Бүгін бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтті. Осылайша жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кірісті. Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алатынын білдіреді.
Сессияда Мемлекет басшысы қазіргі заман құр уәденің, жалған сөз бен жалаң ұранның уақыты емес екенін және жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес екенін айтты.
– Бұрынғы Парламентпен салыстырғанда, Құрылтайдың құрамында әйелдер мен жастардың үлесі едәуір өсті. Ауқымды өзгерістер мемлекеттік басқару ісіне, әсіресе, жаңа буынның, яғни жігерлі, отаншыл, еңбекқор жастардың келуіне себепші болды. Әкімдер құрамында, мемлекеттік мекемелерде, бизнесте жас буын өкілдері алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл – біз жүргізген реформалардың аса маңызды нәтижесі. Ашығын айтсақ, институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты да – биліктің барлық тармағындағы кадрларды жаңарту, яғни саясатқа жаңашыл, жасампаз адамдарды әкелу. Қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Құрылтайға әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралауды тапсырды, заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отыру жұмыстарын жандандыру қажеттігін мәлімдеді.
Депутаттар заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге үлес қосуға тиіс екені де айтылды.
– Депутаттар заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге үлес қосуға тиіс. Бұл да – ұлттық мүддеге тікелей қатысы бар маңызды мәселе. Жалпы, жұртымыз елдегі реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын, ең алдымен, сіздердің қызметтеріңізге қарап бағалайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысының бұл сөздері жаңарған еліміздің жаңадан жасақталған Құрылтай депутаттарына бұрынғыдан да жоғары жауапкершілік пен талап деңгейінің күшейтілгенін көрсетеді.
Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы





