Жалағаш: Күрішті ауданның кәсіпте де көші ілгері

6

0

Фото:

Өңірде құрылыс, өндіріс, инфрақұрылымды дамытуда тың жобалар бар. Әсіресе, аудан мен ауылда атқарылған іс көп. «Көгілдір отынмен» қамтылған, мемлекеттік бағдарламалар игілігін көріп, кәсіп ашқандар саны артқан, ауызсу мен аяқсу шешімін тапқан, қайта түлеген әлеуметтік нысандар ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Баспасөз туры аясында жолға шыққан журналист жылт еткен жаңашылдықты қалт жібермеуге тырысады. Осы орайда кезекті сапар Жалағаш ауданында жалғасты.

Ауданда ауыл шаруашылығы саласында жарқын жобалар жүзеге асып жатыр. Жылда күріштен жақсы өнім алып келеді. Кейінгі кездері бақша өсіру, көкөніс егуге бетбұрыс байқалады. Өңдеу өнеркәсібі де өрлеген. Шаруасын ширатып, жүйелі үйлестіріп отырған жемісті жұмысының куәсі болып қайттық.

Елу жылда ел жаңа

Сапарымыз Ақсудан бас­­талды. Ауданға ең жақын ауыл. Ара­қашық­тығы үш шақырым. Ауылға кір­ген­нен қала­ның күйбең тіршілігінен бір сәтке арылғандай әсер алдық. Алқаптан келе жатқан диқан, өріске бет алған мал, мектепке асыққан ұстаз, әңгіме-дүкен құрған қариялар. Міне, ауылға тән қалыпты тіршілік, әдемі көрініс. Бізді ауыл әкімі Марат Шілдебаев қарсы алды. Мұндағы атқарылған жұмысты көрсетіп, ауылды араладық. Мектеп, балабақша, әлеуметтік нысандар заман тала­бына сай. Аудан іргесінде орналас­қандықтан халық «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Негізгі кәсіп – егін, оның ішінде күріш шаруашылығы.

Жалағаш: Күрішті ауданның кәсіпте де көші ілгері

– Биыл ауылдың құрылғанына 50 жыл толды. «Елу жылда ел жаңа» демекші, уақыт ырғағымен тіршілік түлей түсті. Мұнда 1650-дей халық тұрады, 330 үй бар. 12 көше болса, оның 5-і асфальтталған. Әлеуметтік нысандар ел игілігіне қызмет етіп тұр. 2024 жылы газ келіп, тұрғындар көмір жағып, күл шығарудан босады. Ауызсу толық қосылған. Аяқсу мәселесі де шешімін тапқан. «Әйтек» каналын пайдаланамыз. Біздегі негізгі мәселе – жол.  Биыл үш көше жөнделеді. Қаражат бөлініп, тиісті жұмыс басталды. Атап айтар болсақ, М.Әуезов, Т.Қожақұлов және Ақбөгет көшесіне тас төселіп, асфальттауға дайын тұр. Жауапты мердігер – «РИА Сервис ЛТД». Келер жылы тағы үш көше қайта жаңғырады. Сондай-ақ былтыр Беркінбай Бекниязұлы көшесі толық жөндеуден өтіп, асфальтталды, – дейді Марат Тыныштық­байұлы.

Ауыл әкімінің айтуынша, кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтар саны артып келеді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, іс бастағандар көп.

Мемлекет басшысы «Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек» деген болатын.

Мемлекет тарапынан да қолдау көп. Оның айқын дәлелі – Ақсу ауылы. Мұнда жол-көлік инфра­құрылымын дамы­туда нақты жобалар жүзеге асырылуда.

Балаларға базарлық

Келесі бағыт кенттегі «Tatti kids» балалар ойын-сауық ке­шені болды. Ғимарат заманауи үлгімен бой көтерген. Екі қа­батты нысанда бала­лар үшін барлық жағдай қарас­тырылған. Бірінші қабатта тамақтану орны мен дүкен болса, екінші қа­батта ойын алаңы орналасқан. Нысан иесі Мира Бейсенбаева 2012 жылы кәсіпкерлікке бет бұрыпты.

Жалағаш: Күрішті ауданның кәсіпте де көші ілгері
Жалағаш: Күрішті ауданның кәсіпте де көші ілгері

– Ең алғаш наубайханадан бас­тадық. Ісіміз берекелі болып, кәсі­біміз кеңейді. Кейін кенттен ойын-сауық ғимаратын салдық. Жоба құны 150 миллион, оның ішінде 20 млн теңгеге «Қызылорда өңірлік инвес­тициялық орталығынан» жеңіл­де­тілген несие арқылы қол жеткіздік. Нәтижесінде биыл қаңтар айында нысан пайдалануға берілді. Басты мақсат балалардың уақытын тиімді ұйымдастыру болды. Кү­ніне 30-40 бала келеді. Мереке күні екі есеге дейін артады. Мұнда бес адам жұмыспен қамтылған, қазіргі уақытта қосымша жастарды да қабылдадық, – дейді ол.

Ғимарат үздіксіз жұмыс іс­тейді. Мұнда жеңілдік те қарас­тырылған. Атап айтар болсақ, көп­балалы ана­лар, ерекше балаларға 25 пайыз жеңіл­дік бар. 1-13 жас аралығындағы балаларға кіруге рұқсат етілген.  Осылайша за­ма­науи талапқа сай бой көтерген жаңа орта­лық аудан тұрғындары үшін сауда мен демалысты қатар ұштастыратын қолайлы кеңістікке айналып отыр.

Жаңа алаң жастарға тиімді

Жыл басында ашылған футбол алаңына келуші көп. Жеке кәсіпкер Орынбек Ілиясов жастарды спортқа баулу үшін бала күнгі арманын жүзеге асырды.

Жалағаш: Күрішті ауданның кәсіпте де көші ілгері

– Спортқа бала күнімнен қызықтым. Ол кезде қазіргідей мүмкіндік болмады. Ойын алаңын көбіне өзіміз қолдан жасайтынбыз. Қазір басқаша. Алаңды салудағы мақсат бұқаралық спортты дамыту болды. Нысан ашылғалы үлкендер мен балалар көп келеді. Ақылы қызмет көрсетеміз. Ересектерге, кішкен­тайларға бөлек баға. Тіпті жаттықтырушылар өздері әкеліп, дайындық жүргізеді. Жоба құны 67 миллион, биыл қаңтар айында ашылды. Жасанды газонның сапасы жоғары. Бастысы талапқа сай, – дейді ол.

Алаң ангар үлгісінде салынған, ұзындығы 42 болса, ені 23 метр. Біз барғанда балалар кезекті жаттығу жасап, ойын қызып жатты.

Ойыншылардың бірі Ербол Қанибай футбол алаңына жиі келеді. Бесінші сыныпқа өтіпті. Осында достарымен футбол ойнайды. Ол жоғары санатты стандартқа сай алаңның ашылғанына қуанышты. Себебі дайындық жүргізуге қолайлы. Ербол өскенде футболшы болуды армандайды.

Орынбек кәсіпкерлікпен 2017 жылдан бері айналысады. Құрылыс материалдарын өндіреді. Мемлекеттік бағдар­ламаның игілігін көріп, жарқын бастамасын іске асырып отыр.

Спорт қолжетімді болғанда ғана бұқаралық сипат алады. Ал бұқаралық спортты дамытумен ұлт саулы­ғы нығая түсері анық. Жас ұрпақ – ел болашағы. Олардың дені сау, шымыр да шыныққан, саламатты болып өсуіне бұқаралық спорттың тигізетін пайдасы зор. Жастарға осындай мүмкіндікті жасаған ел азаматы көп болсын.

Агроиндустриялық кластер құрылуда

Баспасөз-туры барысында аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін, өнеркәсіп саласында 8,3 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін айтты.

Жалағаш: Күрішті ауданның кәсіпте де көші ілгері

– Кейінгі төрт жылда мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында 1085 жоба қаржыландырылды. Биыл жыл басында 7 жоба қолдауға ие болды. Инвестиция тарту бағытында жұмыс жүйелі жалғасуда. Аудан экономикасына 291,7 млрд теңге инвестиция тартылды.

Сондай-ақ аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 94 пайыз болса, ауылішілік жолдың жағдайы 86 пайыз.

Кәсіпкерлік саласында серпін бар. Бүгінде 2617 кәсіпкер тіркелсе, басым бөлігі тұрақты жұмыс істеуде.

Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Былтыр «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 33 жоба қаржыландырылып, 35 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл 29 жобаға қаражат бөлінеді. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасының «Amanatnesie.kz» цифрлық платформасына 59 жобаның құжаты енгізілді. Ақпан айында 11 жоба қаралып, 7-і мақұлданды. Наурызда 22 жоба қаралып, 16 жоба қолдау тапты.

Қазір ірі жобаның бірі – «Харвест Агро Холдинг» компаниясының агроин­дус­триялық кластері құрылуда. Жоба аясында алғашқы кезеңде 8,7 мың гектар суармалы жерге жүгері егілсе, екінші кезеңде 32 мың гектар алқапқа жүгері, соя және техникалық қарасора орналастырылады.

Жалпы 68 миллиард теңгеден асатын инвестиция тартылып, ауыл шаруашы­лығы өнімдерін терең өңдейтін заманауи өндіріс орны құрылмақ. Жаңа өндіріс орны жоғары технологиялармен жабдықталып, 140 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Қазір инфрақұрылым жұмыстары қарқын алған. «Қараөзектен» суару арналары тартылып, 142 жаңбырлатқыш қондырғы орнатылуда. Бұл су ресурстарын тиімді пайдаланып, үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект элементтері енгізіліп, аграрлық саланы басқарудың жаңа тетіктері қолданылуда, – дейді Әліби Қодарұлы.

