Құрылтай

Таңшолпанның түйелері

3

0

Қазалы ауданында тұратын Таңшолпан Файзрахманованы жергілікті жұрт түйеші келіншек ретінде таниды. Бір емес, екі қызыл дипломы бар кейіпкеріміздің таңдаған жолы өзгеше. Бір мамандығы – бухгалтер-экономист, екіншісі – бастауыш сынып мұғалімі. Алайда ол мамандығы бойынша қызмет етіп, мансап қуған жоқ. Керісінше ауыл тіршілігіне білек сыбана кірісіп, бүгінде атакәсіптің бір қырын заманауи тәсілмен дамытып келеді.

Таңшолпан осыдан 14 жыл бұрын Қазалыға келін болып түскен. 2019 жылдан бері жолдасы екеуі Шәкен ауылдық округіне қарасты Сайқұдық елді мекеніне қоныс аударып, мал шаруашылығымен айналысып келеді.

– Әуелгі кезде шөп шауып, оны сатып күнелттік. Кейін жер алып, қой, сиыр, жылқы басын көбейттік. Түйе шаруашылығына ден қойғалы бес жылға жуықтады. Кәсібіміз екі бас түйе сатып алудан басталды. Өзім бала күнімнен бұл түлікті көріп өстім, әкем де түйе асырады. Сондықтан маған таңсық болған жоқ. Бес жылда 50-ге жуық түйе жинаппыз, – дейді Таңшолпан.

Түйе шаруашылығын қолға алған отбасы бүгінде мал басын көбейтіп қана қоймай, одан алынатын өнімді де тиімді пайдаланып отыр. Ойсылқара тұқымы негізінен екі жылда бір боталайды. Дегенмен, кейіпкеріміздің қорасында жыл сайын 8-9 бота дүниеге келеді. Таңшолпан күнделікті бес түйе сауып, одан шамамен 10 литрдей сүт алады.

Сауын түйелерінің әрқайсысына ат қойған. Төрт түліктің мінез-құлқын бес саусағындай білетін ол олардың да өзіне бауыр басқанын айтады. Тіпті қасына өзге адамды жуытпайтын көрінеді.

– Бәрі маған еркелеп тұрады. Өздері адам сияқты, сағынады. Екі-үш күн үйде болмасам, келгенімде алдымнан жүгіріп шығады. Иығыма басын қояды. Жанары мөлдіреп тұрады. Жараланған, құрттап кеткен кезде көзінен әдеттегіден көп жас ағады. Мен оны жанына батқан соң жылап тұр деп түсінемін, – дейді ол.

Таңшолпанның түйелері әлеуметтік желі қолданушыларына да жақсы таныс. Ол TikTok-тағы парақшасын бір­не­ше жылдан бері белсенді жүргізіп ке­леді. Бастапқыда ауылдың күнделікті тыныс-тіршілігін көр­сету мақсатында видео түсірген. Кейін оқыр­мандардың түйелерге деген қызығу­шылығы басым екенін байқаған.

– Блогерлікпен алғашқыда көпшілікке ауылдың күнделікті тыныс-тіршілігін көр­­сету үшін айналысып жүрдім. Ал қа­зіргі кезде халыққа көбіне түйелермен түскен видеоларым өтеді. Осындай жазбаларымнан кейін түйе шаруашылығына қызығып, кеңес сұрағандар өте көп. Тіпті түйеме құда түскендер болды, – дейді кейіпкеріміз.

Оның ішінде Еркоша есімді түйесінің орны бөлек. Былтыр бір азамат Еркоша­ны 2 миллион теңгеге бағалап, сатып алуға ұсыныс жасаған. Алайда Таңшолпан қи­мас­тықпен ұсыныстан бас тартыпты. Ол кезде бір түйенің нарықтағы бағасы шамамен 1 миллион теңге болса, биыл оның құны 1 миллион 400 мың теңгеге дейін жеткен.

Кейіпкеріміз түйе сүті, құрт пен шұ­бат сатудан да табыс тауып отыр. Бар­лығын қосқанда, отбасының ай сайынғы табысы 500-600 мың теңгеден асады. Таң­шолпанның айтуынша, түйе шаруа­шылығы өзге түлік түрлеріне қарағанда аса қиын емес. Оның табиғи ерекшелігі де – осы.

– Түйе шаруашылығы басқа түліктер­ге қарағанда аса қиын емес. Өйткені түйе өзімен-өзі жүреді, өз тамағын өзі тауып жейді. Шөлге төзімділігі сондай, есігіміздің алдында ағып тұрған бұлаққа бармайды. 10-15 күн, кейде бір ай бойы сусыз жүре береді. Бұл – көп күтімді қажет етпейтін жануар. Бағасы қымбат, еті тәтті, сүті мен шұбаты пайдалы. Табысы отбасымызды асы­рауға әбден жеткілікті, – дейді ол.

Түйе шаруашылығын қолға алғысы келетіндерге де өз тәжірибесімен бөлісіп, түлікті жергілікті жерден алған жөн екенін айтады. Оның сөзінше, басқа өңір­ден әке­лін­ген түйе жаңа ортаға бірден үй­ренісе қой­майды, тіпті бұрынғы мекенін іздеп қашып кетуі де мүмкін.

Екі қызыл дипломы бар Таңшолпан бүгінде мамандығы бойынша емес, атадан балаға жалғасқан кәсіптің соңында жүр. Бухгалтерлік есеп пен бала оқыту­дан гөрі қорадағы түйенің жайын жақсы білетін ол үшін бұл – жай ғана кәсіп емес, отбасының нәсібі. Ал әлеуметтік желі арқылы ауыл тіршілігін көрсетіп, түйе шаруашылығын насихаттауы – атакә­сіптің де заманға бейімделе алатынының бір көрінісі.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»