Қай елдің әдебиеттануын алмайық мейлі, көркемдік мәселесі аса күрделі мәселе, алайда бұған бармасақ шығарма туралы пікірдің толық және шынайы болмасы анық. Бұл мәселе кейде шығармашылық қиял, шығармашылық даралық, шығармашылық психологиясы мәселелерімен тұтасып та кетеді. Сондықтан зерттеулер мен пікірлерде көп жағдайда шығарма көркемдігі толық ашылмай қалып жатады.
Көркем аударма өнері – аса мехнатты өнер. Себебі, бұл өнер аудармашыдан білімділікті, тіл игеруді, көркемдік құпияларын түсінуді, дүниетаным кеңдігін, көркем шығармаға және авторға деген адалдықты, өзі аударып отырған және шығарма аударылатын тілге деген құрметті және т.с.с. талап етеді. Бір сөзбен айтар болсақ, аудармашы белгілі бір көркем туындыны санасына сәулелендіріп, оны екінші тілге жеткізеді.
Көркем аударма өнерінсіз әдебиеттің де, жалпы мәдениеттің де дамымасы белгілі. Бір қызық дерек: ұлы Гёте өзінің «Фаустының» француз тіліндегі нұсқасын оқып шығып, «Мен мына француз тіліндегі «Фаустан» кейін неміс тіліндегі өзімнің жазғанымды оқығым келмей қалды» деген екен. Аудармашы Жерар үшін бұдан артық қандай баға болмақ, автордың әлгіндей бағасы аудармашы үшін небір марапаттардан да артық екені белгілі емес пе?!
Енді Абай аудармаларына келер болсақ, ол орыс әдебиетінен 1882 жылдан бастап қазақ тіліне аудара бастаған. Ең бірінші аудармасы – орыстың атақты ақыны Лермонтовтың «Бородино» атты патриоттық өлеңінен үзінді. Абай аудармаларын зерттеушілер қазір орыс әдебиетінен оның елуден аса аударған өлеңдері барын айқындап отыр. Олардың ішінде мысалдар да, көңіл-күй және сатиралық лирика да, ұзақ өлеңдер де бар. Бұлардың ішінде «Қарға мен түлкі» екі түрлі нұсқада аударылған. Бұл жайт та Абай көркемдік ізденістерінің күрделілігін көрсетеді және оны ашу тек шығармашылық зертханасы мен шығармашылық психологияны тұтастыра қарағанда ғана мүмкін болмақ.
Орыстың атақты жазушы, ақындарын аударуда Абай тек қана қазақ емес, бүкіл шығыс елінде елеулі орын алады. Шығыс елінде 1889 жылға дейін Пушкиннің «Евгений Онегині» тек Әзербайжанда ғана аударылған. Евгений Онегинді сонан кейінгі аударған – Абай. Қазақпен салыстырғанда, ол кезде үлкен мәдениетті саналатын татар, өзбек, башқұрт, тағы басқа көршілес елдердің бәрінен бұрын Абайдың дүниежүзілік мәдениет мұрасының шаршы төрінен орын алған Пушкинді танып, Татьянаның үнін қазақ даласына жеткізуі – қазақ үшін мақтанарлық іс. Әрине, бұл да көркемдік ізденіс жемісі.
Абай аудармаларының табиғатына жалпы шолу жасасақ, ол орыс ақындарының кез келген өлеңін аудара бермей, таңдап, талғап аударғанын көреміз. Абайдың аударған өлеңдері не адамгершілік тақырыбына байланысты жаман мінез-құлықты шенеу, жақсылыққа үндеу, не патриоттық үлкен идеяны көксеген өлеңдер, не философиялық терең ой, не үздік көркем өлеңдер болып келеді. Крыловтың мысалдары, «Теректің сыйы», «Тұтқын», «Татьянаның Онегинге», «Онегиннің Татьянаға» жазған хаттары, тағы басқа осылар тәрізді көркем дүниелер.
