Бір кездері ата-ана баласының көше кезіп, үйге кеш оралғанына алаңдайтын. Бүгінде қауіп сыртта ғана емес, үнсіз бөлменің ішінде, баланың алақанындағы экранда отыр. Үй іші тыныш болғанымен, телефонның ар жағында бітпейтін бейнетаспа, жалған мінсіз өмір, кибербуллинг, қауіпті челлендждер мен баланың назарын барынша ұзақ ұстап қалуға құрылған алгоритмдер тынымсыз жұмыс істейді.
Әлеуметтік желі енді жай ғана ойын-сауық немесе байланыс құралы емес. Ол баланың көңіл күйіне, ұйқысына, сабағына, өзін бағалауына және айналасымен қарым-қатынасына ықпал ететін қуатты ортаға айналды. Ең қиыны – бала бұл ықпалды әрдайым сезіне бермейді, ал ата-ана оны кеш байқайды. Сондықтан әлемнің бірқатар елі мәселені жеке отбасының жауапкершілігіне ғана қалдырмай, заңмен шектеуге көшіп жатыр. Бұл Қазақстан алдына да өткір сауал қояды: баланы экраннан тыйыммен қорғаймыз ба, әлде оның санасын сауатты таңдау жасауға үйретеміз бе?
Ресми статистика бойынша, 2025 жылы Қазақстандағы 6-15 жастағы балалардың 91,7 пайызы интернет пайдаланған. 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында балалардың 46 пайыздан астамы интернетке алғаш рет 5-8 жасында кіретіні, ал жоғары сынып оқушыларының 95 пайыздан астамында әлеуметтік желідегі жеке аккаунты бары көрсетілген.
Оқу-ағарту министрлігі мен ЮНИСЕФ жүргізген «Kazakhstan Kids Online» зерттеуіне сәйкес, 9-10 жастағы балалардың 60 пайызының, 11-12 жастағылардың 66 пайызының әлеуметтік желілерде немесе ойын платформаларында аккаунты бар. Бұл көптеген платформада 13 жасқа дейін тіркелуге рұқсат етілмейтініне қарамастан қалыптасқан жағдай.
Қағаз жүзіндегі шектеу баланы автоматты түрде қорғай алмайды. Туған жылын өзгерту немесе ересек адамның аккаунтын пайдалану қиын емес. Маңыздысы – баланың интернетте не көріп, кіммен сөйлесіп жүргені.
Қызылордалық Нұргүл Есмаханова екі баланың анасы. Үлкен ұлы екінші сыныпқа көшкен, кіші қызы үш жаста. Оның айтуынша, ұлы телефонға ерте әуестеніп, уақыт өте құрылғыны жиі сұрай бастаған.
– Ұлым кішкентай кезінен телефон көрді. Кейде кешке жатып алып бейне қарайтын. «Ұйықта» десек, «иә» дейді, бірақ телефонды қоймайды. Бір кезде оның ұйқысы мен күн тәртібіне әсер ете бастағанын байқадық. Содан кейін телефон қолдану уақытын шектеуге кірістік, – дейді ол.
Кіші қызына қатысты отбасы басқа жолды таңдаған. Оған телефонды бақылаусыз бермей, тек танымдық мультфильмдер мен жасына сай бағдарламаларды көрсетеді.
– Қызымызға телефонды шектеумен береміз және не көретінін өзіміз таңдаймыз. Қазір ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде санай алады, көптеген сөзді біледі, үш тілдегі қарапайым сөздерді түсініп келеді. Бірақ бұл телефонды еркін берудің емес, мазмұнын іріктеп, уақытын қадағалаудың нәтижесі деп ойлаймын, – дейді ата-ана.
ҚАУІП ЭКРАН АЛДЫНДА ӨТКІЗІЛГЕН УАҚЫТПЕН ҒАНА ӨЛШЕНБЕЙДІ
Қазақстандық балалардың 15 пайызы интернетте күн сайын қажетсіз немесе жағымсыз контентке тап болады, ал 21 пайызы кибербуллингті бастан өткерген. Бұған бейтаныс адамдардың байланыс орнатуы, жеке суреттермен бопсалау және жасанды интеллект арқылы жасалған дипфейктер сияқты жаңа қауіптер қосылды.
