– Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың отырысы өтті.
Президенттің баяндамасында айтылған негізгі бағыттардың ішінде өскелең ұрпаққа қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мәселесі ерекше назар аудартады. Мемлекет басшысы 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне заңнамалық деңгейде шектеу қою туралы ұсынысты қолдайтынын білдірді.
Бұл – бүгінгі таңда өте орынды әрі қажетті шешім. Бақылаусыз ақпарат ағыны жүріп жатқан виртуалды кеңістікте балалар жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін, психологиясына кері әсер ететін мазмұнмен жиі кездеседі.Сонымен қатар ғаламторда бейтаныс тұлғалардың балалардың сеніміне кіріп, қауіп төндіру қатері де бар.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілер баланың уақыты мен зейінін шектен тыс алады. Сандық құрылғыларға тәуелді болғанша, жасөспірімдердің отбасымен және достарымен тікелей қарым-қатынас жасағаны, спортпен шұғылданғаны, білім алып, кітап оқығаны әлдеқайда маңызды.
Баланы ақпараттық қауіп-қатерден қорғау және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – білім беру саласы өкілдері мен ата-аналарға жүктелген ортақ міндет.
Жанар БИМҰРАТҚЫЗЫ,
«Қызылорда облысының білім басқармасының «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және инновация академиясы»





