт ата атындағы университетінің әріптес­тігімен атқарылған археоло­гиялық зерттеу жұмыстарының бүгінгі нәти­жесін жоғары бағалайтынын жеткізіп, тарихи маңызды жоба жас ғалымдар еңбегімен әрі қарай да жемісті жал­ғасын табатынына сенім білдірді. Сондай-ақ осы тақырыпқа сәйкес ха­лық­аралық басылымдарда жарық көр­ген ғылыми мақалаларының түп­нұс­қасын жиын модераторына табыстады.

Оғыз мәдениетінің орны Сыр бойында сақталған

Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ортағасырлар бөлі­мінің меңгерушісі, PhD  Әзілхан Тәжікеев «Ортағасырлық қалалар тобын­дағы архео­логиялық және пән­аралық зерттеулер» та­қы­рыбында баяндама жа­сап,  жаңа зерттеулер нә­ти­­жесінде Жанкент тари­хы­на қатысты көп ақ­парат та­былғанын айтты.

– Жалпы Жанкентке зерттеу басталғанға дейін Қазақстанда оғыз архео­логиясы деген түсінік бол­ды. Ал зерттеулер бары­сында қазіргі Жанкент қа­ла­сының орны орта­ғасырлық оғыз мәдениетін айғақ­тайтын құнды деректердің көзі болып отыр. Алдағы уақытта шыққалы жатқан Қазақстан тарихы болсын,  Қазақстан архео­логиялысының көп­томдығы болсын,  Жанкент қаласына қатысты зерттеулер оғыз архео­логиясының үлкен бір тарауы болып енгізіледі, – деді ол.

 Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар «Жанкент қаласының жәдігерлері» көрмесі мен «Аптаған ыстық күн астында Жанкентте өткен 20 жыл» фотокөрмесін тамашалады. Айта кетейік, аталған іс-шараны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және облыстық тарихи-өлкетану му­зейі ұжымы бірлесіп   ұйымдастырды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»