Абай аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен. Өйткені, ең алдымен қазақ елі Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин тәрізді дүниежүзілік әдебиеттің ірі тұлғаларымен бірінші рет Абай арқылы танысты. Оларды қазақ өз ақындарындай сүйді. Абайдан кейін әдебиетті сүйетін қазақ баласының «Татьянаның хаты», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қанжар», «Жалғыз жалау жалтылдап» өлеңдерін білмейтіні аз шығар. Сөйтіп Абайдың аудармалары қазақ мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосты.
Енді аударманың құрылысы жағына келсек, Абай аудармаларын негізінде екі түрлі деуге болады: дәл көркем аударма және еркін аударма. Кей аудармалардың дәлдігі сондай – жолына жол түсіп, көркем кестеленеді және шумақ пен ұйқас түрлері сақталады. Дәл аудармаларының өзін шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай екіге бөліп қарауға болады: шумақ, ұйқас түрлерінің сақталуы және ырғақ, буынның қазақ өлеңінің ырғақ, буынына көшіп, өзгеріске түсуі, яғни, Абай аударған өлеңдерінің буынын қазақша дәл беруге мүмкін болмаса да, соған жақын келетін өлеңмен аударады. Кейде ұйқастарын, кейде тіпті образдарын да дәлме-дәл шығарады. Мәселен, Гётеден аударған Лермонтовтың «Қараңғы түнде тау қалғыбын» алалық.
Орысшасы:
Горные вершины
Спят во тьме ночной,
Тихие долины
Полны свежей мглой.
Не пылит дорога,
Не дрожат листы,
Подожди немного –
Отдохнешь и ты…
Қазақшасы:
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жол-дағы
Сілкіне алмас жапырақ,
Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ …
Осы өлеңнің аудармасына қатысты ертеректе М.Құрмановтың «Абай нұсқасы Лермонтовтен гөрі Гётеге өте жақын, тура неміс тілінен аударылғандай» дегенін де есіткен едік. Бұл да Абай көркемдік ізденісінің көкжиегі кең, шығармашылық қиялының Гётемен үндесіп кеткенін көрсетеді.Үндестік дегеннен шығады-ау, ұлылардың үндесуі деген әлі де зерттеуде түрен түспеген тың нәрсе. Мұны айтып отырғанымыз мына бір оқиғаға байланысты. Жазушы Қалмұқан Исабаев «Абайштрассе» деген кітабында Абайға Берлин қаласынан көше берілер салтанатқа Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін үнтаспаға жазып апарғанын және оны сол салтанат үстінде тыңдатқанын жазады. Сонан соң жиын біте оған бір неміс қариясы келіп: «Мына әнді қайдан алдың?» деп сұрайды. Бұл болса «Қайдан алғаны несі, бұл – Абайдың әні» демей ме. Содан кейін әлгі қарт мұны бір музыкалық студияға ертіп барып, бір күйтабақты тыңдатады. Қалмұқан ақсақал әлгіні естіп қатты таңғалады, тура Абайдың әні, егіздің сыңары дерсің. Сосын «Бұл не? Кімдікі?» –демей ме. Сөйтсе әлгі неміс қартының айтуынша сол Гётенің көзі тірісінде-ақ бір неміс композиторы ән жазған екен. Әлгі тыңдағандары сол ән көрінеді. Ал, бұған не дерсің? Абайдың неміс тілін білмегені де анық, Гётенің сөзіне біреудің ән жазғанынан хабары да болмағаны белгілі. Абай өз жүрегінің ырғағына бағынды, ән туды. Ал, екі әннің егіздің сыңарындай болуын қалай түсіндіреміз? Иә, мұны тек адам түсініп болмас тылсым, ұлылар үндесуі арқылы ғана жауаптандыра аламыз.
