Жақында Жаңақорған ауданы Қандөз ауылындағы Ғани Мұратбаев атындағы №240 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Әлайдарқызы шәкірті, 11-сынып оқушысы Балназ Жұмахан екеуі Түркияның Стамбул қаласында ұйымдастырылған «DEDE KORKUT PLATFORMU» халықаралық байқауына қатысты.
Байқауға 80-нен астам елден 100-ге жуық оқушы келіп, ғылыми жобаларын сарапқа салды. Балназ Жұмахан әлемдік додада үздік ондықтың қатарына еніп, І орынды жеңіп алды.
Ұстаз бен шәкірт «Қорқыт баба мұрасының бүгінгі күнмен байланысы» тақырыбындағы ғылыми жобасын түрік тілінде қорғады. Оқушы еңбегінде Қорқыт ата жырларындағы адамгершілік құндылықтар, ерлік пен адалдық, отансүйгіштік идеясының бүгінгі жастар тәрбиесіндегі орны туралы зерттелген.
– Біз ұзақ уақыт бойы іздендік, түрлі дереккөздерді ақтардық. Тек ғылыми еңбектермен шектелмей, оны қазіргі өмірмен байланыстыруға тырыстық. Еңбек ақталып, шәкіртім биіктен көрінді, – дейді Жанат Әлайдарқызы.
Ұстаздың айтуынша, мұндай байқауларға қатысу оқушының жан-жақты дамуына ықпал етеді, дүниетанымын кеңейтеді, өз-өзіне сенімін арттырады. Балназдың өзі де байқауда мол тәжірибе жинағанын айтты.
– Жобаны дайындау барысында көптеген ақпаратқа сүйендім. Түрік тілін меңгердім. Әрине, алғашында жеңіл болмады. Бірақ ұстазымның қолдауының арқасында барлық қиындықты жеңдік. Қорқыт баба туралы зерттеу жүргізу мен үшін қызықты болды. Оның жырындағы ойдың бүгінгі күнмен тығыз байланысты екенін түсіндім. Байқауда әлемнің әр елінен келген оқушылармен таныстым. Олардың өз мәдениетін, тілін, тарихын қалай құрметтейтінін көріп, өз еліме деген мақтанышым артты, – дейді жас зерттеуші.
Ұстаз бен шәкірт байқауда бақ сынаумен қатар, түркі әлемінің мәдениетімен жақынырақ танысты. Қаладағы тарихи орындарды аралап, рухани әсер алды. Ауыл мектебінен шыққан оқушының халықаралық деңгейде топ жаруы – үлкен жетістік.
Дильнара ЕГЕУБАЕВА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
1-курс студенті





