Берекелі белкөл

3

0

Қалаға қарасты елді мекендердің дамуы – өңірдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің нақты көрінісі. Кейінгі жылдары Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінде тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асып, елді мекеннің тынысы кеңейе түсті. Инфрақұрылым жаңарып, кәсіпкерлік жанданып, білім, мәдениет пен спорт салаларында оң серпін байқалады.

Кенті әкімі Жасұлан Сәдудің айтуынша, атқары­лып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – қордалан­ған мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп, тұрғын­дар­ға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.

БЮДЖЕТ БЕКЕМДЕЛІП КЕЛЕДІ

Кенттің даму қарқынын бюджет көлемінің өсуінен де байқауға болады. Өткен жылы Белкөлдің бюджеті бастапқыда 111,9 миллион теңге болып бекітіліп, жыл соңында 322,1 миллион теңгеге жеткен. Биыл жыл басында 123,5 миллион теңге көлемінде жоспарланған қаржы қазіргі таңда 475,5 миллион теңгеге дейін ұлғайды.

Салық түсімі де межеден асып отыр. 2025 жылға бел­гіленген 42 миллион теңгелік жоспар бойынша қазынаға 53,9 миллион теңге түсіп, көрсеткіш 128 пайызға орындалған. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында салық түсімі 20,8 миллион теңгені құрады.

– Бюджеттің өсуі тұрғындардың күнделікті өміріне қажетті жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бөлінген қаражатты ел игі­лігіне тиімді жұмсап, халықтың ұсыныс-пікіріне басымдық беріп келеміз, – дейді Жасұлан Сәду.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА СЕРПІН БАР

Кенттегі №189 және №145 орта мек­тепте барлығы 879 оқушы білім алады. Бастауыш сынып оқушылары ыстық та­мақпен толық қамтылған. Көптен бері өзекті болып келген №189 мектептің шатыры жаңартылып, акт және спорт залдары жөндеуден өткізілді.

Мемлекеттік балабақшада 160 бүл­діршін тәрбиеленуде. Мекеме 2020 жылы жұмыспен қамту бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен.

Белкөлде 2020 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында пайда­ла­нуға берілген дәрігерлік амбулатория жұ­мыс істейді. Теміржол ауруханасына қа­расты нысанда күндізгі стационарға сегіз орын қарастырылған. Кентке қарас­ты Бірқазан елді мекеніндегі медицина­лық бекет те тұрғындарға тегін меди­ци­налық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызмет көрсетеді.

МӘДЕНИЕТ ПЕН СПОРТ – ЖАСТАР ТІРЕГІ

Белкөл кентінің клубында жеті үйірме жұмыс істеп, оған 103 өнерпаз қатысады. Көркемсөз, дәстүрлі ән, хор, вокал, дом­быра және әжелер ансамблі өнерлі жас­тардың талабын ұштап келеді. 2025 жылы белкөлдік өнерпаздар бес халықаралық және жеті республикалық байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

«Әл-Азиз» орталығындағы ән, би, қол­өнер, бастауыш білім және матема­тика-логика үйірмелеріне 150-ге жуық бала барады.

Берекелі белкөл

Кенттегі спорт кешенінде 300-ге жуық жас футбол, каратэ, бокс, джиу-джитсу, еркін күрес, шахмат және үстел тенни­сімен шұғылданады. Елді мекенде көп­қабатты тұрғын үйлердің аулаларын қоса есептегенде сегіз ойын және спорт алаңы бар.

Жастар арасында Қазақстан чем­пионы, каратэ-додан қара белбеу иегері Ернұр Сәпиді және еңбегі сіңген те­мір­жолшы Алмат Айдарбекұлын еске алуға арналған футбол турнирлері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

– Мұндай жарыстар жастарды спортқа тартып қана қоймай, олардың бірлігін күшейтеді. Сонымен бірге елге еңбегі сің­ген азаматтардың есімін ұлықтауға мүм­кіндік береді, – дейді кент әкімі.

КӘСІПКЕРЛІККЕ КЕҢ ӨРІС

Белкөлде 308 шағын кәсіпкерлік су­бъектісі жұмыс істейді. Оның 50-і – жа­уапкершілігі шектеулі серіктестік, 234-і – дара кәсіпкер, 24-і – шаруа қожалығы. Биылғы алты айда 79 жаңа кәсіпкерлік ны­саны тіркеліп, сонша тұрақты жұмыс орны ашылды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ая­сында жалпы құны 36,1 миллион теңге болатын төрт жоба қаржыландырылды. Оның қатарында сүт өнімдерін өндіру, тігін шеберханасын ашу, жылқы шаруа­шылығы және асылтұқымды уақ мал өсіру жобалары бар.

– Әрбір ашылған кәсіп – жаңа жұмыс орны, бір отбасының тұрақты табысы. Сон­дықтан кәсіп бастауға ниетті тұрғын­дарға мемлекеттік бағдарламалардың мүм­кіндігін түсіндіріп, құжаттарын рә­сім­деуге бағыт-бағдар береміз, – дейді Жасұлан Сәду.