Енді осы шумаққа назар аударалық. Біріншіден, аударманың көркемдік сапасы жоғары, оған ешқандай дау тумайды. Алайда, қазақша нұсқаның түпнұсқа ретінде алынып отырған М.Лермонтов нұсқасынан ерекшелігі: Өмір шындығының көркем шындыққа айналуындағы дәлдік. Орысша нұсқада «Тау шыңдары түн тұңғиығында ұйықтауда» деп көрсетілсе, Абай «Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетер балбырап» – дейді. Салыстырып қараңыз, қайсысында көркемдік басым. Әрине, Абайда, себебі, мұнда құр суреттеу емес, жан бар, әрекет бар. Ал, Абайдың «Даланы жым-жырт дел-сал қып, Түн басады салбырап» дегенін қалай түсінесіз? Әуелі сәл ой жіберсеңіз «Ойбай-ау, түннің салбырағаны несі?» деп таңғаларыңыз анық. Ал түн неге салбырайды? Осыған жауап іздеп көрелік. Егер сіз далада кешкі мезгілде бола қалсаңыз, күннің қызарып көкжиекке батып бара жатқанын, ең соңында кішкентай ғана сәуле сызат болып қана көрінерін, ал одан жоғары жақтың барлығы қап-қараңғы болып келе жатқанын көресіз, яғни, қараңғылық жоғарыдан түсіп келеді. Қазақтың қараңғылық келді, не қараңғылық болды деп емес, қараңғылық түсті – деп қолданатыны да осыдан. Бұдан шығатын қорытынды – түн де жоғарыдан түсіп келеді. Ал, осыны Абайдың дәл бергені сондай «Түн басады салбырап», – деп жан бітіре суреттейді. Егер, дәл осылай ой жіберсеңіз ғана өлең құпиясын ашады, әйтпесе одан түк ұқпайсыз. Түсіну, тұшыну деп отырғанымыз да – осы. Бұл да Абайдың аударма өнеріндегі көркемдік ізденістерінің бір бағыты. Бұл бағыттағы аудармаларға «Жалғыз жалау жалтылдап», «Қонады бір күн жас бұлт» және т.б. атауға болады.
Абайдың дәл аудармаларының келесі бір түрі ретінде «Онегиннің сипаты» (Пушкин), «Қанжар», «Жолға шықтым», «Теректің сыйы», «Дұға», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Еврей күйі» (Лермонтов) атты өлеңдерін атауға болады. Бұл аудармаларда орыс тіліндегі нұсқаның буыны, ұйқасы сақталмайды, өлең буындарының аз-көбіне қарамай, барлығы да қазақтың он бір буынды қара өлең ұйқастарымен аударылады. Бірақ бұларды біздің дәл аудармалардың қатарына қосуымызға мүмкіндік беретін және бәріне тән бір нәрсе – түпнұсқадағы автор ойының толық сақталуы, ондағы образдарға дәл келетін қазақша балама – образды сөз табуы, өлең көркемдігіне нұқсан келмеуі.
Мазмұн да, мазмұнды берудегі образ, сөз мәндері дәлме-дәл келеді. Дәл, яғни адекватты аударманың осы түріне жатар «Қанжар», «Дұға», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Теректің сыйы», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Еврей күйі» – бәрі де ұйқас, буын сандарын сақтамағанмен, мазмұнын, образдарын бұлжытпай дәл беру әдісімен аударылған. Бұл да Абайдың тәржіма өнеріндегі көркемдік ізденістерінің нәтижесі.
Абайдың көркем аударма өнеріндегі көркем ізденістерінің келесі бағытын еркін аударма деп атауға болады. Мұндай аудармалар қатарында «Онегиннің Татьянаға жазған хаттары», Крыловтан аударған кейбір мысалдар және қара сөзді өлеңмен аударған «Вадим» поэмасын атауға болады. Бұл шығармаларда кейде дәл аударма мен еркін аударма үлгілерінің араласа жүруі де кездеседі. Бұл аудармаларда шығарма негізі сақталып, олардың жалпы мазмұнын Абай өз сөзі, өз ұғынуынша көркем кестеге салады. Бірақ жалпы сарыны, ізі сақталынады. Кейде өз жанынан сурет, баяндаулар қосып, кейбір жерлерін мүлде тастап кетеді. Кейде орыстың ол кездегі жоғарғы топтарының өмірінде аузына түспейтін сөздерді де Абай Татьянаның аузына салады:
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірімде,
Мен де сорлы, бақыты кем…
Бұл тұста Абай оқырманға адалдық ұстанымын темірқазық етеді яғни, шығарманың қазақ жұртына түсініктілігін мақсат етеді. «Евгений Онегин» романында қаспақ сөзінің жоғы былай тұрсын, оны орыс ақсүйектері білмеуі де мүмкін. Ал Абай «Қаймақ еді көңілімде, бізге қаспақ болды жем» деп үлкен мағына, үлкен ойды осы екі тармаққа сыйғызып жіберіп отыр.
Абай аудармаларының тағы бір ерекшелігі – қазақ тілінің көркемдік құндылығын, құлаққа қонымды, көңілге жағымдылығын жете біліп, талғап, қазақшаға аударғанда шығарманы түпнұсқасындағы дәрежеде сақтай алуы. Бұл – аудармашыларда өте сирек кездесетін қасиет.
Пушкин, Лермонтов, Крыловтар ұлы таланттар, ал олардың шығармаларын келесі бір тілге жеткізушілер де аса талантты болуы керек. Ал Абай аудармалары кейде оның көркемдік деңгейді түпнұсқадан да асырып жібергенін көрсетеді. М.Лермонтов өлеңіне назар салалық.
Лелейная рука тебя мне поднесла,
В знак памяти, в минуту расставания,
И в первый раз не кровь вдоль по тебе
текла,
Но светлая слеза – жемчужина страданья.
И черные глаза, остановясь на мне,
Исполненны таинственной печали,
Как сталь твоя при трепетном огне,
То вдруг тускнели, то сверкали…
Қазақшасы: Еркелі нәзік қолымен маған тиді,
Ұмытпа деп айрылған жерде берді.
Қан сорғалар жүзіне жас сорғалап,
Қайғымен өртенгеннің белгісі еді.
Қара көз қарап маған көп қадалған,
Құпия қайғы өртеніп бойын алған.
Болатша дірілдеген жалын көрген,
Бір күңгірт тартып және оттай жанған.
Байқағанымыздай түпнұсқадағы көркемдік қазақша нұсқаға сол қалпында көшкен. «Лелейная рука» дегенді «әсем», «аппақ», «сұлу», «жіңішке» деп аударса да мағынадан аулақ кетпес еді, алайда, Абай толып жатқан синонимдерден «нәзік қол» дегенді өте дұрыс, орынды таңдайды және еркелі – деген сөзді қосып мағына бояуын сәндей түседі.
Лермонтов: Как сталь твоя при трепетном огне,
То вдруг тускнели, то сверкали, – десе, Абай да сол орыс тіліндегі күрделі теңеу көркемдігіне нұқсан келтірмей:
Болатша дірілдеген жалын көрген,
Бір күңгірт тартып және оттай жанған, – деп ғажап жеткізеді. Қызығы жеткізіп қана қоймайды Абай бұл тұста да көркемдік деңгейін түпнұсқадан әлдақайда жоғары көтереді. «Жалын көргенде болатша дірілдеу» өлең кестесіне жан бітіре, ойға жетелері хақ.
Абай аудармаларындағы түпнұсқа мазмұны дәлме-дәл аударылған «Менің сырым, жігіттер, емес оңай» («Я не хочу чтобы свет узнал») деген өлеңнің көлемдері екі тілде де он алты жолдан. Бұлай аудару үлкен шеберлікті танытады. Айта берсе, Абай аудармалары шетінен оның асқан талант иесі екенін дәлелдеп қана қоймайды, оның көркемдік жолындағы ізденістері де көп қырлы екенін көрсетеді. «Көңілім менің қараңғы, бол-бол ақыл» шығармасы да осындай шығармалардың бірі. Бұл – Байронның «Моя душа темна» атты туындысын еркін аударған Лермонтов нұсқасы. Орысша нұсқасы ақынның көзі тірісінде «Отечественные записки» журналында басылып, кейін өзінің жинақтарында басылған.
Бұл одан соң Абай аудармасына түпнұсқа рөлінде болып отыр. Абай осы өлеңнің алғашқы сегіз жолын ғана аударған. 1933 жылға дейінгі жинақтарда «Бол, бол ақын» «Бұлбұл ақын» болып басылып келген екен. Алғашқы басылымдарда «Еврей күйі» деп берілген. Мәтіндерді салыстыратын болсақ. Түпнұсқада:
Душа моя мрачна! Скорей, певец,
скорей!
Вот арфа золотая:
Пускай персты твой, промчавчейся
по ней,
Пробудят в струнах звуки рая.
И если не навек надежды рок унес,
Они в груди моей проснутся,
И если есть в очках застывших
капля слез –
Они растают и прольются, – делінсе, аударма нұсқада:
Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын!
Алтынды домбыраңмен келші жақын.
Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,
Бейіштің үні шығар қоңыр салқын.
Егер сорым түбімен әкетпесе,
Керек қой көңілді үміт тебірентсе.
Қатып қалған көзімде бір тамшы жас
Төгілмей ме, бой жылып, ол да ерісе?!
Аударманың өте сәтті шыққаны дәлелдеп жатуды қажет те етпейді. Лермонтовтың ойы, көңіл-күйі аудармада анық, дәл түпнұсқадағыдай берілген. Абай «арфа» сөзін «домбырамен», «звуки рая» тіркесін «бейіштің үні» деп қазақ оқырманы ұғымына сай етіп аударған. «Пускай персты твой, промчавчейся по ней» дегенді «Ішек бойлап он саусақ жорғаласа» деп тармақтың да баламасын ұйқасқа қарай да, мағынаға қарай да тауып қолданған. Жалпы Абай аудармаларындағы көркемдік ізденістер үнемі толығып, дамып отырады.
Абайдың М.Лермонтовтан еркін аударған шығармаларының бірі «Жалау» атты өлең. Орыс тіліндегі «Парус» атты өлеңді 1899 жылы Абай еркін тәржімалағанда шығарма көлемін сақтаған, өлең орыс ақынында да он екі жол, қазақ ақынында да он екі жол. Шарқ ұрып іздену, алдан үміт күту – Абайдың бірталай шығармаларының басты сарыны. Сондықтан оның Лермонтовтың «Парус» атты алғыр ой, ұшқыр қиялға суарылған өлеңіне назар аударуы әбден түсінікті. Лермонтовтың осы бір ықшам ғана лирикалық шығармасында қылқалам шеберінің қолынан шыққандай әдемі табиғат суреті мен сыршыл ақынның көңіл тебіренісі әсерлі ұштасқан. Өлеңнің композициялық құрылымына көз салсақ, үш шумақта да алдымен шетсіз, шексіз дарияны, толқын ұрған желқайықты және теңіздің үстіндегі алас ұрып, арман қуған қайықшыны айқын елестететін нақтылы суреттеме бірнеше сөзбен ғана беріледі де, оған желқайықтағы адамның көңіл-күйін білдіретін авторлық лирикалық толғам сөздер қосылып отырады. Шығарма басындағы Лермонтовта:
Белеет парус одинокий
В тумане моря голубом, –
Что ищет он в стране далекой?
Что кинул он в краю родном? –
деп келетін шумақты Абай:
Жалғыз жалау жалтылдап,
Тұманды теңіз өрінде,
Жат жерде жүр не тыңдап?
Несі бар туған жерінде? –
деп тәржімалайды.
