Білім: Бүгінгі жетістікпен шектелуге болмайды

5

0

Кеше «Өнер орталығында» «Жаңа халықтық конституцияның нормалары мен құндылықтары:  Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты облыстық педагогикалық тамыз конференциясы өтті.

Жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Жәмилә Есанова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, білім саласының ардагерлері мен ұстаздар қатысты.

Салтанатты жиында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құт­тықтады. Сөзінің барысында өткен оқу жылының нәтижесін жоғары баға­лай келіп, алда тұрған жаңаша міндеттерге тоқталды.

– Құрметті ұстаздар, бүгінгі кон­ференцияда өткен оқу жылының нәтижелерін саралап, алдағы кезеңнің негізгі басымдықтарын айқындаймыз. Алдағы міндет – қол жеткізген нәти­желерімізді сақтап қоймай, білім сапасын жаңа деңгейге көтеру. Осыған байланысты жаңа оқу жылында бір­қатар нақты міндетке ерекше назар аударуды ұсынамын.

Президент ауыл мектептерін дамыту үшін білім сапасы төмен аймақтарға нақты қолдау көрсетудің қажеттігін тапсырды. Қала мен ауыл мектептері арасындағы сапа айыр­машылығын одан әрі қысқарту, әрбір баланы тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім беруге жағдай жасауымыз қажет. Сонымен қатар, халықаралық және республикалық олимпиадаларға, ғылыми жобаларға, зияткерлік жарыс­тарға қатысатын дарынды оқушылар­ды анықтау, даярлау және қолдау жү­йесін күшейту керек. Біз осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қызылорда облысының  Ұлттық бір­ың­ғай тестілеудің нәтижесі бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін ерекше атап өтті. Облысымыз үшінші жыл қатарынан республикада бірінші орынға шықты.  Бұл – ең алдымен ұс­таз­дардың табанды еңбегі мен мем­лекет тарапынан берілген қол­даулар­дың нәтижесі деп білемін. Облыстың 967 түлегі «Алтын белгі», 1124 түлегі «Үздік аттестат» иегері атанды. Білім алушылардың жетіс­тік­терін мони­то­рингтеу нәтижесінде облыс оқу­шы­лары 4-сыныптар ара­сында республика бойынша үшінші, 9-сыныптар ара­сын­да екінші орынға ие болды. Бұл – жақсы нәтиже. Бірақ осы жетістік­тер­мен шектелуге бол­майды – деді облыс әкімі. Бұдан бөлек, аймақ басшысы педагогтердің біліктілігін арттыруды, жас мұғалімдерді қолдау және тәлім­герлік институтын күшейтуді, бала­лардың заңды мүдделері мен қауіп­сіздігін қамтамасыз етуді, әлеуметтік осал топтағы балаларға қажетті көмек көрсетуді, қосымша білім беру ұйым­дарының мүмкіндігін тиімді пайда­ланып, балалардың бос уақытын ұтым­ды ұйымдастыруды, сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерінің алдын алу­ды тапсырды. Сондай-ақ бүгінгі уақыт талабына сай білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізудің маңыз­дылығын, кәсіптік білім берудегі  жаңа­шыл бастамаларды жүзеге асыру­дың қажеттілігін  атап өтті.

Облыс әкімі марапат иелеріне Сыр халқының атынан құттықтау лебіз білдірді. Бұдан әрі қарай білім беру ісінде еселі еңбек етіп жүрген ұс­таз­­дар «Құрмет» орденімен, «Ерен ең­бегі үшін», «Шапағат» медалімен, «Қазақ­станның Еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен, Қызылорда облысының Құр­мет грамотасымен, «Қызылорда облы­сының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен, облыс әкімінің Алғыс хаты­мен, Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» ме­да­лімен, «Білім беру саласының үз­дігі» төсбелгісімен, «Орта білім беру ісi­нiң үздiгi» құрмет дипломы, Құрмет гра­мотасы, министрдің Алғыс хатымен марапатталды.

Жиында облыстық білім басқармасы­ның бас­шысы Асқарбек Есжанов, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төраға­сының орынбасары Жәмилә Есанова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Наурызбай Байқадамов, №10 Білім-инновация ли­цей-интернатының мұғалімі Нағиша Есбосын, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойын­ша департамент басшысы Ерлеген Мен­далиев баяндама жасады.

Облыстық білім басқармасының бас­шысы Асқар­бек Есжанов аймақтың білім беру жүйесі кейінгі жылдары тұ­рақты даму жолына түскенін атап өтті.

–  Аймақта 651 мектепке дейінгі ұйым, 327 мектеп, 28 колледж, 63 қосым­ша және 23 арнайы білім беру ұйымдары бар. Облыс әкімдігінің қолдауымен бү­гін­де білім саласында тың бастамалар мен жарқын жобалар жүзеге асырылуда. Нәтижесінде аймақтың білім көрсеткіші үш жыл қатарынан үздік деп танылды. Сондай-ақ бұл – аймақ ұстаздарының шәкірт тәрбиелеудегі шынайы шығарма­шылық ізденіспен еткен еңбегінің же­місі, – деді ол.

Жуырда Астана қаласында Мем­ле­кет басшысы  Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлының қатысуымен өткен ұстаз­дар­дың респуб­ликалық тамыз конференциясында Жа­лағаш ауданы Әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Шілдебаева «Қазақстанның еңбек сіңір­ген ұстазы» құрметті атағымен мара­пат­талды. Сондай-ақ үздік шәкірт тәр­­биелеп, Президент қабылдауында бол­­ған №9 «Білім-инновация» лицейінің ин­фор­­матика пәнінің мұғалімі Батыр Жар­қын «Шапағат» медалін иеленген еді.

«Орта білім беретін үздік ұйым» гран­тына Жаңақорған ауданындағы бі­лім бөлімінің № 286 мектеп-лицей ла­йық деп танылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы­ның, Үкіметтің ерекше қолдауымен 2022 жылдан бері 121 млрд теңгеден астам қаржыға 46 заманауи білім беру нысаны салынды. Аймағымызда көп жылдардан бері өзекті болған үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілді.

Биыл «AI-Kerim» балалар білім беру-сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. Орталық жыл сайын 8400 бала­ны қамтып, робототехника, бағдар­ла­малау, инженерлік жобалау және басқа да заманауи дағдыларды үйретуде. Бота­никалық білім беру орталығы да іске қосылды. Мұнда оқушылар биология, экология және ботаника бағыттарын тәжірибе жүзінде меңгеруде. Сондай-ақ Сыр түлектеріне «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық акаде­миясы, Оқушылар үйі қызмет көрсетеді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»