«Көбі біле бермейді»: Ерлан Қарин туралы ел естімеген ақпар шықты

62

0

Фото: әлеуметтік желі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасының Вице-Президенті болып тағайындалды, деп хабарлайды Ozgeris.info

Бұған дейін Мемлекет басшысы Құрылтай отырысында Ерлан Қариннің кандидатурасын депутаттардың қарауына ұсынған еді. Дауыс беру барысында 141 депутат оны қолдап, төрт депутат қалыс қалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қариннің мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл еңбек еткенін және елдегі ауқымды реформаларды іске асыруға белсенді атсалысқанын атап өтті.

«Ерлан Қарин – елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, көкжиегі кең, тәжірибесі мол, отаншыл азамат», – деді Президент.

Вице-Президент мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқарып, билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Құрылтай депутаттарымен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істеп, Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің орындалуына атсалысады. Тағайындаудан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қаринді қабылдап, оған Құрылтаймен, Үкіметпен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президент атынан өкілдік етуді, мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелері бойынша Мемлекет басшысының ұстанымын жеткізуді тапсырды.

Ерлан Тынымбайұлы Қарин 1976 жылғы 26 мамырда қазіргі Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылында дүниеге келген.

1997 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған.

1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия және саясаттану факультетінде аспирантураны аяқтаған. Еңбек жолын Ақтөбеде мектеп мұғалімі ретінде бастаған. Кейін жоғары оқу орнында саясаттанудан сабақ беріп, ғылыми-зерттеу орталықтарында қызмет еткен.

2000–2003 жылдары Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігін басқарды. Осы кезеңде Премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі болды. Кейін терроризмге қарсы зерттеулермен айналысты.

2003 жылдан бастап саяси қызметке белсене араласып, «Асар» партиясында басшылық қызмет атқарды. Кейін Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі болды.

2008 жылы Президент Әкімшілігіне келіп, ішкі саясат саласында жұмыс істеді. Одан кейін «Нұр Отан» партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы қызметін атқарды.

2013–2014 жылдары АҚШ-тағы Америка университетінде шақырылған профессор болды.

2014 жылы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, ал 2017 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы болып тағайындалды.

2019 жылдан Президенттің кеңесшісі, кейін көмекшісі қызметтерін атқарды.

2022 жылы Мемлекеттік хатшы, кейін Мемлекеттік кеңесші болды. Бұл қызметте Ұлттық құрылтайдың және бірқатар консультативтік органдардың жұмысын үйлестірді.

2026 жылғы маусымда Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Сонымен қатар парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын басқарды және Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Ерлан Қарин – саяси ғылымдар кандидаты, Қазақстан саясаттанушылар қауымдастығының басшысы. 2018 жылдан бері Шанхай халықаралық зерттеулер университетінің құрметті профессоры. Ол «Барыс» орденінің I және II дәрежелерімен, «Достық» орденінің II дәрежесімен және бірқатар мемлекеттік медальмен марапатталған.

Ерлан Қарин жұбайымен бірге алты бала тәрбиелеп отыр. Олардың арасында Мәриям мен Сафия есімді егіз қыздары бар.