Телефон ұстаған әр баланы «тәуелді» деу дұрыс емес. Мамандар проблемалық қолдануды мінез-құлықтағы өзгерістермен бағалайды. Бала желіге кірмесе ашуланып, ұйқысын, сабағын және шынайы қарым-қатынасты кейінге ысыра бастаса, бұл қауіп белгісі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 44 ел мен өңірді қамтыған зерттеуінде 11, 13 және 15 жастағы жасөспірімдердің 11 пайызында әлеуметтік желіні проблемалық пайдалану белгілері анықталған. 2018 жылы бұл көрсеткіш 7 пайыз болған. Қыздар арасындағы үлес 13, ұлдар арасында 9 пайызды құраған.
АҚШ денсаулық сақтау органдары келтірген зерттеулерде әлеуметтік желіде күніне үш сағаттан артық отыратын балалар мен жасөспірімдерде мазасыздық пен депрессиялық белгілер қаупі екі есе жоғары екені көрсетіледі. Алайда әлеуметтік желіні барлық психологиялық қиындықтың жалғыз себебі деуге болмайды. Кейде жалғыздық сезінетін немесе өзін төмен бағалайтын бала желіге көбірек жүгінеді. Яғни себеп пен салдар бір-бірін күшейтуі мүмкін.
Облыстық жастар денсаулығы орталығының психологі Гүлзинат Алтынбаеваның айтуынша, әлеуметтік желіге шамадан тыс әуестену баланың өміріндегі маңызды әрекеттерді біртіндеп ығыстырады.
– Қазіргі таңда балалардың әлеуметтік желіге тәуелділігі шынымен де өзекті мәселе болып тұр. Көптеген бала бос уақытын телефонмен өткізеді. Соның салдарынан ұйқысы бұзылады, сабаққа деген қызығушылығы төмендейді, ата-анасымен және достарымен қарым-қатынасы азаюы мүмкін. Кейбір балалар әлеуметтік желідегі өмірді шынайы өмірмен салыстырып, өзіне деген сенімсіздік, мазасыздық сияқты қиындықтарға тап болады, – дейді маман.
Бұл жасөспірімдік кезеңде ерекше маңызды. Осы жаста бала өз болмысын қалыптастырып, айналасындағылардың бағасына мән береді. Ал әлеуметтік желі өзгенің өңделген өмірін ұсынады. Оның артында жарнама, монтаж және көрсетілмеген шынайы өмір барын бала аңғара бермейді. Соның салдарынан өзін өзгелермен салыстырып, сенімсіздік пен мазасыздыққа тап болуы ықтимал.
Шексіз таспа, автоматты бейнелер, хабарламалар мен лүпілдер баланың назарын ұзақ ұстап, «тағы бір бейне көремін» деген ойды бірнеше сағаттық бақылаусыз қарауға айналдыруы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желі ұйқыға, дене белсенділігіне және шынайы қарым-қатынасқа кедергі келтірмеуі керек.
ШЕТЕЛДЕР ҚАНДАЙ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ?
Франция парламенті 2026 жылғы 21 шілдеде 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіні пайдалануын шектеуге бағытталған құжатты қабылдады. Жаңа аккаунттарға тыйымды 2026 жылғы 1 қыркүйектен, бұрын ашылған парақшаларға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланған. Платформалар қолданушылардың жасын арнайы жүйе арқылы тексеруге міндеттелмек.
Шектеу білім беру, ғылыми ресурстар мен онлайн энциклопедияларға қолданылмайды. Франция билігі ата-ананың келісіміне негізделген бұрынғы тәсіл нәтиже бермеді деген қорытындыға келген.
Ұлыбритания да 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салуды жоспарлап отыр. Ережелерді 2026 жылдың соңына дейін қабылдап, 2027 жылдың көктемінен енгізу көзделген. Шектеу Instagram, TikTok, Snapchat, YouTube, Facebook және X платформаларын қамтуы мүмкін, ал WhatsApp пен Signal секілді мессенджерлерге қолданылмайды.
Ұлыбритания шексіз таспа, автоматты ойнату, тікелей эфир және бейтаныс адамдардан хабарлама алу функцияларын да реттемек. Демек, қауіп тек аккаунтта емес, платформалардың назарды ұзақ ұстауға бейімделген құрылымында.
ТЫЙЫМ МӘСЕЛЕНІ ТОЛЫҚ ШЕШЕ МЕ?
Гүлзинат Алтынбаева шетелдік бастамалардың пайдалы жағын жоққа шығармайды. Алайда заңды жалғыз шешім ретінде қарастырудан сақтандырады.
