Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда кеңінен насихаттау, жастардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру, заңға құрметпен қарау және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру – күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі. Осы орайда Халықаралық жастар күніне арналған онкүндік іс-шаралар аясында қаладағы Президент паркінің амфитеатрында «Жастар және заң мен тәртіп» тақырыбында облыстық «Жайдарман» ойындары ұйымдастырылды.
Көңілді әрі танымдық іс-шараға Қызылорда қаласы және аудандар бойынша жас жайдарманшылар қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелерді әзілмен әрлеп, ұтқыр оймен жеткізуге тырысты. Өнерлі де белсенді жастардан жасақталған командалар осындай шағын ғана сахналық қойылымдар арқылы қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарына құрметпен қарау және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелерін көрермен назарына ұсынды.
Жастар арасындағы қызықты сайысқа облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов қатысып, іс-шараға арқау болып отырған негізгі тақырыптың мазмұнына кеңірек тоқталды.
– Заң мен тәртіп – орнықты қоғамның негізгі тірегі. Құқықтық мәдениет тек заң талаптарын білу немесе оны орындаумен шектелмейді. Ол – әр азаматтың өз құқығы мен міндетін терең түсінуінен, қоғамдық ортадағы жауапкершілігін сезінуінен басталады. Әсіресе, елдің ертеңін қалыптастыратын жастардың бойында осы құндылықтардың берік орнығуы аса маңызды. Бүгінгі «Жайдарман» ойыны – жастардың шығармашылық әлеуетін танытумен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көтерудің, азаматтық ұстанымды әзіл арқылы жеткізудің тиімді алаңы. Жастардың құқықтық сауаты жоғары, ойы сергек, жауапкершілігі мол болған сайын қоғам да соғұрлым берік болады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты күнделікті өмір салтына айналуы тиіс, – деді Руслан Мұхамедәліұлы.
Айта кетейік, биылғы Халықаралық жастар күніне арналған мерекелік іс-шаралар Ата Заңымыз – ҚР Конституциясының күшіне енуі және алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы аясында өткізілуде. Осыған орай 10-12 тамыз аралығында республика көлемінде «Жастармен бірге!» акциясы ұйымдастырылып, оның басты іс-шарасы Астанадағы «Jastar Fest» республикалық жастар фестивалі өтеді.
Бұдан бөлек, Абай күніне арналған әдеби кештер, кітап оқу мәдениетін насихаттайтын «Оқы. Ойлан. Өзгер.» акциясы, «100 минут оқу» челленджі, сондай-ақ экологиялық және волонтерлік акцияларға өңір жастары жоғары белсенділікпен қатысуда. Сондай-ақ жастарға білім алу, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлік пен мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша кеңес беретін бірыңғай жастар алаңдары тұрақты жұмыс істейді.
«СБ» ақпарат





