Халықтың құрметіне бөленген әнші

4

0

Табиғат берген талантымен танылып, ән әлемінде өзіндік орнын тапқан әнші Үміт Медеуованың есімі ел ішінде кеңінен танылған. Әсіресе, халық әндерін ерекше сүйіспеншілікпен орындайтын ол көпшіліктің сүйікті әншісіне айналды. Сыр бойының тумасы, сыршыл да салиқалы болмысымен дараланып тұратын өнер өкілі, Мәдениет саласының үздігі Үміт Медеуова биыл 60 жасқа толды.

Жасынан өнерге жаны құш­тар ол Шымкент қаласын­дағы әл Фараби атындағы пе­да­го­ги­калық институтты «Ха­лық ас­паптар бөлімінің же­­­тек­шісі» мамандығы бо­йын­ша бітірді. Студенттік жыл­да­рында инс­титут жаны­нан құрылған «Дос­тық» ан­самблінің құрамында болып, түрлі байқауларға қаты­сып, бірнеше шетелдік гастроль­дерде өнер көрсетті. Оқуын бі­тірген соң жолдамамен Қы­­­зыл­­орда қаласындағы «Бу­маж­­­ник» мәдениет үйіне үйір­ме же­тек­шісі болып ор­на­лас­ты.

Өнер жолына бет бұрған жастардың қабілетін шыңдап, қатарға қосу үшін көп еңбек, әсіресе, талап пен талғам қа­жет. Осындай жауапты мін­детті өз деңгейінде атқарып, тәжірибесін толықтырған жас маман облыстық халық шы­ғар­машылығын дамыту орта­лығына ауысып, бөлім меңге­рушісі қызметін атқарды. Осы жылдары ол «Қазына» фольк­лорлық ансамблінің құрамын­да әнші-термеші ретінде та­ныл­ған еді.

Өңірдің мәдениет саласын­да қырық жылдай еңбек етіп, жас толқынға мол тәжірибе­сі­мен үлгі бола білген Үміт Ме­деуованың Сыр өнерінің да­муында сүбелі үлесі бар. Осы уақыт аралығында өнер жо­лынан өз биігін бағынды­рып, халықтың қалтқысыз құр­ме­тіне бөленді. Айталық, осы­дан он жыл бұрын, яғни, 2006 жылы Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық драма театрында  ең алғашқы есеп беру концертін өткізсе, одан кейін әр жылдары «Ақ­мешіт аспаны», «Сыр сазы» атты жеке концерттері, «Жы­лы жүздесу. Бенефис» жоба­сымен шығармашылық кеші өтті. Сондай-ақ бүгінде облыс өнерпаздарының құрамында республика көлемінде, әлем елдерінде өткен көптеген мә­дени шараға қатысып, үз­діксіз өнер көрсетіп келеді.

Әншінің өзіне хабарласып, облыстық газет оқырмандары атынан құттықтауымызды жет­­кізіп, шығармашылығы жай­­лы сұраған едік.

– Мерейлі жасыма орай Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлі­баевтан бастап, әріптестерім, жалпы өнердің айналасында жүрген жандар құттықтау жол­дады. Баршасына алғыс біл­діремін!

Сонау он тоғыз-жиырма жасымнан бері Сыр өнерімен бірге жасап келемін. Қазір де облыстық филармония әнші­сімін. Халық әндерімен қатар, қазақ композиторларының, Сыр бойы сазгерлерінің шы­ғар­маларын орындап жүрмін. Негізі, дәстүрлі жанр жаныма жақын. Бірақ репертуарымда лирикалық, патриоттық әндер де бар. Уақыт ағымына қарай өнерге деген талғам да өзгеріп отырады. Сондықтан үнемі із­деністе жүремін. Орайы келсе, өнерсүйер қауымға жаңа дү­ние ұсынуға тырысамын, – дей­ді әнші.

Ерекше дарынымен елдің жүрегіне жол тапқан әншінің өнердегі жетістіктері де аз емес. Нақтырақ айтсақ, 2004 жы­лы өткен республикалық К.Әзірбаев атындағы әншілер конкурсының дипломанты атанды. Ал 2008 жылы музыка өнерінің дамуына қосқан қо­мақты үлесі үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Музыка өнерінің үздігі» атты Құрмет грамотасымен мара­пат­талса, 2011 жылы «Мәде­ниет қайраткері» атағын ие­лен­ді. Осы жылы өңір мә­де­­­ниеті мен өнерінің өсіп-өркен­деуіне қос­қан лайықты еңбегіне орай об­лыс әкімінің стипен­диясын же­ңіп алды.

2019 жылы ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаевтың «Құрмет грамотасымен» марапатталса, 2024 жылы облыс әкімінің әдебиет және мәдениет өкіл­деріне арналған «Тұран» сый­лығын иеленді. Ал өткен жы­лы өнердің белді өкілі Үміт Медеуова Президент Жарлы­ғы­мен, «Құрмет» орденін кеу­десіне тақты.

Әлбетте, бұл – әншіге де­ген халықтың құрметі!

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»