Орысша нұсқадағыны кәдімгі қара сөзбен жеткізер болсақ, «Тұманды көк теңізде жалғыз желкен ағараңдайды» деп айтар едік. Осы тұста Абайдан кейін Қасым Аманжоловтың осы шығарманы «Желкен» деген атпен аударғанын да айта өткен жөн. Алайда, күллі ел осы шығарманы әлі күнге дейін Абай аудармасымен білуде. Тағы да мағыналық талдауға жүгінелік. Абай неге «Жалғыз жалау жалтылдап, тұманды теңіз өрінде» деп аударды? Міне, осы тұстан Абай таланты, Абай кереметі бой көрсетеді. Бәлкім, жаратушымнан, бәлкім шығармашылық қиялдың асқақтауы, Абай бұл шығарманы түпнұсқадағы кей логикалық олқылықтарды жоя, керемет көркемдік деңгейге жеткізеді. Абай өмірінде теңіз көрмеген, алайда, күнде теңіз, өзен маңында жүргендерден гөрі табиғат тылсымын тереңнен ұққан. Теңіз жағасында өскен бізге белгілі жайт – тұманның теңізде өте төмен түсетіндігі. Бәтір-ау, Абай соны қалай дөп басқан. Егер тұман теңізде төмен түссе желкенді қайықтың көрінбеуі де заңдылық қой. Мұндай жағдайда діңгек басындағы жалаудың ағараңдап көрінері де ақиқат. Міне, Абай «жалғыз жалау жалтылдап» дегенде тура осыны айтып отыр. Одан соң орысшы нұсқада «теңіз өрі» деген ой жоқ. Абай аудармасын оқып отырып, «Алла-ау, қалай білген?» деп еріксіз таңғаласың. Себебі, теңізде жүзгендер ғана білетін сурет қой бұл. Теңізде қайықта келе жатқан адамға жағалау көп төмен жатқандай көрінеді. Өйткені толқынның қайықты да, кемені де көтеретіні анық. Ал, жағалауда тұрған адамға теңіз ортасында келе жатқан қайық та, кеме де биікте келе жатқандай көрінеді. Осыны Абай қалай дөп басты екен деген ой мені әлі мазалайды. «Тұманды теңіз өрінде». Ғажап.
Соңғы екі тармақтағы жат жерде «не тыңдап» жүр, туған жерінде «несі бар» деген қазақша келісті табылған баламалар (орысша «что ищет?», «что кинул он») желқайықтағы адамның бейнесін көзге елестетуге мүмкіндік береді. Екінші шумақтағы: «Играют волны, ветер свищет,
И мачта гнется и скрипит», –
дегенді Абай:
«Ойнақтап толқын, жел гулеп,
Майысар діңгек сықырлап…» деп тәржімалап, түпнұсқаның көркемдік бояуын айнытпай, байыта жеткізеді. Бұл да нақтылы табиғат көрінісі, көзбен көріп, қолмен ұстайтындай анық, әсерлі сурет. Бұл да көркемдік ізденіс жемісі.
Жалпы, Абай аудармаларындағы көркемдік деген тақырып үлкен-үлкен ғылыми зерттеулердің еншісіндегі мәселе. Алайда, әлі күнге дейін біз оның көркем аудармасын шығармашылық даралық аясында қарай алмай келеміз. Бұл мақалада ұлы ақынның аса талантты аудармашы екенін көрсетер бір-екі мысалға ғана тоқталдық. Себебі, бұл бір мақаламен шешіле қоятын жайт емес. Абай аудармаларын талдағанда да бірнеше талдаулар түрін тұтастыра қолдану керек. Біздің бұл мақаладағы мақсатымыз – оқырмандар назарын ұлы Абай шығармашылығында көркем аударма өнерінің ерекше маңызға ие екенін, оның аудармаға қатысты көркем ізденістерінің көп қырлы екенімен қалың оқырманды таныстыру ғана. Абай шығармашылығы жыл өткен сайын көркемдік қуаты айқындала асқақтай түсетіні де, оны ғылыми зерттеу жұмыстарының жалғаса беретіні де даусыз. Абай шығармашылығы тек оның туған күндеріне ғана байланысты емес, үнемі, тұрақты оқылып, насихатталуы керек. Бұл ел руханияты үшін қажеттілік деп білген жөн.
Алдажар ӘБІЛОВ,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі






