Спорт: Жетістіктің де жауапкершілігі бар

3

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазақстан – спорт державасы болуға тиіс. Сол үшін біз маңызды спорт нысандарын салып жатырмыз. Халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыру – біздің ортақ міндетіміз» деген болатын.

Сыр спортындағы байыпты баста­малар мен өміршең жобалар республика аумағында үлгі ретінде қолданылуда. Бұл ортақ жетістік әркез жауапкершілік жүктейтіні де рас. Спорт күніне арналған жиында бұл туралы кеңінен баяндалды.

«Құзыреттілік орталығында» өткен сал­танатты шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен спорт саласының ардагерлері қатысты.

Аймақ басшысы саланы дамытуда ат­қарылып жатқан жұмыстарға тоқта­лып, спортшылардың жетістіктеріне жоғары баға берді. 

– Сыр өңірінің спортшылары әлемдік додалар мен ел бірін­ші­лік­терінде әр­да­йым жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің атын әлемге та­нытуда. Халықаралық аренада көк туымызды көкке көтерген сыр­бойылық спортшылар жыл басынан бері Әлем, Азия чемпионаттарынан 31 алтын, 16 күміс, 22 қола медаль жеңіп алды. Ал ел біріншіліктерінде 120 алтын, 100 күміс, 162 қола медальға қол жеткізді.

Өткен айда Қытайдың Ханчжоу қала­сында өткен волейболды отырып ойнау­дан Әлем чемпионатында ұлттық құрама өкілдері қола жүлдеге ие болды. Ұлттық құрама сапында жер­лестеріміз Эрик Қас­қабаев, Шыңғыс Медеуов, Ерасыл Әбді­бек өнер көрсетіп, ел намысын абы­роймен қор­ғады. Шыңғыс Медеуов Әлем чем­пио­натының «Үздік ойыншысы» атанды.

Өткен аптада Германияның Дорт­мунд қаласында өткен грек-рим кү­ресінен халықаралық турнирде Сыр мақтанышы Айдос Сұлтанғали жеңім­паз атанып, ел мерейін үстем етті.

Кеше ғана өзіміздің «Қайсар» футбол командасы Қазақстан кубо­гының жар­ты­лай финалында аста­налық «Жеңіс» командасын жеңіп, финалға жолдама алды. Бұл же­тістіктер – мемлекет тарапынан жа­салып жатқан қолдау мен сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің жемісі, – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада волейболды отырып ойнаудан Әлем чемпио­натында қола жүлде алған ұлттық құрама сапын­дағы Сыр спортшы­ларына аймақ бас­шысы 1 млн теңге қаржылай сертификат табыстады. Сондай-ақ саланың дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар облыстың Құрмет грамотасымен, «Қызылорда облы­сының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Туризм және спорт министр­лігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Спорт саласының үздігі» төс­бел­­гісімен, Құрмет грамотасымен, ми­нистрдің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, кейінгі төрт жылда Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкі­меттің ерекше қолдауымен, сол кез­дегі аймақ басшысы Нұрлыбек Маш­бекұлының бастамасымен 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы, Теннис, Инклюзивті спорт орта­лықтары және 24 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді.

Қаланың сәулеттік келбетіне көрік берген жаңа стадионға УЕФА-ның 4-са­наттағы жоғары мәртебесі бе­ріліп, рес­пуб­ликалық және халық­аралық футбол ойындарын өткізуге мүмкіндік алды.

Облыс орталығында аумағы 25 мың шаршы метр «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Нысан жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.

Бүгінде аймағымызда 388 мыңнан астам тұрғын бұқаралық спортпен шұғылданады. Спорт резерві мен жоғары дәрежелі спортшыларды даяр­лайтын 33 спорт мектебінде 22 мыңнан астам шәкірт кәсіби бағытта тәрбиеленеді.

«СБ» ақпарат