Дәрігер болу кәсіби біліктілікті ғана емес, үлкен жүректі, төзімділікті талап етеді. Әсіресе адам өмірі қыл үстінде тұрған сәттегі әрбір шешім мен әрекеттің маңызы зор. Осындай жауапкершілігі мол салада қызмет етіп келетін алтын қолды дәрігер Әбілмажит Нысанов Президент қолынан «Парасат» орденін алды.
Медицина саласының майталманы 1955 жылы Арал ауданына қарасты Қамыстыбас станциясында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң фельдшер мамандығын меңгерді. Әскери борышын өтегеннен кейін кәсіби білімін жалғастырып, Арал қаласындағы жедел жәрдем станциясында еңбек жолын бастады.
Жедел жәрдем қызметіндегі алғашқы жылдар оның дәрігерлік мамандыққа деген қызығушылығын одан әрі арттыра түсті. Адам өмірі үшін арпалысқан әрбір сәт, науқасқа жедел көмек көрсету, дұрыс шешім қабылдау – болашақ дәрігердің кәсіби қалыптасуына үлкен әсер етті.
1981-1987 жылдары Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының педиатрия факультетінде білім алып, дәрігер дипломын иеленді. Одан кейін Қызылорда облыстық ауруханасында «Анестезиология және реанимация» мамандығы бойынша интернатурадан өтті. 1987 жылдан бастап Қызылорда қалалық перзентханасының анестезиология және реанимация бөлімінде дәрігер анестезиолог-реаниматолог болып қызмет атқарып, кейін жауапкершілігі аса жоғары бөлімді басқарды.
Ол жылдары медицина саласында бүгінгідей заманауи құрал-жабдықтар мен медициналық аппараттар жеткілікті бола қойған жоқ. Ескі наркоз аппараттарымен жұмыс істеген мамандар үшін әрбір ауыр жағдай үлкен сынақ еді. Оның үстіне анестезиология және реанимация саласында білікті мамандар тапшылығы да сезілді. Осындай күрделі кезеңде дәрігерлердің кәсіби білімі мен тәжірибесі, шұғыл шешім қабылдай білуі аса маңызды болды.
– Ана мен баланың өмірін сақтап қалу үшін талай ұйқысыз түндер өтті. Кейде бірнеше сағат бойы тынымсыз жұмыс істеуге тура келетін. Әрбір ауыр жағдайдың артында бір отбасының тағдыры тұрды. Сондықтан дәрігер үшін ең үлкен марапат – ана мен баланың аман-есен өмірге қайта оралуы, – дейді дәрігер.
2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызмет сапасын бақылау саласындағы құрылымдарында қызмет атқарып, медициналық көмектің сапасын бақылау бағытында еңбек етті. 2012 жылдан бастап «Қазақ республикалық лепрозорийі» республикалық мемлекеттік мекемесінде бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, қазіргі таңда осы мекемеде дәрігер-терапевт ретінде кәсіби қызметін жалғастырып келеді.
Медицина саласындағы 40 жылдан астам жемісті еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Қазақстан дәрігерлері мен провизорлары Ұлттық қауымдастығының «Алтын дәрігер» төсбелгісімен марапатталған. Ал биыл Президент Жарлығымен «Парасат» орденінің иегері атанды. Бұл – оның медицина саласындағы көпжылдық қажырлы еңбегіне берілген жоғары баға еді.
– Бұл марапатты 40 жылдан астам уақыт бойы медицина саласында атқарған еңбегіме, денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесіме берілген үлкен құрмет деп білемін, – дейді ол.
Әбілмажит Нысановтың жары Гүлжихан Тасеменқызы да медицина саласының білікті маманы. Ол кәсіби еңбек жолын 1989 жылы №1 қалалық балалар емханасында учаскелік дәрігер-педиатр болып бастады. Кейін №2 қалалық емханада еңбек етіп, балалар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Одан кейін қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде учаскелік дәрігер-фтизиатр болып қызмет атқарып, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Басшылық қызметте де өз ісіне жауапкершілікпен қарап, саланың дамуына елеулі үлес қосты. Әр жылдары Жалағаш аудандық ауруханасы, облыстық наркология орталығы, Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарды.
Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесінің қоғамдық және ұйымдастырушылық бағыттарында да еңбек етті. «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы филиалы төрағасының орынбасары, Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарды. №3 қалалық емханада бас дәрігердің стратегиялық даму және ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары, облыстық жастар денсаулығы орталығының директоры қызметтерін атқарды. Кейін облыстық фтизиопульмонология орталығында директордың аудит жөніндегі орынбасары болды.
Көп жылдық еңбегі үшін Гүлжихан Нысанова да «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл медалімен марапатталған. Қызылорда облысы және Қазалы ауданы әкімдерінің Құрмет грамоталарын иеленген.
Бір шаңырақ астында өмір сүріп, бір саланың ауыртпалығын бірге көтерген ерлі-зайыпты дәрігерлердің кәсіби жолы – жас мамандарға үлгі. Олар үшін медицина – қызмет қана емес, өмірлік ұстанымға айналған мәртебелі мамандық.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





