Әріптестік аясы кеңейе береді

5

0

«ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы Қызылорда облысында бірқатар ауқымды жұмысты жүзеге асырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың «Қазгермұнай» БК» ЖШС өкілдерімен кездесуінде өңірдің мұнай-газ саласын дамыту, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Аймақ басшысы компанияның және оның еншілес ұйымдарының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзіндік орнын ерекше атап өтті.

– Алдағы уақытта да тиімді әріптестік негізін­де маңызды жобаларды бірлесіп іске асырып, ынтымақтастығымызды одан әрі нығай­тамыз деп сенемін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Кездесуде компанияның әлеуметтік жауап­кершілік аясында атқарған жұмыстары жоғары бағаланды. Атап айтқанда, «Қазгер­мұнайдың» демеушілігімен 2,5 млрд теңгеге салынған «Оқушылар сарайы» бүгінде балалар игілігіне қызмет етуде.

Бұдан бөлек, мұнай-газ саласындағы инфрақұрылымдық жобалар жайы тал­қы­ланды. 2022 жылы өңірдегі ірі мұнай компаниялары мен Энергетика министрлігі арасында «Қазгермұнай» компаниясының «Оңтүстік Ақсай» кен орнындағы шикі газ өңдеу зауытына дейін газ құбырын жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын.

Қазір «Казпетрол Груп» және «Тұзкөл Мұнайгаз Оперейтинг» серіктестіктері құбыр құрылысын аяқтап, газ жеткізуді бастаған. Бұл өңделетін газ көлемін арттырып, өңір эко­номикасының дамуына оң әсерін тигізеді.