Қызылордада құтқарушылар мен шекарашылар ағылшын тілін шыңдады

3

0

Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ ұйымдастыруымен Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің қатысуымен бірлескен «English Speaking Club» (Ағылшын тілінде сөйлесу клубы) отырысы өтті.

Заман талабына сай мемлекеттік және әскери қызметшілердің тілдік дағдыларын дамытуға бағытталған бұл шара қос ведомство арасындағы кәсіби тәжірибе алмасудың бірегей алаңына айналды. Басқосудың басты мақсаты — қатысушылардың ағылшын тілінде еркін қарым-қатынас жасау дағдыларын жетілдіру, өзара байланысты нығайту және тіл үйренуге деген қызығушылықты арттыру болды.

Жиын барысында қызметкерлер тілдесудегі психологиялық кедергілерді жою, өзіне деген сенімділікті арттыру және достық атмосферада топпен жұмыс істеу міндеттерін іске асырды.

Сөйлеу клубы дәстүрлі форматтан тыс, толықтай интерактивті бағытта ұйымдастырылды. Шараның алғашқы бөлігінде, яғни «Team activities» кезеңінде қызметкерлер аралас топтарға бөлініп, логикалық тапсырмаларды бірлесе шешу арқылы ұйымшылдық танытты. Кейін «Interactive games» блогында тілдік қорды байытуға және жедел ойлау жылдамдығын арттыруға арналған арнайы интеллектуалды ойындар ойнатылды.

Шараның ең негізгі бөлігі — «Roleplay situations» кезеңінде құтқарушылар мен шекарашылар өздерінің күнделікті қызметінде, соның ішінде шетелдік азаматтармен жұмыс істеу немесе төтенше жағдайлар кезінде кездесетін шынайы өмірлік жағдаяттарды ағылшын тілінде сахналап, практикалық дағдыларын ортаға салды.

Шара соңында қатысушылар мұндай бірлескен форматтың кәсіби тұрғыдан да, тұлғалық даму тұрғысынан да маңызы жоғары екенін атап өтті.

Облыстық қоғамдық келісім орталығы