Кенттегі кәсіп иелерінің бірі – ұлттық музыкалық аспаптар жасайтын Ақбүркіт Жауынғаров. Ол домбыра, қылқобыз жә­не жетіген жасап, атадан балаға ұласқан шеберлік дәстүрін жалғастырып келеді. Әкесі Жақсыбек Берлібайұлы да елге белгілі қолөнерші болған.

Ақбүркіттің ағашқа қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Алғашында ағаштан аңдар мен құстардың бейнесін жасаған ол кейін ұлттық аспап жасаудың қыр-сырын меңгерді. 2024 жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында қай­тарымсыз грант алып, ағаш жонатын, кесетін, бояйтын және ою салатын құрал-жабдықтар сатып алған.

– Шеберхана ашқаннан кейін мемле­кеттің қолдауына ие болдым. Дегенмен жұмыстың 80 пайызы қолмен орында­лады. Бірі санға, бірі сапаға жұмыс іс­тейді. Ал жақсы дүние тек сапалы еңбек­тен туады, – дейді шебер.

Бір домбыраны жасауға шамамен 10-15 күн кетеді. Ағашты таңдау, қалыпқа келтіру, шанағын құрастыру, мойнын өң­деу, ою түсіру және бояу жұмыстарының әрқайсысы жоғары ұқыптылықты талап етеді.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢАРЫП ЖАТЫР

Қазіргі уақытта №№1, 11, 12 және 12А көпқабатты тұрғын үйлерге 150 мил­лион теңгеге ыстық су жүйесі тар­тылуда. Бас мердігер – «Бақ Береке» жа­уап­кершілігі шектеулі серіктестігі.

Биыл 15 миллион теңгеге «Тағзым» алаңы жаңадан салынып, абаттанды­рыл­ды. С.Ыбырайұлы көшесіне 9 мил­лион теңгеге балалар ойын алаңы орнатылды. Сарыарқа, М.Есмаханов, Т.Абуов және Зеленая көшелеріне 94 миллион теңгеге түнгі жарық бағаналары қойылды.

Орталық көшені жаңғыртуға арналған жобаның жалпы құны 254 миллион те­ң­гені құрайды. Жоба бойынша жол сегіз метрге дейін кеңейтіліп, аяқсу лотоктары салынады, жарық бағаналары жаңар­ты­лып, үш аялдама орнатылады. Қазіргі уа­қытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Кенттегі жылу орталығы 2021 жылы 130 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізіліп, мазуттан сұйытылған газ оты­нына ауыстырылды. Көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар орталықтан­дырылған жылумен қамтылған. Белкөлге ауызсу жүйесі 2012 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы толық жүргізілді.

Кент тұрғындарына №16 және №3 бағыттағы қоғамдық көліктер қызмет көр­сетеді. Кейінгі жылдары екі бағыт та жаңа, үлкен сыйымдылықтағы автобус­тармен толықтырылды.

ТҰРҒЫН ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛЕДІ

Кент әкімі тұрғындарды аптасына екі күн жеке мәселелері бойынша қабыл­дай­ды. Тұрғындардың өтініштері негізі­нен коммуналдық шаруашылық, инфра­құ­ры­лым, кәсіпкерлік және жер мә­се­лелеріне қатысты.

Қазіргі таңда Белкөл бойынша 1308 азамат жер кезегіне тіркелген. Кенттің даму сызбасына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысына 150 гектар аумақ қарас­ты­рылып, 500-ге жуық жер учаскесі бел­гі­ленген. Инженерлік инфрақұрылым жүр­гізілгеннен кейін учаскелер кезек тәр­ті­бімен табысталмақ.

– Тұрғынмен тікелей кездескен кезде елді мекендегі нақты мәселені тереңірек түсінуге болады. Әрбір өтініштің артында нақты қажеттілік бар. Сондықтан мүм­кіндігінше мәселені созбай, тиісті меке­мелермен бірге шешуге ұмтыламыз, – дейді Жасұлан Сәду.

Белкөлдің бүгінгі тіршілігінен жаңа­руға деген ұмтылыс анық байқалады. Бюджет көлемінің артуы, кәсіпкерлік нысандарының көбеюі, әлеуметтік меке­мелердің жаңғыруы және инфрақұ­ры­лымдық жобалардың жүзеге асуы кенттің даму бағытын айқындай түседі.

Бұл өзгерістердің негізінде мемле­кеттік қолдаумен қатар тұрғындардың еңбегі, кәсіпкерлердің бастамасы және жастардың жігері жатыр. Ұлттық өнерді дәріптеген шеберлер, жарыстарда топ жарған спортшылар мен өнерпаздар Бел­көлдің мерейін көтеріп келеді.

Әрине, инженерлік инфрақұрылымды кеңейту, жер кезегін жылжыту, қоғамдық кеңістіктерді одан әрі абаттандыру секілді алда атқарылар жұмыс аз емес. Дегенмен бүгінгі Белкөлдің тынысынан тоқмейілсу емес, алға ұмтылыс аңғарылады. Қаланың іргесіндегі кент осылайша тірлігі түлеп, кәсібі өркендеп, болашағына сеніммен қарайтын берекелі мекенге айналып келеді.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»