Жаз айлары – дала мен орман алқаптарында, сондай-ақ елді мекендерде өрт оқиғалары жиілейтін кезең. Әсіресе аптап ыстық пен құрғақшылық күшейген уақытта өрттің таралу қаупі бірнеше есе артады. Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алу, жауапты қызметтердің дайындығын пысықтау және күш-құралдардың үйлесімді жұмысын тексеру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі саналады. Осы мақсатта Қызылорда облысында «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.
Екі күнге созылған іс-шара барысында табиғи және дала өрті туындағанда азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің дайындығы сыналып, төтенше жағдай кезінде әрекет ету тетіктері іс жүзінде пысықталды. Оқу-жаттығуға 78 қызметкер мен 45 арнайы техника қатысып, мамандардың кәсіби даярлығы мен техникалардың мүмкіндіктері тексерілді.
Жаттығу үш кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезеңде төтенше жағдай болған кездегі басқару органдарының іс-қимыл алгоритмдері, жауапты мекемелер арасындағы өзара байланыс пен ақпарат алмасу жүйесінің тиімділігі тексерілді.
Екінші кезеңде Сырдария өзенінің сол жағалауында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйелеріне қарасты техникалардың көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар мен мамандар арнайы техникалармен танысып, оларды дала және орман өрті кезінде қалай қолдануды көрсетті.
Ал үшінші кезеңде «Шіркейлі» каналының жағалауында практикалық жаттығу өткізілді. Бұл кезең – оқу-жаттығудың ең маңызды әрі жауапты бөлігі. Арнайы мамандар алдын ала белгіленген аумақта шартты түрде өрт шығарып, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдардың толық циклін көрсетті. Өрт ошағы анықталған сәттен бастап күш-құралдар дереу жұмылдырылып, жалынның таралу бағыты бағаланды. Кейін мамандар өртті қысқа мерзім ішінде қоршауға алып, оны өшірді. Арнайы техникалардың көмегімен жалын толықтай сөндіріліп, қауіпсіздік шараларының сақталуы бақылауға алынды.
Сонымен қатар шартты түрде зардап шеккен азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсету, халықты қауіпсіз аймаққа көшіру және түрлі қызметтердің өзара үйлесімді әрекет етуі жан-жақты пысықталды. Практикалық бөлім барысында әрбір құрылымның кәсіби дайындығы мен жедел шешім қабылдау қабілеті сыналды.
Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы Нұрболат Қиятовтың айтуынша, көктем туғаннан өрттің қауіпті кезеңі де қатар келеді.
– Көктемнен бастап өрт қаупі артатын маусымға кіреміз. Әсіресе күннің қызуы күшейіп, ауа райы құрғақ болған кезеңде өрт қаупі ең жоғары деңгейге жетеді. Сондықтан мұндай оқу-жаттығулардың маңызы ерекше. Бұл – тек мамандардың дайындығын тексеру ғана емес, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы нақты жұмыстардың бірі, – деді ол.
Маманның сөзінше, табиғи және дала өрті көбіне адам факторынан туындайды. Сол себепті тұрғындардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауы аса маңызды.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы».
Сурет автордікі






