«Жасыл ел» жасағы маусымды қорытындылады

4

0

Өңір жастарынан құралған «Жасыл ел» еңбек жасақтарының маусымдық жұмысының қорытынды іс-шарасы «Сыр ана» монументінің жанында өтті. Оған облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов, жастар ұйымдарының өкілдері, еңбек жасақтарының жетекшілері мен белсенді жастар қатысты.

«Жасыл ел» еңбек жасақтарының құ­рамы бекітілген маусым бойы ел­ді мекендерді абаттандыру, көгалдан­ды­ру, санитарлық тазалық жұмыстарын жүр­гізу және қоғамдық орындарды кү­тіп-ұстау бағытында еңбек етті. Жас буынның белсенділігі өңірдің көр­кеюіне және қоршаған ортаның таза­лығын сақтауға өзіндік үлесін қосты.

Жиында сөз алған Руслан Мұхамед­әліұлы жастардың қоғамдық жұмыс­тарға белсенді араласуының маңыз­ды­лығына тоқталды.

– Жастар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі қоғамның белсенді күші. Ең­бекпен шыңдалып, туған жердің та­залығы мен көркеюіне үлес қосу –  аза­маттық жауапкершіліктің белгісі. «Жасыл ел» – жастарға еңбек етуге, ортақ іске жұмыла кірісуге және ел игілігіне өз үлесін қосуға мүмкіндік бе­ретін маңызды бастама. Сіздердің еңбектеріңіз – туған жерге деген жана­шырлықтың нақты көрінісі», – деді Р.Қаюпов.

Мемлекеттік деңгейде жүзеге асы­ры­лып жатқан «Таза Қазақстан» эко­ло­гиялық акциясына орай өткен жы­лы ұйымдастырылған «Жасыл ел» жа­­­сағы осы уақыт аралығында же­міс­­ті жұмыс атқарды. Айта кетейік, Қы­­зыл­орда қа­ласы мен аудандарда 30 бригада еңбек етті. Жас­тар­­дың қатысуымен об­­лыс кө­лемінде орна­ласқан мәдени-де­ма­лыс орында­рында (аллея, сквер, алаң­дар, парк­­тер) көгалдандыру, абат­тан­дыру жұ­­мыс­та­ры жүргізіліп, эколо­гиялық мә­де­ниет­­ті арттыруға бағытталған түрлі тақы­рыптағы іс-шаралар өткізілді.

Қорытынды іс-шарада еңбек мау­сымында белсенділік танытып, қоғам­дық жұмыстарға жауапкерші­лікпен қа­тысқан жастардың еңбегі атап өтілді. Ту­ған жердің тазалығы мен көркеюіне атсалысып, еңбек маусымында белсен­ділік көрсеткендерге аймақ басшы­сы­ның Алғыс хаты табысталды.

«СБ» ақпарат