Құрылтай

«Жасыл ел» – азаматтық мектеп

2

0

Жыл сайынғы үрдіс бойынша қазір «Жасыл ел» еңбек жасағы жер-жерде жұмыс жасап жүр.

Қорқыт ата аллеясында сенбілікке атсалысып жатқан осындай еңбек жасағының бір топ сарбаздарымен облыс әкімі Мұрат Ергешбаев кездесті.

Емен-жарқын жүздесуде аймақ басшысы табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау өркениетті қоғамның басты құндылығы екенін атап өтті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өңірімізде ауқымды жұмыс атқарылуда.

Шілде айының басында күшіне енген халықтық Конституцияда табиғатты қор­ғау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағи­даты алғаш рет заң деңгейінде бекітілді. Ендігі жерде қоршаған ортаға жанашырлық таныту – әрбір азаматтың конституциялық парызы.

Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі, Прези­дент саябағы, бүгінгі сенбілік өтіп жатқан Қорқыт ата саябағының жаңаша келбетке енуі – өңіріміздің әлеуметтік инфра­құры­лымын жаңғыртуға бағытталған жүйелі саясаттың жемісі. Осындай игі істердің бел ортасында әрдайым «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары жүреді. «Жасыл ел» – маусымдық жұмыс емес, жастарды еңбекке баулитын, елжандылыққа тәрбиелейтін, қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыратын үлкен азаматтық мектеп. Бұл жоба арқылы мыңдаған жас алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, туған жердің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

Биыл жобаға 21 жыл толды. Осы уақыт ішінде «Жасыл ел» өз тиімділігін дәлелдеп, жастар саясатының ең табысты жобаларының біріне айналды. Туған өлкеміздің тазалығы мен көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Сенбілікте аймақ басшысы жастармен экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөнінде еркін пікір алмасты.

Өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысуымен 118 саябақ, сквер, аллея және қоғамдық демалыс орындары көгалдандырылып, 12 гектар аумақ тұр­мыстық қалдықтан тазартылған. Биыл 1200-ден астам жас осы игі іске атсалысып, өңірдің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосуда. Жасақ сарбаздары арнайы киім­дермен, құрал-жабдықтармен қамтылған.

Сонымен қатар, облыс әкімі «КБИ», «Бәйтерек» шағын аудандары мен Жап­пасбай батыр көшесіндегі тазалық, абат­тандыру және балалар ойын алаңдарының жағдайын, Сағымбаев көшесін қайта жаң­ғырту жұмыстарын көріп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырма жүктеді.