Былтыр жол жөндеуге бағытталған 46 жоба жүзеге асты. Елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету бағытында нәтиже бар. Бүгінде аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. 447 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып, алғашқы тоқсанда 30 жұмыс орны құрылды.

Тауықтан табыс тауып отыр

«Ауыл аманаты» жобасы Жалағаш ауданында нақты нәтижесін көрсетіп келеді. Соның бірі – жеке кәсіпкер Ержан Құлмаханның құс шаруашылығы. Кәсіпкер есіктің алдынан қора салып, тауық өсіруге кіріскен. Еңбекке ебі бар адам кәсіптің көзін табады, табыс та түседі. Ержан инкубатор құрылғысын  алыпты, енді жаздай балапан шығарады. Күнделікті тірлігіне баласы қолғабыс етеді. Тауықтың бір түрі ет бағытында, бірі жұмыртқа бағытында. Еттісі – бройлер. Қорегі жақсы болса, салмағы қосыла береді. Тапсырысқа сай сойып та сатады. Жұмыртқаға сұраныс тіпті жоғары екен.

Жалағаш: Күрішті ауданның кәсіпте де көші ілгері

– Бұл – отбасылық кәсіп. «Ауыл аманаты» жобасына қатысып,  2,5 миллион теңге қаражат алдық. Алдымен 200 тауық, құрал-жабдығын түгендедік. Тауық санын көбейту үшін екі инкубатор алып, балапан шығарудамыз. Бастапқы кезде 100-ге жуық балапанды сатып жібердік. Енді екі күннен кейін тағы 150 балапан шығады. Қазір табиғи өнімге сұраныс жоғары. Жұмыртқасы 80 теңгеден сатылады. Бәрі де еңбекке байланысты. Тауық та табыс көзі деуге болады. Көктемде жұмыртқа бастыру науқаны басталды, – дейді ол.

 Қазір кәсіпкер ет бағытындағы «Адлер» және жұмыртқа бағытындағы «Ломан Браун» тұқымды 200 тауық өсіруде. Айтуынша, инкубаторға салған жұмыртқаны дұрыс баптаса болғаны. Баптаудың да әдіс-тәсілі бар. Құрылғыны ашып суытады, су себеді, тағысын тағы. Сөйтіп, 20 күннен кейін тауықтың балапаны жарып шығады. Ал күркетауық жұмыртқасын инкубатор емес, құстың өзі басады екен.

Байқағанымыз, тауық бағып, жұмыртқа сатудан түсетін пайда аз емес секілді. Әлбетте, ол үшін еңбектену керек.

Ауызсу жүйесі жаңғыртылуда

Бағытымыз – Есет батыр елді мекені. Онда ауызсу жүйесі қайта жаңғыртылып, кеңейтілген. Бұл жұмысқа республикалық бюджеттен қаражат бөлінген. Құрылыс жұмысын «Бақ-Береке 2023» ЖШС жүргізуде. Ауылдағы су жинау мұнарасының тозығы жеткен. Қыста бұзылып, халық әбігерге түсетін. Бұл мәселе де шешімін тапты. Былтыр жаңадан су жинау мұнарасы орнатылып, ішкі көру құдықтары жаңартылды.  Қазір жұмыс қарқынды жалғасуда, шілде айына дейін аяқталады. Бұл жөнінде аудандық оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің басшысы Ғани Дүйсекбаев кеңінен тарқатып берді.

Жалағаш: Күрішті ауданның кәсіпте де көші ілгері

– Ауылға ауызсу беру үшін 2009 жылы жаңа су қоймасы салынған болатын. Содан бері жөндеу көрмей, ішкі желілері істен шыққан. Осы кезге дейін су мұнарасымен халыққа су бердік. Кейінгі уақытта осы мәселені көтеріп, қаражаты шешілді. Құрылысы «Бақ-Береке 2023» ЖШС-на жүктелді. Былтырдан бері елді мекеннің ауызсуы тоқтамас үшін бірінші су жинау мұнарасы орнатылды. Биыл су қоймасының ішкі желілері, оның ішінде 10-15-тен құдық ауыстырылды. Бірінші жерасты ұңғымасы 450 метр шамасында қазылған. Сол бірінші көтерме ұңғыманың сыртқы нысаны жөнделсе, екінші ұңғыма станциясының ішкі және сыртқы бөлігі жарамсыз болып, қайта жөнделіп, жаңа насос қойылады. Ал электр станциясы жарық өшкен жағдайда автоматты түрде қосылып, халық ауызсуды тұтына береді. Енді елді мекен ішіндегі су желілері жөнделеді, – дейді ол.

Мұндағы темір-бетоннан жасалған су құдықтарының ішкі жабдықтары толық жаңартылып, әрбір тұрғын үйге заманауи радиомодульді су есептегіш құрылғылары орнатылады.

Иә, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған мұндай маңызды жобалар ауданның тұрақты дамуы мен елді мекендердің әлеуетін арттыруға негіз болмақ.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»