Қаратаудың етегінде кезінде төрт түлігімен мемлекет байлығын еселеген іргелі елдің төл перзенттері атамекенге байланған кіршіксіз болмыстан танбай, талабы зор бұла күш балғындарына керемет тарту жасады. Нақтылап айтар болсақ, Қыраш ауылының ауызбірлігі зор азаматтарының демеушілігімен туған жерде жаңа спорт залы бой тіктеді.
Сәрсенбінің сәтінде спорт нысанының ашылу салтанаты өтіп, оған арнайы қатысқан аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісті.
– Мемлекет басшысы кәсіби спортты жандандыру арқылы ұлт саулығына жол ашатынымызды айтып келеді. Осы бағытта ауданымызда спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында көп жұмыс атқарылды. Кейінгі үш жылда он бес спорт нысаны пайдалануға берілді. Былтыр Келінтөбе ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында спорт кешені бой көтерді. Қазіргі таңда Саяжай мөлтек ауданында спорт бассейнінің құрылысы жүргізілуде. Міне бүгін Қыраш ауылының төрінде жаңа спорт кешені ашылып отыр. Осының барлығы бірлік пен жұмыла еткен тірліктің арқасы дер едім.
Атамекенге жанашыр ағалардың игі бастамасын іліп әкеткен ауыл жастары ортақ күш жұмылдырып, әрқайсысы өз қабілет мүмкіндігін сарқа жұмсап, құрылыстың талап деңгейінде салынып бітуіне күш жұмылдырды. Енді осы нысанда жаттығып, жаңаша әдіс-тәсілдерін жетілдіретін жеткіншектеріміздің болашағы мұнан да зор болмақ. Ауылда еліміздің көк байрағын желбірететін жеңімпаз ұландар қатары көбейе берсін, – деді аудан әкімі. Одан әрі осында жаттығуды бастап кеткен жеті мен он бес жас аралығындағы талапкерлерге арнап алып келген сыйлықтарын табыс етті.
Ауыл түлектері бұған дейін құрама сапында болып келсе, кейінгі кезде Қыраш ауылының атынан бөлек команда болып додаларда бақ жарыстырып жүр. Осы ауылдан шыққан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қанат Мұсабековтің ізін алып еркін күрестен 4 спорт шебері шықты. Бүгінгі күні 20 өрен спорт шеберлігіне үміткер екен.
Ауданның туын биікке көтерген Дәулет Ниязбеков Әлем біріншілігінің екі дүркін чемпионы атанды, қазірде Қазақстан Республикасының аға жаттықтырушысы екенін айта кету де артық емес.
Салтанатта арнайы сөз алған КСРО спорт шебері, ардагер Дәуітбек Әлмашұлы күрестен елдің атын шығаратын ұландарымыз көп болсын деген тілегін айтып, жастарға батасын берді.
Шараға арнайы келіп қатысқан туған топырақтың түлектері, ҚР-на еңбегі сіңген қайраткер, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлы, ҚР-ға еңбегі сіңген қайраткер, «Парасат» орденінің иегері Қалқазбек Әжібеков, ішкі істер саласының ардагері Тастемір Рахимов сөз алып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.
Спорт нысанының құрылысына атсалысқан азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Марапатталғандар қатарында ауылдағы №180 орта мектеп мұғалімдері Амангелді Мырзахметов, Арман Қалдыбекұлы, Ғалымжан Баратбеков, жеке кәсіпкер Әділ Дәулетбекұлы, ауыл клубының қызметкері Айдын Садықов және ауыл тұрғыны Әділет Қансейітов бар.
Бір ауылдан түлеп ұшып, бір ортақ арнада бас біріктірген туған жер перзенттерінің парасат болмысы осылайша келешекке тағы бір кемел қадамымен тарих бетінде қатталып қалды.
Баян ҮСЕЙІНОВА. Жаңақорған ауданы





