Кеше Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» республикалық журналистер клубының кеңейтілген отырысы өтті. Оған клуб мүшелері, БАҚ өкілдері, өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметкерлері, медиасарапшылар мен медиаменеджерлер қатысты.
Алқалы жиынның алғысөзін облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов алып, сөздің қадірін, қаламның қасиетін бағалаған Сыр елінде журналистика саласының мектебі қалыптасқанын атап өтті. Бүгінде 30-дан астам этнос өкілдері аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында еңбек етіп келеді.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Мерейлі жыл аясында Қызылорда облысында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, республикалық деңгейдегі маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынды. Орталықтарда ашылған «Қоғамдық келісім» кабинеттері этнос өкілдерінің мәдени-рухани бірегейлігін сақтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі игі іс-шара өткізіліп отырған «Достық үйі» ғимараты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының демеушілігімен салынып, жыл басында пайдалануға берілді. Еңселі орда этномәдени бірлестіктердің, азаматтық қоғам өкілдерінің толыққанды жұмысын қамтамасыз етіп отырған рухани қарашаңыраққа айналды, – дейді Руслан Қаюпов.
Биыл облыстық журналистер клубының құрамы сапалық тұрғыдан жаңарды. Оның құрамына 20 кәсіби медиа маман енді. Жыл басынан бері 4 мыңнан астам сараптамалық әрі танымдық материал жарық көріп, әлеуметтік желілерде 2900-ге жуық идеологиялық және түсіндірме жазба таратылды. Ел ішіндегі ынтымақ пен бейбітшілік арнайы тележобалардың арқауына айналды. Одан бөлек клубтың бастамасымен бірқатар мазмұнды жоба табысты жүзеге асырылып келеді. Басқарма басшысы күрделі геосаяси жағдай мен цифрлық трансформация дәуірінде ақпараттық қауіпсіздікті сақтау, қоғамды бөлуге емес, біріктіруге бағытталған шешім журналистикасын дамыту маңызды басымдықтардың бірі екенін жеткізді.
«Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Әсел Артақшынова ауқымды реформалар жағдайындағы журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына жүктелер жауапкершілік салмағын саралады.
– Журналистер клубының қызметі ерекше маңызға ие. Біздің негізгі міндетіміз – реформалардың мәні мен мақсатын кәсіби тұрғыда түсіндіру, қоғамды толғандыратын сұрақтарға нақты әрі объективті жауап ұсыну, сондай-ақ ресми ақпаратты азаматтарға жедел жеткізу. Қазіргі таңда журналистика саласы да елеулі өзгерістерді бастан өткеруде. Ақпарат тарату жылдамдығы артты, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың ықпалы күшейді. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар журналистердің күнделікті жұмысының бір бөлігі болды. Осыған байланысты клубқа жаңа міндеттер жүктелді. Клуб тек ақпарат алмасатын алаң емес, кәсіби пікірталас, тәжірибе алмасу және заманауи журналистік дағдыларды жетілдіру орталығына айналуы тиіс, – дейді ол.
Жыл басынан бері республикалық клуб бірқатар маңызды іс-шараға мұрындық болды. Атап айтқанда, ақпараттық жұмыста цифрлық медиаплатформалар мен жасанды интеллект технологияларын пайдалану мәселелеріне арналған оқыту воркшопы өтті. Сонымен қатар конституциялық реформаны ақпараттық сүйемелдеуге, V Ұлттық құрылтайдың шешімдерін түсіндіруге, медиасауаттылықты арттыруға және журналистиканың кәсіби стандарттарын сақтауға арналған кездесулер ұйымдастырды. Әсел Артақшынова алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігіне тоқталды.
Одан кейін «Қоғамдық-саяси үдерістерді ақпараттық сүйемелдеу» тақырыбында клуб төрағасы Әлішер Сатыбалдиев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі журналистикада оқиғаның өзін ғана емес, оның мағынасын түсіндіру маңызды. Қоғамға белгілі бір шешімнің қабылданғанын айту жеткіліксіз.
– Журналистердің кәсіби жауапкершілігі артып келеді. Бүгінгі журналист мәтін жазып қана қоймайды. Ол ақпаратты тексереді, сараптайды, аудиториямен жұмыс істейді, әлеуметтік желідегі пікірлерді бақылайды, визуалды контент дайындайды және қажет болған жағдайда қоғамдық диалогке модератор болады. Журналистер клубының осы бағыттағы рөлі ерекше. Клуб – журналистер, сарапшылар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар арасындағы кәсіби пікір алмасу алаңы. Мұндай кездесулердің басты құндылығы – тек ақпарат алу емес, тәжірибе алмасу, ортақ мәселелерді талқылау және ақпараттық жұмыстың жаңа тәсілдерін қалыптастыру. Біз ақпараттық сүйемелдеуді тек мемлекеттік органдардың немесе журналистердің міндеті ретінде қарастырмауымыз керек. Бұл – ортақ жауапкершілік. Мемлекеттік органдар ашық әрі сапалы ақпарат ұсынуы керек. Журналистер ақпаратты кәсіби тұрғыда тексеріп, қоғамға түсінікті түрде жеткізуі қажет. Ал қоғам өз кезегінде ақпаратты сыни тұрғыда қабылдап, тексерілмеген мәліметті таратпау мәдениетін қалыптастыруы тиіс, – дейді ол.
Клуб отырысында сондай-ақ медиа саласының мамандары бірнеше тақырыпта баяндама жасап, өңірлік журналистиканың өзекті мәселелері мен медиа саласындағы заманауи өзгерістерді кеңінен қарастырды. Атап айтқанда, жедел ақпарат пен сапалы контенттің арақатынасы, медиа мен қоғам арасындағы ашық диалог мәдениеті, журналистиканың цифрлық трансформациясы талқыға түсті. Тренингтер журналистердің практикалық дағдысын жетілдіруге, заманауи медиа құралдарын тиімді пайдалануға және ақпараттық кеңістіктегі кәсіби жұмыстың сапасын арттыруға бағытталды.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





