Тарих бетінде қоғамда өшпестей үлгі қалдырған зиялы қауымның ізі мен тауқыметті де өнегелі өмірі жатыр. Солардың қатарында өзіндік орны бар Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы педагогика ғылымдарының докторы, информатика доценті, педагогика профессоры, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі, асыл азамат, еліміздің білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан білгір маман Сабыр Қариұлының бұл дүниеден өткеніне де бес жыл болып қалған екен.
Сабырмен таныстығымыз 1986 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына оқытушылық қызметке орналасуымнан басталды. Ол 1956 жылы 6 маусымда Арал ауданы, Қамбаш ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң отбасына қарайлаcып, бір жылдай «Жамбыл» колхозында балықшы болып жұмыс істейді. Сосын Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетіне түсіп, аталған оқу орнын «Есептеу математикасы және программалау» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Қызылорда қаласындағы орта кәсіптік училищеде информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген.
Нағашы әжесі Ұрхияның ертегілер мен батырлар жырын қайталап оқытып, бала кезде қалыптастырған тәрбиесінен болар, ілімге, ғылымға деген қызығушылығы Сабырды Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтына алып келді. Мұнда оқытушы, инженер-программист, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, Мәскеу қаласына екі жылдық тағылымдамаға жіберілді. Аталған тағылымдаманы бір жылда игеріп, Ресей Білім Академиясының (КСРО ПҒА, Мәскеу қаласы) білімді ақпараттандыру орталығындағы аспирантурасына түсті. Информатиканы оқыту әдістемесі мен теориясы мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесін иеленді. Ол кезде ғылым кандидаты дәрежесін алу материалдық жағынан сауын сиыр алғандай, ал рухани жағынан өзіңе деген сенім орнығып, қызметтік өсуіңе жол ашылатын. Мерзімінен бұрын қорғаған Сабыр елге диплом ғана емес, ұжымға жаңашылдық, компьютерлендіру екпінін ала келді.
Қазақстанда алғашқылардың бірі болып жүйені ақпараттандыруды қолға алған білікті маман – Ресей Білім Академиясы ақпараттандыру орталығының докторантурасында оқып, докторлық диссертациясын мерзімінен бұрын сәтті қорғаған Қазақстандағы алғашқы ғылым докторы. Сабыр Қариұлы қаншама жетістікке қол жеткізгенмен, адами қалпынан ешбір ауытқымаған, досқа, әріптеске деген адалдығын сақтаған, сенімін ақтаған қарапайым жан еді.
Сол кезде компьютердің тілін жете меңгерген, ақпараттандыру әлемін әріден еңсерген Мәскеуден келген ғылым докторына қызықпаған адам кемде-кем шығар. Оның үстіне көпшілік түсіне қоймаған жаңа терминдерді сөз арасында әңгімесінің тұздығына қосып, айналасындағыларға басқа әлемнен келген адамдай әсерлі айтатын. Университет басшылығы жаңадан ашылған құрылым «Экономика және менеджмент» оқу-ғылыми кешенінің директоры қызметіне лайықты деп санады. Мәскеуден жиған тәжірибесі мен көрген-білгені Ресей – Қазақстан заманауи гуманитарлық университеті Қызылорда филиалының ректоры қызметіне алып келді.
Сабыр Қариұлы 2000 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шақыруымен Астана қаласына қоныс аударды. Бойына дарыған елгезек қасиетімен аз уақытта елмен етене араласып, осы жерден жанына жақын жақсы ағалар, ізіне ерген ізетті інілер, адал айнымас достар мен әріптестер тапты. Жұмыста жақсы қырынан танылған маманды бағалап, Жоғары мектеп проблемасы ғылыми-зерттеу институтының директоры, педагогикалық институт директорының орынбасары, педагогика кафедрасының меңгерушісі, информатика кафедрасының профессоры қызметтеріне тағайындады.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Ақпараттық жүйелер және есептеу техникасы» кафедрасының меңгерушісі, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясының вице-президенті, Білімді Ақпараттандыру орталығының директоры қызметтерін абыроймен атқарды.
Сабыр Қариұлы мемлекеттік органдарда сарапшы, кеңесші, Білім және ғылым министрлігі «Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі» мамандығы бойынша эксперттік кеңестің төрағасы, сондай-ақ бірнеше диссертациялық кеңестің мүшесі болған кезінде қол ұшын берген еңбегі елдің есінде, азаматтардың жадында. Ол оқытудың инновациялық технологиясы бойынша ғылым докторын және бірнеше ғылым кандидаттарын даярлады.
Студент кезінде бас қосқан Қалия екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Мағжан, Мейіржан, Аруназ, Әлимансұр сияқты немерелерінің сүйікті ата-әжелері. Сабырдың аңғалдығы мен аңқаулығын, майда-шүйдеге мән бермейтін мәрттігін батырдың болмысына санаған Қалия ұмытқанын есіне салып, келген-кеткенін түгендеп, азаматын қадірлеуден танбады. Қаншама жыл жарының жан азабына қанатымен су сепкен қарлығаштай дауа іздеп, соңғы сәтіне дейін қызметін жасады. Балалары мен немерелерінің қызығын көріп ұзақ ғұмыр кешсін деп тілейміз.
Сабыр досымыз тірі болғанында 70 жасқа толып, торқалы тойын атаған болар едік. Алайда, оның жарқын бейнесін санамызда сақтаулы, жадымызда жаттаулы күйінде еске алумен шектелеміз. Бұл – жазмыштың жазуы, Тәңірдің берген тағдыры. Жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын!
Бахытхан АБДИКАРИМОВ,
Қызылорда ашық университетінің проректоры, физика- математика ғылымдарының докторы, профессор





