Құрылтай

БЖЗҚ: Тәуекел табыс әкеле ме?

3

0

Фото: gov.kz

Зейнетақы жүйесінде ауқымды реформалардың бірі жүзеге асқалы отыр. Қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес, зейнетақы жинақтарын басқару тәртібі жаңарып, жұртшылыққа өз қаражатын басқаруда бұрынғыдан да кең мүмкіндік беріледі. Бұған дейін салымшылар міндетті зейнетақы жинақтарының тек 50 пайызын ғана жеке инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға аудара алатын. Жаңа заң күшіне енгеннен кейін бұл шектеу алынып, жинақтың 100 пайызын жеке басқарушы компаниялардың басқаруына бере алады. Бұл өзгеріс әр адамға жинағын қалай басқаруды өзі таңдауға мүмкіндік береді, яғни қаражатты бұрынғыдай БЖЗҚ-да қалдыруға да, инвестициялық табысты арттыру мақсатында жеке басқарушы компанияларға беруге де болады. Бұл – таңдау еркіндігін кеңейтуге бағытталған реформа.

Қаржы нарығында жоғары табыс әрдайым белгілі бір тәуекелмен қатар жүреді. Сондықтан жеке бас­қарушы компанияны таңдаған адам инвестициялық тәуекелді де өз мо­йнына алады. Заңдағы маңызды жаңа­лықтардың бірі – келер жыл­дан бастап жеке басқарушы ком­пания­лардың басқаруындағы қаражат бойынша инфляция деңгейіне қа­тысты мемлекеттік кепілдіктің бол­мауы. Енді инвестициялық табыс инфляциядан төмен болса, айыр­машылықты мемлекет өте­мейді. Дегенмен бұл басқарушы ком­пания­лардың жауапкершілігін азайт­пайды. Егер шығын олардың тиімсіз немесе кәсіби талаптарға сай емес басқаруының салдарынан туындаса, заңнамаға сәйкес олар келтірілген залалды өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.

Тәуекелге барғысы келмейтіндер үшін бұрынғы жүйе сақталады. Олар жинақтарын БЖЗҚ-да қал­ды­ра алады. Бұл жағдайда қара­жатты Ұлттық банк басқаруды жал­ғас­тырады және заңда көзделген мем­лекеттік кепілдіктер сақталады. Сон­дықтан реформа барлық адамның жеке қаржылық ұстанымына қарай таң­дау жасауына мүмкіндік береді.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕГЕ ЖАҚЫНДАУ

Сарапшылардың пікірінше, бұл өз­герістердің негізгі мақсаты – Қазақстанның зейнетақы жүйесін халық­аралық тәжірибеге бейімдеу. Көптеген елдерде жинақтарын бір­неше инвестициялық компания ар­қылы басқару мүмкіндігі берілген. Сонымен қатар негізгі мақсат – зей­нетке шыққаннан кейінгі тұ­рақ­ты табысын арттыру. Себебі инвес­ти­циялық табыс жоғары болған сайын болашақтағы зейнетақы мөлшерінің де өсу мүмкіндігі артады.

Қандай басқарушы компанияны таң­дасаңыз да, оның инвестициялық та­быс­­тылығы, тәуекел деңгейі, басқару тә­жірибесі мен комиссиялық төлемдерін мұ­қият зерттеу маңызды. Қаржы сала­сы­ның мамандары инвестициялық ше­шім­ді әлеуметтік желідегі пікірлерге емес, рес­ми ақпарат пен нақты қаржылық көр­сет­кіштерге сүйеніп қабылдауға кеңес береді.

МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛДІК БЕРЕ МЕ?

 Әлеуметтік желілерде «2027 жылдан бастап мемлекет зейнетақы жинақтарына кепілдік бермейді екен» деген әңгіме жиі айтылып жүр. Бұл жаңалық көпшілікті алаңдатқаны рас. Бұл туралы ЮЖЗҚ баспасөз орталығы ресми түсініктеме берген болатын.

– Зейнетақы төлемін алатын адам­дарға  мемлекет олардың міндетті жар­налары мен кәсіптік зейнетақы жар­наларының нақты енгізілген сомасын жинақталған инфляция деңгейін ескеріп сақтауға кепілдік береді. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл норма өзгеріп, мем­лекет нақты енгізілген міндетті жар­на­лардың сақталуына жауапты. Демек бұрынғыдай инфляция деңгейіне бай­ла­нысты өтемақы төлеу тетігі қолданыл­майды. Мемлекет зейнетақы жүйесін реттеуді бұрынғысынша жалғастырады. Ұлттық банк зейнетақы активтерін бас­қаруды жүзеге асырады, инвестициялау талаптарын белгілейді және тәуекелдерді бақылауда ұстайды. Сонымен қатар жеке инвестициялық портфельді басқару­шылардың (ИПБ) жауапкершілігі де заңмен күшейтілген. Егер олардың инвестициялық табысы белгіленген ең төменгі деңгейден төмен болса, айырмашылықты өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті, – дейді баспасөз қызметі.

САЛЫМШЫЛАР ҮШІН ҚАНДАЙ МҮМКІНДІК?

Қазір міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарының тек 50 пайызына дейін ғана жеке басқарушы компанияларға беруге мүмкіндік болса, енді оларды толық көлемде ИПБ басқаруына тапсыруға болады. Оның үстіне салымшы бір емес, бірнеше инвестициялық портфельді таң­дап, өзіне қолайлы стратегияны пайда­лана алады. Тәуекелі төмен немесе табысы жоғары бағыттардың бірін өзі шешеді.

Неліктен мемлекеттік кепілдік өзгертілді? Мамандардың айтуынша, инвес­тициялық басқарудың нарықтық жү­йесі кеңейген сайын бұрынғы инфляция деңгейіндегі мемлекеттік кепілдік өзінің эко­номикалық маңызын жоғалтады. Өйт­­кені енді әр адам  активтерді кім бас­қаратынын таңдай алады. Ал басқарушы компаниялардың жұмысы халықаралық қаржы нарықтарында қолданылатын көр­сет­кіштермен бағаланып, олардың жауап­кершілігі заңмен бекітіледі. БЖЗҚ-ның рөлі өзгермейді. Зейнетақы жи­нақтарын кім басқарса да, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры барлық салымшылар үшін бірыңғай есеп пен ақ­параттық орталық болып қала береді. Жұртшылық жеке зейнетақы шотындағы қаражаттың қозғалысын бұрынғыдай тәу­лік бойы көре алады. Сондай-ақ арнайы интернет-платформа арқылы әрбір бас­қарушының инвестициялық нәтижесін салыстыру мүмкіндігі қарастырылған.

Жаңа реформа зейнетақы жүйесін түбегейлі өзгертетін маңызды қадам болып отыр. Енді қаражатты басқаруда бұрынғыдан кең мүмкіндік беріледі. Алайда үлкен мүмкіндік үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Сондықтан әрбір салымшы қаржылық сауаттылығын арттырып, ше­шімді жан-жақты саралағаннан кейін ғана қабылдағаны жөн.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»