…Отаншылдық дегеніміз – әрине, Отанға деген сүйіспеншілік деген сөз. Алайда, Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншылмын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ.
Қазір қоғамда «Қазақстанның мемлекеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?» деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет. Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорттық және мәдени іс-шараларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады.
Қазақстанның аспанмен астасқан көк туын бүкіл әлем біледі. Еліміздің спортшылары жарқын жеңісімен, ғалымдары іргелі еңбегімен, өнерпаздары тамаша дарынымен Отанымызды жер жүзіне танытып жүр. Әр азаматымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі, әр өреніміздің абыройы – барша қазақтың беделі. Біз туған жерге жанашырлығын, туған елге адалдығын нақты іспен көрсететін нағыз патриот азаматтарды қолдауымыз қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінен
Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Көк жүзінде желбіреген көк Ту, айшықты Елтаңба және асқақ Әнұран – халқымыздың өткен тарихы мен жарқын болашағын жалғайтын қасиетті құндылықтар.
1992 жылдың 4 маусымында егемен еліміздің жаңа Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ресми түрде бекітілді. Ал 2006 жылы жаңа Әнұран қабылданды. 2007 жылы 4 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заңға сәйкес бұл күн Мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленді. Бүгінде қазақстандықтардың отансүйгіштік рухын нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды күнге айналды.
Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда атап өткендей, рәміздерге құрмет – Отанға деген құрмет. Әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді қастерлеу арқылы ел тәуелсіздігін, ұлттық құндылықтарды және ортақ жауапкершілікті дәріптейді. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді насихаттау, олардың мән-маңызын жас ұрпақтың санасына сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Бүгінде Мемлекеттік рәміздер тек ресми атрибут қана емес, қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреп, халықаралық жарыстарда спортшыларымыздың жеңісімен бірге әлемге танылып келеді.
Республиканың барлық өңірлерінде Рәміздер күніне арналған патриоттық акциялар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, танымдық сабақтар мен мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылуда. Мұндай іс-шаралар азаматтардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.
Облыста да құндылықтарды ұлықтауға бағытталған ауқымды шаралар ұдайы өткізіліп тұрады. Биыл «Рәміздер рухы – Конституцияның күші» атты жалпыұлттық патриоттық акция аясында түрлі форматтағы кездесулер, танымдық іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын өткізу жоспарланған. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау, олардың мәртебесін арттыру және жастардың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Осы мақсаттағы маңызды шаралардың бірі «Достық үйінде» өткен «Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздік символы» атты облыстық семинар болды. Оған Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен сала мамандары қатысты.
Семинарда Мемлекеттік рәміздердің ресми қолданылуы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен реттелетіні, сондай-ақ оларды орналастыру мен пайдалану кезінде ұлттық стандарттардың сақталуы туралы айтылды. Әсіресе ақпараттық кеңістікте және қоғамдық орындарда рәміздердің талапқа сай қолданылуы мемлекет беделі мен елдік санаға тікелей әсер ететіні ерекше атап өтілді.
Өңірде Мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен олардың заң талаптарына сәйкес қолданылуын бақылау бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. Облыстық комиссия тұрақты жұмыс істеп, жыл сайын екі мәрте отырыс өткізеді. Комиссияда мониторингтік топтардың қорытындылары қаралып, анықталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданады.
Арнайы құрылған мониторингтік топ құрамына полиция департаменті, Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстық департаменті, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енгізілген. Олар мемлекеттік мекемелерде рәміздердің дұрыс қолданылуы мен орналастырылуын зерделеп қана қоймай, жауапты мамандарға әдістемелік көмек көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Ұлттық стандарттар мен нормативтік-құқықтық талаптарға сәйкес Мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы қатаң бақылауда. Осы мақсатта республикалық деңгейдегі мамандардың қатысуымен жыл сайын әдістемелік семинарлар өткізіліп келеді. Биылғы облыстық семинар – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың бір көрінісі.
Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында рәміздерді насихаттауға бағытталған арнайы жоба жүзеге асырылмақ. Жоба шеңберінде Мемлекеттік рәміздер, Республика күніне арналған патриоттық акциялар, кездесулер, байқаулар ұйымдастырылып, әдістемелік құралдар әзірленеді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





