Құрылтай

Сағыныш

3

0

Өмір шіркін өзен сияқты екен. Ағысын тоқтатпайды. Ал думанды кездер лезде өте шығарын кім білген?! Сүйікті жарым Ұмытшақ Нұрсейітқызы дүниеден озды. Қызым Зүльфия көз жасын төкті. Менің де бауырым езілді. Ағайын-туыс ағыла келіп, сабырға шақырды. Сүйікті інілерім Ибрагим, Наурызбай, Нұрмұрат, Алтынбек, Серік, Дайрабай, Ибадулла мені қуатқа шақырып, жаныма демеу жасады. Қайғының қара бұлтын сейілтіп, шүкіршілікті ту етіп, қасымда біраз отырды. Рахмет, ағайын-туыс, бауырларға, құда-жекжат, іні-қарындастарыма. Әсіресе қызым Зүльфияның дос-жарандары Гюзель, Софья бастаған топ қайғымызды бөліскенін ұмытар емеспін!

Жарым Ұмытшақпен елу жылдан астам сыйластықпен өмір сүрдік, немере сүйдік, талай қуанышты сәттерді бастан өткіздік.

Әлі есімде. Мына Махамбетов ауы­лынан бір топ жастар Нұрғиса Ті­лендиевтің концертіне келді. Орталарында ауылдағы комсомол жетекшісі Ұмытшақ Нұрсейітқызы бар. А.Тоқ­ма­ғанбетов атындағы театрда ине шаншар орын жоқ, жұрт көп жиналды. Сол концертте Ұмытшақпен қатарлас отырып қалдық. Таныстық сол жолы басталған еді-ау.

Иә, ауыл қызымен біраз сырласып, отау құруды әңгімеледік. Жұмыстан шыққан бойда ауылға жол тартып, әңгімеміз жалғасып, талай сыр ағыт­қан едік-ау.

– Мен ата-анадан жастай айрылдым, – деді бірде көз жасына ерік беріп. Іні-сіңлілерімді жетілдіру мойнымда тұр. Туған бауырым Оразбек төрт жасында, Орынкүл 15 жасында, ал Дәмен мүлдем жас еді. Институтты бітіру мойнымда тұр. Отбасын құруды содан соң ойластырайық, жігітім…!

Отау құру мәселесін мен де тере­ңінен қозғап отырдым. Ақын Қа­дыр­дың:

«Сұлулар қасыңнан өткенде,

Иіліп тұрып қарайсың.

Ажарлы қызды көргенде

Ақылды қызды аяйсың!» дегенімде «ой, өзің ақынжанды азамат екенсің» деп мойын бұрды.

Ұмытшақтың сол бір кездегі ағы­нан жарылған кіршіксіз сырына бас имеске амалым қалмады. Бір-бірімізді жеті жылдай күттік. Ол Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітірді, іні-сіңлілерін жеткізді.

Бәріне тағы оралайыншы. Сонау 1970 жылы жаз айында үйлену то­йымыздың күнін белгіледік. Еркесары, Жансары бастаған құрбылары думан­дата, той өткізіп, шығарып салды, аталар, әжелер ағынан жарылып бата берді.

Біз үйленген кезде қазіргідей са­был­ған асаба жоқ еді. Беташарды қа­рын­дасым Шынардың күйеуі, қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Исатай Елубаев қолына алып, домбырасымен күй шертіп, бастады. Беташар сөздерін өзім жазып беріп, қолына ұстаттым. Исатай төгілтті, жұрт риза пейіл байқатты.

Дүниеге қызым Зүльфия, одан соң Бағдат келді. Екеуі институт бі­тірді. Қызым дәрігер, медицина ғы­лым­дарының кандидаты, Бағдат Пәкістан университетін бітір­ді, ағылшын, араб тілінің маманы. Немере­нің алды қа­зақтың Абай атындағы универ­сите­тінің студенті, Нұрдәурен, Айша мектепте оқиды.

Шүкір, шүкір! Ұмыт­шақ 85 жас жасады. Ұзақ сыр­қаттанды. Жүруден қалды. Ас-ауқа­тын қызым мен келінім қасықпен бе­ріп, мәпеледі, күтті. Қиындыққа сыр бермей төтеп берді.

Биыл шілденің екінші аптасында абыр-сабыр болдық та қалдық. Қоғадай жапырлап ағайын-туыс ағыл­­ды. Еңбек еткен қара шаңырағым – «Сыр бойы» газетінің ұжымы келді. Астанадан жиендерім Бақытжан, Ға­лымжан, інім Мұхамеджан келді. Жаныма демеу болды.

«Қоғалыдағы» Құлболды ишан зиратына қойдық. Алғашқы бейсен­білігіне дейін төртқұлақ салып үл­гердік. Осы бір сәтте, ағайын-туыс қо­ғадай жапырлап, қызмет көрсеткені есімнен шығар емес.

Жүйткіген уақыт неткен жылдам еді. Ұмытшақтың дүниеден озғанына да қырық күн толғанын қараңызшы?!

Ізгілік ойлап пендеге,

Нұр құйылған кеудеңе.

Пейіштің нұрын шалқытып,

Жүзіп жүрсін, бір кеме!

Бұл – көктасқа жазылған ескерт­кіш!

Ұмытшақ Нұрсейітқызының зиратына барған сайын, осы бір шумақты қайталап, Құран бағыштаймыз.

Марқұмның 40 күндік асы 15 та­­мыз, сенбі күні «Nomad palace» мейрамханасында сағат 11:00-де басталады.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі