Елімізде 72 теміржол вокзалы қайта жаңғырды

3

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай елімізде теміржол вокзалдары мен олардың инфрақұрылымын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Осы кезге дейін Қазақстанда 72 теміржол вокзалын реконструкциялау аяқталған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жалпы Президент тапсырмасымен елімізде 124 вокзалды реконструкциялау бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Жұмыс вокзал инфра­құ­рылымын кешенді жаңғыртуды көз­дейді. Нақтырақ айтқанда, ғимараттар мен инженерлік желілерді жаңарту, платформалар мен вокзал маңындағы аумақтарды реконструкциялау, күту залдарын кеңейту, заманауи қауіпсіздік жүйелерін, лифтілер мен көтергіш құ­рылғыларды орнату, сондай-ақ ке­дергісіз орта құру қарас­тырылған. Ал барынша тозған нысандарда ескі ғи­мараттар толығымен бұзылып, орнына жаңа жолаушылар кешендері салынуда.

20 тамыздағы жағдай бойынша, Үкімет еліміздің 17 облысында 72 темір­жол вокзалын реконструкциялауды аяқтады. Тамыз айының соңына дейін тағы 34 вокзалды пайдалануға беру жоспарда тұр. 15 нысанда жұмыс қыр­күйек айының соңына дейін бітеді.

Жалпы биыл 124 вокзалдың 121-ін реконструкциялау көзделген. Тағы үш ірі нысан – Астана, Алматы және Түр­кістан вокзалдарындағы жұмыс 2027 жылы аяқталады. Олардың тарихи-архитектуралық құндылығы бар, сон­дықтан жұмыс ғимараттардың бастапқы сәулеттік келбетін сақтауға қойылатын талаптарды ескере отырып, жеке кесте бойынша жүргізілуде.

Айта кетейік, 2024 жылы 600 млн теңгеден астам қаржыға Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы ғи­мараты мен оған іргелес аумаққа күрделі жөндеу жүргізіліп, абаттандырылды. Республика бойынша қайта жаңғыр­тылатын 124 теміржол вокзалдың 10-ы облысымыздың еншісінде. Осы кезге дейін Қазалы, Шиелі, Жаңақорған, Сексеуіл теміржол вокзалдары мен «Талап» бекетіндегі жолаушылар плат­формасы халық игілігіне табысталды. Арал, Төретам, Жосалы теміржол вок­зал­дарын, Тереңөзек пен Жалағаш­тағы қызмет көрсету пункттерін пай­далануға беру кезең-кезеңімен аяқталады.

«Вокзалдарды жаңғырту инфра­құрылымды артып келе жатқан жүк­темеге бейімдеуге және ірі тораптық стан­салармен қатар өңірлерде де жолау­шыларға қызмет көрсету сапасын арттыруды қамтамасыз етеді. Қабыл­данып жатқан шаралар теміржол инфра­құрылымының сенімділігін арттыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және жолаушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Теміржол тасымалын дамыту және вокзалдарды жаңарту аясында жолаушылар ағынының одан әрі өсуі күтілуде, бұл көлік тораптарына жүк­темені арттырады және қызмет көр­сетудің заманауи стандарттарын сақ­тауды талап етеді» делінген мә­лім­демеде.

«СБ» ақпарат