Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №129 сайлау учаскесінде Құрылтай сайлауына дауыс берді.
Дауыс беру рәсімінен кейін Ерлан Қарин бұл сайлаудың ел тарихындағы маңызды саяси оқиға екенін атап өтті.
– Бұл жолғы сайлауды шын мәнінде тарихи оқиға деп айтуға болады. Себебі наурыз айында біз жаңа Конституцияға дауыс бердік. Бірінші шілдеде жаңа Конституция өз күшіне енді. Ал бүгінгі сайлаудың нәтижесінде жаңа бір палаталы парламент – Құрылтайдың құрамы анықталады, – деді ол.
Оның айтуынша, Құрылтай жаңа саяси жүйені қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын институт болады. Жаңа орган бірқатар мемлекеттік институттардың өкілеттіктерін, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың өкілеттік мерзімдері мен құзыреттерін бекітуге қатысады. Сондықтан Құрылтай – жаңа саяси жүйенің құрылуына басымдық беретін маңызды орган. Сайлаудың маңыздылығы да осында деп атап өтті.
Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары сайлау науқанының маңызы тек мемлекеттік институттардың жаңаруымен шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде қоғамдық кеңістікке жаңа тұлғалар мен жаңа саяси күштер келіп, қоғамдық саясаттың күн тәртібі де жаңарып жатыр.
– Қазіргі болып жатқан өзгерістер мен реформалар ауқымдылығы және динамикасы тұрғысынан еліміздегі соңғы жылдардағы, тіпті соңғы онжылдықтардағы ең ірі өзгерістердің бірі деп айтуға болады. Бұл тек Қазақстан тарихы үшін ғана емес, тұтас аймақтың дамуы үшін де маңызды, – деп түйіндеді Ерлан Қарин.






