Қала аумағында жалпы ұзындығы 98,6 шақырым 68 көшеде арық жүйесі бар, 4,4 шақырымға созылған үш көшеге ірі лоток, 68,6 шақырымдық 39 көшеге кіші лоток орнатылған.
Арық жүйелерін күтіп ұстау және қалпына келтіруге «Қызылорда тазалығы» мекемесінің жұмысшы тобы жұмылдырылған. Мамандар бекітілген жұмысты тұрақты жүргізуде.
Кеше облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, қала әкімі Нұржан Ахатов және жауапты сала басшылары Қызылорда қаласындағы нысандарды аралап, арық жүйелеріне су жеткізу, тазалау және абаттандыру жұмыстарын көрді.
Алдымен М.Шоқай, Ж.Абдрахманов көшелері мен Б.Шөкенов атындағы саябаққа барды.
Алдағы жоспар бойынша Қызылжарма каналы қайта жаңғыртылғаннан кейін насос қондырғыларын орнатып, бірқатар аумаққа аяқсу беріледі. Бұдан бөлек, Әйтеке би және Қазыбек би көшелеріндегі аяқсу жүйесін қалпына келтіру, насос арқылы су айналымын қамтамасыз ету көзделген. Сондай-ақ Бейбарыс сұлтан көшесі мен Н.Назарбаев даңғылынан М.Шоқай көшесіне дейінгі аралықтағы арық қалпына келтіріліп, аяқсу жүйесіне қосылады. М.Шоқай, Е.Көшербаев және Жеңіс көшелерін қамтамасыз етуде де тиісті жұмыстар қолға алынған.
Жауапты сала мамандары жұмысты белгіленген мерзімде, талапқа сай, сапалы етіп аяқтап, қаладағы аяқсумен қамту мәселесін тұрақты бақылауы керек.
Бұдан кейін аймақ басшысы тұрғындар жиі бас қосатын теміржол саябағына барды. Ондағы тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын тексеріп, нақты тапсырма берді.
«СБ» ақпарат