– Франциядағыдай 15 жасқа дейін әлеуметтік желіні шектеу бастамасының жақсы жағы бар деп ойлаймын. Себебі бұл жаста баланың психикасы әлі қалыптасып жатады. Бірақ тек тыйым салумен мәселе шешілмейді. Балаға бір нәрсені толық тыйым салсақ, оған деген қызығушылығы одан сайын артуы мүмкін, – дейді психолог.
Техникалық шектеулерді айналып өтуге болады: бала жасын өзгертіп немесе басқа аккаунтты пайдалануы ықтимал. Ал жасты құжат не бет әлпеті арқылы тексеру жеке деректердің қауіпсіздігі туралы сұрақ туғызады.
Ғалымдар әлеуметтік желінің зиянды контент, алгоритм және кибербуллинг секілді қауіптерін мойындайды. Бірақ оның жасөспірімге қолдау табуға, шығармашылықпен айналысуға және қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін пайдалы жағы да бар. Сондықтан мамандар жаппай тыйымнан гөрі теңгерімді шараларды қолдайды.
Психологтің пікірінше, ең тиімді қорғаныс – ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынас.
– Ең бастысы – ата-ананың бақылауы мен тәрбиесі. Ата-ана баламен ашық сөйлесіп, телефон қолдану уақытын реттеп, бос уақытын спортқа, кітап оқуға немесе басқа пайдалы үйірмелерге бағыттай білсе, бұл әлдеқайда тиімді болады. Мектепте де балаларға әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану мәдениетін үйреткен жөн, – дейді Гүлзинат Алтынбаева.
Бақылау баланың әр қадамын аңду деген сөз емес. Үйде ортақ цифрлық тәртіп болғаны дұрыс: тамақ үстінде телефон қолданбау, түнде құрылғыны жатын бөлмеден тыс қалдыру, сабақ пен демалыс уақытын ажырату. Бұл талап ересектерге де ортақ болуы тиіс.
Мектептің міндеті де телефон жинап алумен шектелмеуі керек. Оқушы алгоритмнің неге бір бейнені қайта-қайта көрсететінін, жасырын жарнама мен жалған ақпаратты қалай анықтау керектігін, желіде қалдырған жазбаның цифрлық ізге айналатынын білуі қажет.
ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАЙ ЖОЛДЫ ТАҢДАУЫ КЕРЕК?
Қазақстан үшін өзге мемлекеттің заңын сол күйінде көшіру жеткіліксіз. Елдегі тілдік орта, ауыл мен қала арасындағы мүмкіндік айырмашылығы, ата-аналардың цифрлық сауаты және балалардың интернетке ерте қосылуы ескерілуі тиіс.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасында балалар мен ата-аналардың цифрлық сауатын арттыру, онлайн зорлықтан қорғау, алгоритмдік ойлау, ақпаратты тексеру, цифрлық этика және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану дағдыларын мектепте оқыту көзделген.
Платформалардың жауапкершілігін де күшейту қажет. Балалардың аккаунттары әуелден жабық болып, бейтаныс адамдардың хабарламалары шектелуі керек. Қауіпті челлендждер, құмар ойындар мен зорлықты насихаттайтын материалдарға тосқауыл қойып, қазақ және орыс тіліндегі модерацияны жетілдіру маңызды.
Жас шектеуі ата-аналық тәрбие, мектептегі білім, психологиялық көмек және платформалардың міндетімен толықтырылмаса, формалды талап болып қалуы мүмкін.
Баланың телефонын тартып алу оңай. Ал оның неге экранға тығылатынын түсіну әлдеқайда қиын. Кейде бала әлеуметтік желіге еріккеннен емес, шынайы өмірде тыңдайтын адам таппағандықтан кетеді. Ол танымал болуды емес, қабылдануды қалауы мүмкін. Сондықтан шешім «телефонды бер» деген бұйрықтан емес, «Сені не мазалап жүр?» деген сұрақтан басталады.
– Бұл мәселені тек заңмен немесе тыйыммен емес, ата-ана, мектеп және қоғам болып бірге шешкенде ғана жақсы нәтиже болады. Баланы технологиядан толық алыстату мүмкін емес. Сондықтан оны қауіпсіз әрі саналы пайдалануға үйрету маңызды, – дейді психолог.
Әлеуметтік желі баланың өмірінен жоғалып кетпейді. Бірақ оның баланың ұйқысын, уақытын, өзін бағалауын және шынайы қарым-қатынасын басқаруына жол бермеуге болады. Бұл үшін тыйымнан бұрын түсіністік, бақылаудан бұрын сенім, ал отбасының әрекетімен қатар мемлекет пен технологиялық компаниялардың жауапкершілігі қажет.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





