Құрылтай

Тыңнан түскен көлік дәлізі Сырға серпін береді

2

0

Өткен апта басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы елдегі үш маңызды жол құрылысын бастауға пәрмен берді. Бұл – «Қызылорда-Сексеуіл», «Бейнеу-Сексеуіл» және «Ұлғайсын-Сексеуіл» автобаны. Телекөпірде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жобаларға әзірлік туралы баяндады. Құрылысты 2029 жылға қарай аяқтау жоспарланған.

Әсіресе, Президент 800 шақырымдық «Бейнеу-Сексеуіл» бағытындағы тың жолдың құрылысы басталғанына ерекше тоқталды.

– Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» ретінде қызмет етеді. Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порт­тарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. Халқымыздың таным-түсінігінде құдық қазу, көпір салу сауапты іс саналады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, біз игілігі баршаға ортақ, яғни өзіміз де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауапты жұмысты бастап отырмыз. «Бейнеу-Сексеуіл» бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды «Арал-Каспий магистралі» деп атаған дұрыс, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, ұзақтығы 774 шақырымды құрайтын «Қызылорда-Сексеуіл», «Ұлғайсын-Сексеуіл» жол­дарын кеңейту, түбегейлі жаңғырту жұмыстарын ай­тып өтті. Белгілі болғандай, бұл екі жобамен отандық ком­паниялар айналысып, 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жол толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетпек.

– Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жал­ғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру…

…Арал маңындағы иен даламен тартылып жатқан жолдар бұған дейін тұйық нүкте саналып келген бағыттарды Еуразияның негізгі көлік дәліздерінің тоғысына айналдырады. Бүгін бастау алып жатқан жұмысты уақытылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды. Қажетті жағдайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға амандық, сәттілік және табыс тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Енді аталған үш жобаға жекелей тоқталсақ. Жоғарыда айтқандай, жаңа­дан басталатын «Бейнеу-Сексеуіл» авто­жолының 189 шақырымы біздің өңірге тиесілі. Салынатын жол құрылысы Арал ауданына қарасты Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман және Сексеуіл кенті жанынан жүреді.

– Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порт­тарымен тікелей байланыстырады. Сон­дай-ақ «Қызылорда-Сексеуіл» авто­жолы арқылы Қытайдан келетін жүк Қызылорда арқылы Ақтөбе, Атырау, Ақтау бағыттарына және әрі қарай Еуропа елдеріне жеткізіледі. Бұл облыстың көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, өңірдің инвестициялық тартым­дылығын күшейтпек, – дейді облыстық жо­лаушылар көлігі және автомобиль жол­дары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.

Басқарма басшысының сөзінше, құ­­ры­лыс кезінде жол бойынан ха­лық­ара­­­­лық стандарттарға сай сер­вистік инфра­­­құрылым тартылады. Атап айт­сақ, жанар-жағармай құю стан­ция­ла­ры, техникалық қызмет көрсету ор­­та­­­лық­­тары, қонақүйлер, қоғамдық та­­мақ­­­тану орындары, демалыс ай­мақ­та­ры, сани­тарлық тораптар, жүк кө­лік­те­ріне ар­налған тұрақтар, логис­тикалық ор­та­лықтар және қойма кешендері ашылады.

– Бұған жеке инвесторлар тартылып, шағын және орта кәсіпкерліктің да­муы­на қолайлы жағдай жасалады. Нә­ти­же­сінде жаңа жұмыс орындары құры­лып, халық­тың жұмыспен қам­тылуы артады. Жер­гілікті бюджетке түсе­тін салық кө­бейеді. Жалпы халық­ара­­лық транзит ағы­нының артуы Қы­зыл­ордадағы көлік-логистика, сауда, қыз­мет көрсету және туризм саласының да­муына ықпал етеді. Өңірдің инвес­ти­ция­лық тартымдылығын арт­тырып, инвес­тор­лар үшін жаңа мүм­кін­діктер ашады. Меніңше, «Бейнеу-Сексеуіл», «Қы­зылорда-Сексеуіл» авто­жолдары жай ғана өңірлік емес, Ұлы Жібек жо­лы­ның заманауи жалғасы ретінде Қытай мен Еуропаны жалғайтын халықаралық кө­лік дәлізінің маңызды бөлігі, – дейді ол.

Иә, үш ірі жол инфрақұрылымның «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі мен Транскаспий бағыты арқылы жүк тасымалының өсуіне байланысты қажет болғаны рас. Мамандар пікірінше, енді Қорғас пен Ташкенттен басталған жүк легі Шымкент пен Қызылорда арқылы Сексеуілге тоғысады, әрі қарай Ақтау порты арқылы Бакуге жөнелтіледі.

– Ең маңыздысы, жобалар іске ас­қан соң жолдың өткізу қабілеті бір­неше есеге артып, қарсы бағытқа шығу сал­дарынан болатын жол-көлік оқиға­ларының қаупі төмендейді. Сонымен қатар, жол жүру уақыты қысқарып, тасымал тиімділігі артады. Техникалық параметрлер халықаралық талаптарға сәйкестендіріліп, қозғалыс қауіпсіздігі мен көлік қатынасының жай­лылығы едәуір жақсармақ. Ал кәсіп­керлікті да­­мыту мақсатында жол бойында сер­вистік аймақтарды жай­ластыру жос­пар­лы түрде жүреді, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық фи­лиалының директоры Жасұлан Керімқұлов.

Филиал директорының айтуынша, «Бейнеу-Сексеуіл» автомобиль жолы­ның Қызылорда облысы аумағында 32 қиылыс, 17 кірме жол, 5 демалыс алаңы, 14 аялдама, 30 су өткізу құбыры жос­парланған. Екінші ірі жобаның бірі «Қызылорда-Сексеуіл» жолын қайта жаңғырту кезінде 9 жол айрығы, 14 көпір, жол бойында сервистік аймақтар қарастырылған. Бұл жобаның құны 832,8 млрд теңге. Құрылыс Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарының аумағын қамтиды.

Ал «Ұлғайсын-Сексеуіл» жобасы 312 шақырымдық құрылыс болып саналады. Құны 762 млрд теңгеге шыққан авто­жолдың 97 шақырымы біздің өңірден өтеді. Аталған үш жобаны іске асыру шартында бір жыл жобалау, үш жыл құрылыс жүретін болса, жеті жыл күтіп ұстау жұмыстары қарастырылған.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»