Аурудың алдын алудың басты амалы

4

0

Елімізде адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы егу 2024 жылдан бастап қолға алынды. 11 жастағы қыздарды жоспарлы түрде және 12-13 жастағы қыздарды толықтыра иммундау жүргізілуде. Енді бұл профилактикалық шара 14-17 жас аралығындағы қыздарды да қамтиды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова айтты.

Спикердің айтуынша, вакциналаумен қамтуды кеңейту халықтың сұранысы мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғау қажеттілігіне байланысты қолға алынған.

– Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпиде­миологиялық бақылау комитетіне АПВ-ға қарсы вакцинацияға қатысты азаматтардан көптеген өтініш келіп түсті. Осыған байланысты Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы қабылданып, 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыз балаларды ерікті негізде вакциналау енгізілді. Бұл – жатыр мойны обырының және АПВ-мен байланысты өзге де қатерлі аурулардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам.

Облыста жыл басынан бері 11-13 жастағы қыз балаларға екі мыңға жуық екпе салынды. Оның ішінде 1604 адам бірінші дозасын, 1213 адам екінші дозасын алды. Мамандардың айтуынша, вакцина алғандар арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелмеген, – дейді спикер.

Вакциналау барысында 4 валентті «Гардасил» екпесі қолданылады. Бірінші доза кез келген таңдалған күні салынады. Екінші доза алғашқы екпеден кейін 2 айдан соң, ал үшінші доза 6 айдан кейін егіледі.

Вакцина білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде және емханалардың егу кабинеттерінде жүргізіледі. Сонымен қатар, шалғай елді мекендер мен қажетті жағдайы жоқ білім беру ұйымдарында арнайы көшпелі егу бригадалары жұмыс істейді.

– Вакцина міндетті емес, тек ата-анасының немесе заңды өкілінің ақпараттандырылған келісімі арқылы жүргізіледі. Басты мақсат – жасөспірім қыздардың денсаулығын сақтап, онкологиялық аурулардың алдын алу, – дейді Әлия Әбдіқайымова.

Дәрігерлердің айтуынша, адам папилломасы вирусы – әлемде ең кең таралған инфекциялардың бірі. Ол ұзақ уақыт бойы белгісіз өтіп, кейін жатыр мойны обырына және басқа да қауіпті дерттерге әкелуі мүмкін. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АПВ-ға қарсы вакцинаны жатыр мойны обырының ең тиімді алдын алу тәсілі ретінде ұсынады.

Бүгінде аталған вакцина әлемнің көптеген елінде кеңінен қолданылып келеді. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі халықаралық зерттеулер арқылы дәлелденген. Мамандардың пікірінше, екпе жасөспірім шақта салынған кезде ағзада вирусқа қарсы тұрақты иммунитет қалыптасады.

Сала мамандары ата-аналарды қыз баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық екпелердің маңызын түсінуге шақырады. Себебі вакцина – тек бір баланы қорғау ғана емес, қоғам денсаулығын нығайтудың маңызды тетігі.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы