Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай облыс көлемінде ұлы ақынның ғибратты ғұмыры мен әдеби мұрасын арқау еткен түрлі тақырыптағы мәдени-көпшілік іс-шаралар өтті. Оған руханият өкілдері, кітап оқырмандары, қарапайым тұрғындар қатысып, лайықты үн қосты.
Айталық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Абай аллеясында өткен «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты әдеби-сазды кеште бөлім басшысы Айдын Қайруллаев көпшілікке ізгі тілегін білдіріп, ақынның әрбір шығармасы – адами құндылықтың өлшемі, сондықтан ұрпақ тәрбиесінде қашан да маңызы зор екендігін атап өтті.

Кеш аясында ақын, ұлы ағартушы Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, жасөспірім көркемсөз шеберлері ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Сонымен қатар, автордың көпке танымал әндері орындалып, қала өнерпаздарының концертіне ұласты. Қатысушыларға түрлі викториналық сұрақтар арқылы көрермендер ақын мұрасын тағы бір мәрте еске алды. Сондай-ақ кешке қатысушы қала тұрғындары, қарапайым еңбек адамдары ақын жырларын оқып, әндерін шырқағаны өте әсерлі болды.
Қазақтың бас ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын жас ұрпаққа кеңінен таныту, ұлттық әдебиет пен өнерге деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған танымдық кеш осылайша өз мәресіне жетті.
Бұдан бөлек, қалаға қарасты М.Ерәлиева атындағы Мәдениет үйінде «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Онда «Ақ қауырсын» көркемсөз оқу үйірмесінің қатысушылары ақын өлеңдерін әсерлі оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Мәдениет саласының үздігі» Ләйла Насимханова, мәдениет үйінің өнерпаздары Жұмабай Шерниязов, Қуаныш Алғазиев Абай әндерін шырқап, ақынның шығармашылығының тереңдігі мен көркемдігін паш етті.
«СБ» ақпарат





